"Әлихан әлемі" кітабының тұсаукесері өтті

"Әлихан әлемі" кітабының тұсаукесері өтті
Фото: gbtn.ru

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында қазақ тарихындағы көрнекті тұлға, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған шараларды қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Мәмбет Қойгелді, Айгүл Ісімақова, Бейбіт Қойшыбаев, Орынай Жұбаева, Қайырбек Кемеңгер сияқты танымал ғалымдар, тарихшылар, алаштанушылар және басқа да "Алаш" қозғалысының көшбасшысының тарихи, мәдени мұрасын зерттеушілер қатысты.

Шара барысында Қазақ Географиялық Қоғамының қолдауымен шығарылған, ұлағатты ғалым, ағартушы, саясаткердің өмірі мен шығармашылығына арналған "Әлихан әлемі" кітабы таныстырылды. Басылымдағы материалдардың біраз бөлігі ҚазГео ұйымдастырған ғалым, ағартушы, саясаткер Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық экспедиция барысында жинақталған.

Еске сала кетсек, өткен жазда алаштанушылар, тарихшылар мен журналистер тобы көрнекті ғалымның Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде өмір сүріп, еңбек еткен жерлеріне барып қайтты. Атап айтсақ, экспедиция маршруты Ақтоғай-Карағанды-Қарқаралы-Семей-Омбы-Петербор-Выборг-Минск-Самара-Орынбор-Мәскеу қалаларын қамтыды.

Баспагерлердің сөзінше, "Әлихан әлемі" кітабы оқырмандарды Әлихан Бөкейханның өмірі мен еңбектеріндегі қызықты деректермен таныстыру мен насихаттауға бағытталған.

“Мен кітапты басып шығарудағы көмегі үшін Қазақ Географиялық Қоғамына алғысымды айтамын. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Ә.Бөкейханның еңбектері бойынша географиялық және атаулық көрсеткіш келтірілген. Бұл ақпарат Әлихан Бөкейханның тоғыз томдық шығармалар жинағын талдау барысында құрастырылды. Оның көмегімен ғалымның мұрасын зерттеушілер қызықтырған материалдарын оңай таба алады. Екінші бөлімге «Алаш» көшбасшысының мұрасы бойынша зерттеулерім мен ҚазГео экспедициясының нәтижелері енгізілді. Экспедиция барысында көрнекті ғалым және ағартушы жайлы бірегей ақпарат жинадық. Кітапқа Ә.Бөкейханның еңбектерінде аталып өткен танымал тарихи тұлғалардың фотографиялары мен баспасөз басылымдарының суреттері қосылған”, - деп атап өтті Қайырбек Кеменгер.

Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан қазақ тіліндегі алғаш география және астрономия оқулығының авторы ретінде танымал. Ол Орыс Географиялық Қоғамының мүшесі болды, патшалық және совет билігі кезінде де бірнеше ғылыми-географиялық экспедицияларға қатысты. Ә.Бөкейханның 150-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар ЮНЕСКО аясында Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде атап өтілді.

Y. Almabek