«A'Studio» тобы Алматы және Астана қалаларында концерт береді

Аты аңызға айналған «A'Studio» тобы өзінің 25 жылдық мерейтойының құрметіне орай, Алматы және Астана қалаларында жеке шығармашылық кешін өткізеді.

Қазан айының 9-жұлдызында Алматыдағы Республика Сарайында, 10 қазанда Астана қаласындағы Орталық концерт залында өтетін концертте топ мүшелерімен қатар, Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, Сергей Лазарев, Владимир Пресняков (кіші), The Jigits, "Дуэт L", Томас Н'эвергрин өнер көрсетеді.

Ширек ғасырлық мерейтойын кеңінен атап өтуді топ Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайынан бастаған-ды. Гастрольдік сапар Ресейдің бірқатар қалалары мен алыс-жақын шетелдерде жалғасуда. Мәскеудегі концерттен кейін топ мүшелері қазақстандық тыңдармандарына алдында өнер көрсетуге бел буған. Концерттің бас продюсері Арман Дәулетияровтың айтуы бойынша, бұл концертке келетін жұртшылық бұрын-соңды болмаған кештің куәсі болмақ. Отандық сахнада жанды дауыс, би мен әуенді тоғыстырған көріністер, 3Д форматындағы қойылымдар болады.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Алматы мен Астана қалаларында болатын концерттер үшін арнайы Мәскеуден дыбыс және бейне құрал-жабдықтар жеткізіледі.

Концерт билеттерінің сатылымы басталып кетті. Құны 8000 мен 30000 теңге аралығындағы билеттер кассалар мен ғаламтор беттерінде онлайн тәртіпте сатылатын болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет: astudio.ru