Жұлдызды жаңалықтар

Жұлдызды жаңалықтар

Өнер жұлдыздары өз жаңалықтарымен бөлісуде.

Мәдина Сәдуақасова туған күнінде тосын сый алды

Белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова қыркүйектің 8-жұлдызында 33 жасқа толған туылған күнін атап өткен болатын. Туған күн құрметіне Қарағанды кондитер фабрикасы әншіге тосын сый тарту етті. 3333 данамен сүтті шоколадтан жасалған жаңа «Мәдина» атты кәмпит шығарылды. Жаңа өнімнің орамына әншінің суреті басылған екен.

Әншінің шығармашылығына келер болсақ, Мәдина Сәдуақасова алты жылды артқа тастап, «Сүйген жүрек» әніне түсірілген бейнебаяннан кейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған сазгер Ғалымжан Искеевтің «Айтайын саған сырым бұл» әніне бейнебаян түсірді. Бейнебаян желісі бойынша бас кейіпкердің өмірі үш кезеңге бөлінеді. Тырнақалды туындысын әнші көпшілік назарына қазан айында ұсынуды жоспарлап отыр.

«До-Мажор» жаңа бейнебаян түсіруге дайындалуда


Жақында ғана «Білем, жаным» әніне бейнебаян түсіріп, жаңа құраммен өнерсүйер қауыммен қауышқан «До-Мажор» тобы жаңа бейнебаян түсіруге дайындық үстінде. Бейнебаян өзге өңдеуде жаңа құраммен қайта жазылған «Қайдасың» әніне түсірілмекші.

Роман Майғазиев: «Қайдасың» әнінің орны бөлек. Қайда барсақ та, бізден осы әнді орындауымызды өтінеді. Төлқұжатымызға айналған десек те болады. Қазіргі таңда, «Қайдасың» әнін жаңа өңдеуде қайта жазып, жаңа бейнебаян түсіруге дайындалудамыз»

Жас әнші Димаш Құдайберген халықаралық байқауда топ жарды


«Жас Қанат - 2012» фестивалінде бас жүлдені иеленген жас әнші Димаш Құдайберген (жұлдызды жұп Света және Қанат Айтбаевтардың ұлы) халықаралық байқаудан жеңіспен оралды. Эстрада орындаушыларының басын қосқан Ялтада өткен VIII халықаралық «Шығыс базары» телевизиялық байқауына қатысып, бірінші жүлдеге ие болды. Шығыс Еуропадағы кәсіби орындаушылардың арасында өтетін ең ірі байқауға күллі Еуразияда орналасқан 26 елден 30 үміткер қатысты. Димаш Құдайберген байқауда Ұлықпан Жолдасовтың «Өмір көктем» және «Дайдидау» халық әнін орындаған болатын. Байқаудың бас жүлдесін Әзірбайжан елінен келген Жалал Аббасов иеленсе, Димаш Құдайберген бірінші жүлдеге қол жеткізді. Өнер әлеміне жаңадан қанат қағып, биік асулардан көрініп келе жатқан Димашқа өнерде де, өмірде де үлкен табыс тілейміз!

«Толқын легі» сатылымға түсті


Халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері, жетігенші, әнші-сазгер Қорлан Картенбаеваның «Толқын легі» атты алғашқы күйтабағы сатылымға түсті. Күйтабақтың тұсауы таяуда ғана кесілген болатын. Енді өнерсүйер қауым сиқырлы саз бен әуезді үнге толы аспаптың бар байлығы мен болмысын көрсететін, қазақ өнеріндегі жетіген аспабымен шығарылған алғашқы күйтабақты Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орналасқан «Меломан» дүкендер желісінен ала алады.

«Бүгінге дейін «Толқын легі» күйтабағын тұсау кесер кешіне келген жандар, өнердегі достарым тыңдап келді. Сондай-ақ, алғашқы күйтабағым Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Әзірбайжан, Кипр, Венгрия, Австрия елдеріндегі тыңдармандарымның қолына жетті. Күйтабағым жарыққа шыққанменен, сатылымға түспеген еді. «Меломан» дүкендер желісімен келісім-шарт жасалып, қыркүйек айынан бастап үш бірдей қалада сатылымға түсті,» - дейді Қорлан Картенбаева.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер жұлдыздардың жеке мұрағатынан және dailynews.kz, janaozen.net, baq.kz сайттарынан алынған

Ғ. Ұзақ