Жұлдызды жаңалықтар

Жұлдызды жаңалықтар

Өнер жұлдыздары өз жаңалықтарымен бөлісуде.

Роза Әлқожа бейнебаян түсіруге дайындалуда

Әнші, ақын, сазгер Роза Әлқожаның көрермен қауымнан сұрайтын сүйінші жаңалықтары көп-ақ. «Қазақ радиосы» ұйымдастыратын ән шеруде әншінің «Иман келтіру», «Мен сыйға тартқан орамал» әндері I орынға табан тіреді. Сондай-ақ, әнші «Сырдария» (сөзін жазған ақын Назгүл Бердіқожа, орындайтын Заттыбек Көпбосынов), «Жүрекке әмір жүрмейді» (сөзі Бақыт Бабаштікі) т.б. әндерді жарыққа шығарды. Әншінің ұлы Жанарыс биыл сүндетке отырғызылып, мектепке дайындық сыныбына оқуға барды.

Роза Әлқожа:

«Менің бойтұмар әніме айналған «Мен сыйға тартқан орамалды» әнші Еркін Нұржановпен бірге дуэт болып жаздырып, өткен жылғы шығармашылық концертімде орындаған едік. Бұл әнімізді тыңдармандарымыз жылы қабылдады. Ел көңілінен шыққан соң, әнге бейнебаян түсіруге бел будық. Қазір бейнебаян желісін ойластырып жатырмыз. Амандық болса, түсірілім жұмысын қазан айында бастамақ ниеттеміз. Сондай-ақ, қараша айында Еркін екеуміз Қытай еліне гастрольдік сапармен барып, концерт береміз»

«Алдаспан» тобы «Қазақ барысы-2012» турнирінде өнер көрсетеді

Астана қаласында қыркүйектің 22-жұлдызында «Қазақ барысы-2012» турнирі өтеді. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан шараға «Алдаспан» тобы да қатысады. Топ мүшелері сайысқа түсетін палуандарды қолдап, «Барыс» әнін орындайтын болады.

«Барыс» әні - қазақша күрес сайысының ресми әнұраны. Ән арнайы тапсырыспен жазылған. Сөзін Роман Бұрқашев бауырымыз, ал әуенін тобымыз мүшесі Шамшаддин Омаров жазған. «Барыс» әні жақында ғана тұсауы кесілген «Ұлы көш» күйтабағына енді. 12 күн ішінде 3D форматында бейнебаян түсірдік. Қазір ол өңделіп жатыр. Алдағы күндері жұртшылық назарына ұсынамыз. «Барыс» әнін сенбі күні Астана өтетін жарыста жанды дауыста орындайтын боламыз,» - дейді топ жетекшісі Нұржан Тойшы.

«Арт-Дала» тобы концертке дайындық жасап жатыр

«Арт-Дала» тобы қазан айында өтетін «Алтын Батыр» стэп-би тобының жеке шығармашылық кешіне дайындалып, жаңа шығармалар жаздыруда.

Дариға Қабдырова, «Арт-Дала» тобының мүшесі:

«Еліміздегі «Алтын Батыр» бірегей би тобы қазан айында Алматыдағы Республика Сарайында жеке шығармашылық кешін ұйымдастырғалы жатыр. «Арт-Дала» мен «Алтын Батыр» бұрыннан бері шығармашылық байланыс орнатқан. Астана, Қарағанды қалаларында өткен бірқатар концерттік кештерде бірлесіп өнер көрсеткенбіз. Енді, мінекей, алматылық көрермен алдында өнерімізді ортаға салуға дайындалып жатырмыз. Тобымыздың шығармашылығы жайлы айтар болсақ, жаңа туындылар жаздырып, ән қоржынымызды толықтыру үстіндеміз»

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер жұлдыздардың жеке мұрағатынан және alashainasy.kz сайтынан алынған

Ғ. Ұзақ