Алматыда Цирк өнерінің Бүкіләлемдік фестивалі өтеді

Алматыда Цирк өнерінің Бүкіләлемдік фестивалі өтеді

Алматы қаласында қыркүйек айының 15-16 күндері Цирк өнерінің Бүкіләлемдік фестивалі өтеді. Игі шара «Мәдениет жылы» аясында Алматы күніне орай шаһар әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына цирк өнерінің ең үздік қойылымдарын тарту етеді.

Шараға Германия, Италия, Франция, Қытай, АҚШ, Ресей, Украина елдерінен келген цирк өнерінің майталмандары қатысып, «Алтын тұлпар» басты жүлдесін алу үшін өзара бәйгеге түседі. Шетел өнерпаздарымен бірге Қазақстан атынан үш бірдей өнер иелері бәйгеге қол жеткізуге тырысады. Бас жүлдеге кім лайықты екенін АҚШ, Латвия, Франция, Ресей, Украинадан келген атақты цирк өнерінің хас шеберлерінен құралған әділ қазылар алқасы шешетін болады.

Айта кететін жайт, цирк фестивалі 37 рет Монте-карлода, 20 рет Будапешт қаласында, 10 рет Мәскеуде өткізілген. Ал Қазақстанда алғашқы рет өткізіліп жатқан фестиваль еліміздегі цирк өнерінің дамуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.

«Цирк – ауыр әрі адал өнер ордасы. Қызықтар мен қиындықтарға толы. Цирк әртісі болғаныма еш өкінбеймін. Маған өнерімді көрген жандардың қошеметі, құрметі ерекше қымбат. Мәскеу қаласында дүниеге келген мен Лас-Вегас қаласында тұрамын. Қазір Лас-Вегаста үш аптадан кейін өтетін кезекті фестивальге қатысуға дайындалып жүрмін. Ал осы фестивальде көрсететін өнерім жайлы ашылып айтқым келмейді. Мың мәрте естігеннен, бір рет көрген дұрыс. Сондықтан да барлықтарыңызды циркке шақырамын. Менің өнерім алматылық көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамын,» - дейді АҚШ цирк әртісі Владимир Малашихин.


Елімізде алғашқы рет ұйымдастырылып отыратын игі шараның авторы Қазақ мемлекеттік циркінің шығармашылық дамыту жөніндегі директорының орынбасары, белгілі тұлға - Мұрат Кәрімұлы Мұтырғанов. Оның айтуы бойынша, әлемге танылған цирк майталмандарының басын қосу оңай шаруа емес. Әрқайсысының жұмыс кестесі бір жылға дейін жазылып тастаған. Алайда, олар елімізде тұңғыш рет өткізілетін фестивальге қатысуға келісім берген.

Мұрат Мұтырғанов: «Цирк – үлкендер мен балалардың басын қосатын бірегей өнер ордасы. Мысалы, киноға балаларды апара бермейсің. Себебі, зұлымдық, қастандық көрсетіп қоя ма деп қауіптенесің. Театрға да балаларды кіргізе бермейді. Ал цирк болса, кез келген жастағы көрермендерді қуана-қуана қарсы алады. Кішкентай бала цирк әртістерінің өнерін тамашалап: «Келешекте мен де осындай әртіс боламын» десе, үлкендер: «Кезінде мен де осы салаға бет бұрсам, аренада өнер көрсетер едім» деп ойлайды. Алғаш рет ұйымдастырылып жатқан фестиваль алдағы жылдары да өз жалғасын табады деген сенімдемін».


Фестиваль аяқталған соң, ұйымдастырушылар барлық әртістерге Алматы қаласының көрікті мекендері бейнеленген тәрелке мен «Алтын тұлпар», «Күміс тұлпар» және «Қола тұлпар» мүсіндерін табыс етеді.

Дайындаған және суреттерді түсірген: Ғазиза Ұзақ

Басты сурет: meloman.kz

Ғ. Ұзақ