Сергей Бодровтың әйеліне жазған хаты

Сергей Бодровтың әйеліне жазған хаты
Фото: www.liveinternet.ru

Сергей кіші-Бодров – орыстың атақты актері, сценарист әрі кинорежиссері. Ол 1971 жылы желтоқсанның 27 күні Мәскеуде дүние есігін ашқан. Мектепте француз тілін үздік оқыған. Бала күнінде құтқарушы болуды армандаған оған Италияның бір қаласында (ол онда италия өнерін меңгерген) осы салада қызмет ету бақыты бұйырған. Кино әлеміне әкесі Сергей үлкен-Бодровтың әсер етуімен келген. Сергей басты рөлін сомдаған «Кавказдық тұтқын», «Аға», «Аға-2», «Стрингер», «Шығыс-Батыс», т.б. фильмдері халық жадында мәңгі сақталып қалары анық. 2002 жылы Кармадон шатқалында оның командасы кино түсіріп жатқан кезде Колка мұздығы еріп, 108 адам із-түссіз жоғалып кетті. Олардың арасында Сергей де болды. Артында әйелі мен екі баласы қалды. 

Біз сіздердің назарларыңызға әйгілі кино әртісінің әйелі Светланаға жазған жан тебірентерлік хатын ұсынбақпыз. Бодровтың көзімен бір сәт әлемге қарап, махаббат деген құдіретті сезімнің тылсым тереңіне бойлап көріңіз. 

«Мен адамдардың қалай өмірден өтетінін білмеймін. Біз мұны көреміз, бірақ өзіміз өлмейміз. Ал, біз өлген кезде мұны әлдебіреу көреді. Біз білуге болмайтын, ойлауға болмайтын дүниелер бар. Өлім туралы ешкім ештеңе білмейді. Мен алғаш рет өз үйім болғанын қалағанымды сен білесің ғой. Мен әрдайым сен екеуміздің қалай өмір сүретініміз туралы ойлаймын. Біз бір-бірімізге өте ұқсайтын, аса жақын жандармыз. Бір жағынан қарағанда бұл күрделі көрінеді, есесіне – ең басты дүниелерді екеуміз бірдей сезінеміз, ең маңызды жағдайда бір-бірімізді түсіне білеміз. Мен шыныменде адамдардың қалай айырылысатынын білмеймін. Бірақ бәрі де бір рет қана өмір сүреді ғой. Өлім – бірдей, махаббат жоқ. Өлімнің болмай қоймайтындығы, әйтеуір бір күні келетіні бұлтартпас шындық. 

Мен бүгін сенің жайыңды ойладым. Көлік апатына не басқа бәлеге душар болып қалмады ма деп уайымдадым, бұл туралы ойлауға болмайтынын білемін. Бұл сезім сен мені енді қайтіп сүймей кетер ме екенсің деген үрейлі ой сияқты бойымды қарып өтті. Шынымды айтсам, одан да қорқынышты. Жай ғана кеше қорқыныш тудырған ой төңірегінде құдайға жалбарына бастадым. Кейде менде екеуміз бір адамның бойында болатын екі түрлі мінез секілді емес пе екенбіз деген сұмдық үрейлі сезім болады. Тіпті біз перзентханада туып, бір-бірінен ажырап, кейін бірнеше жылдар өткен соң кездесетін егіздер секілдіміз. Әлдене күрделірек болғанмен, қанымыз бір. Сен менің шексіз тағдырымдайсың. Мен саған иманымдай сенемін. Сен де маған сенші.

Бәрібір махаббат бәрінен маңыздырақ. Өмір өлімнен гөрі маңызды, бірақ өлімнің өзі махаббатқа бәсекелес бола алмайды. Неліктен? Біріншіден, адамның дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп кеткеннің өзінде оны сүйетін адамның махаббаты тоқтамайды. Бұл анық. Екіншіден, басқаша болуы мүмкін емес. Мен махаббаттың қалай аяқталатынын білмеймін. Егер махаббат аяқталатын болса, онда оның махаббат болмағаны...»

Ж. Жұмағұлов