Ләйлә Сұлтанқызына ұсыныстарыңыз болса...

Ләйлә Сұлтанқызына ұсыныстарыңыз болса...
Фото: balapan.kaztrk.kz

Пульт пен культ. Тауықсыз да таң атады... Ләйләсіз де «Әйел бақытын» табады, Бейсенсіз де бәрін «Айтуға оңай» болады, Данасыз-ақ «Дара жолдар» қалана береді... Айтпағым, өмір тоқтамайды. Үнемі қозғалыс, шексіз уақыт. Ештеңе бітпейді... Алланың өлшеп берген адами уақыты ғана таусылады. Сағаттың әр тілшесі қозғалған сайын сіз бен біздің қайтарып ала алмайтын өміріміз өтіп жатыр. Қанша дәулетің болса да, сатып ала алмайтын сол уақытты құнсыз дүниелермен сарп етіп жүріз... Өкінішті-ақ! Экранның арғы бетінен біреудің өмірін аңдимыз, кейде өзіміз шатасып, сол адамның сүрлеу жолына қалай түскенімізді де аңғармай қаламыз...

Телележұлдыздардың өміріне тамсанатын көрермен көбеюде. «Дана қайда демалды?», «Ләйлә не киді?», «Шашыңыздың түсі қандай?», «Қалай арықтадыңыз?» т.с.с. сұрақтардан-ақ көрермен қызығушылығының көрсеткішін анықтауға болады. Негізінде, көрермен пульт арқылы теледидарды басқарады. Бірақ соңында үнді, түрік сериалдарына, бағдарламаға, актер мен тележүргізушіге тәуелді болып қалады. Яғни, пульт культке апарды. (Бұл жердегі культ теледидар ішіндегі өмірге тәуелді болу мағынасында қолданылған). Ақырындап өзінің өзгеге айналып бара жатқанын байқамай да қалады. Таңдау мен талғам өзгереді. Әрине, жоғарыласа құба-құп! Болмасақ та, Риана, Ксения, Джоли болуға ұқсап бағамыз. Мұны жаман демеймін, тек пайдаңызға жарата білсеңіз болғаны.

Мен көрермен сұрағының 360 градусқа өзгергенін қалаймын. «Дара жол» аяқталған соң, әлеуметтік желі арқылы Данамен неге соны талқыламасқа?! Бізді бағдарламаның өтімділігі, көрерменнің сауатты сұрағы шабыттандырады. Бейсеннің байсалдылығын, Дананың даралығын неге қайталамасқа?! Әріптесім болғандықтан мақтап жатқаным жоқ. Сіздерге Бейсен Құранбектің жиі айтатын сөзін мысал қып келтірейін: «Менің миссиям – адамдардың талантын ашу». Не деген мақсат?! Бір қазаққа бір қазақтың көмегі тисе! Бұ заманда талантсыз адам аз. Тіпті, өзі бұрын байқамаған жаңа қыры болуы әбден мүмкін. Халық алдында жүргендіктен, көппен аралас-құралас боламыз. Солардың ішінен Оскарсыз жүрген көп әртісті, сахнасыз жүрген талай әншіні кездестіру қиын емес. Ал Бейсен талантты жастардың қанатын қатайтуға келгенде алдына жан салмайды.

Теледидар мен әлеуметтік желіден көрермен дұрыс тәрбие алса деймін. Еліктеудің соңы неге апаратыны айтпаса да белгілі. Талғамы жоғары халықтың таңдауы сай келсе, ұрпақ ұтылмайды.

Еңбекті елейтін көрерменге құрметім шексіз. Блог бастағалы мені іздеп жүріп оқитын оқырмандарымның барын да білемін. Сондықтан, қай жағынан болса да, пайдам тигенін қалаймын. Сол себепті сіздерге менің мынадай ұсынысым бар:

1. Кейбір жазбамды интеллектуалды және ситуациялық сұрақтарға арнасам. Сіздер оқи отырып, жауабын жаза кетесіздер. Ал мен сәйкесінше келесі жазбамда дұрыс жауап берген оқырманымның атын атап өтемін. Бұл бір жағынан сіз бен біздің қарым-қатынасымызды жақындатады. Мысалы, Александр Македонскийдің тұлпарын Буцефал деп атағанын білесіз бе?! Немесе «Ретроград» деген кім?!

Мен өресі биік көрерменнің, әсіресе, жастардың көзайымы болғым келеді. Сондықтан бұл айдар бәрімізге пайдалы болмақ.

2. "Хабарым бар" (#ХабарымБар) айдарын қолға алсақ. Оқыған кітабымызды, көрген киномызды, жалпы жаңа нәрсені талқылайтын жеріміз болсын. Орысша айтқанда «будем идти в ногу со временем»! Мысалы, ұлттық арнаның сайтындағы жазбамда «Жанкештілер жасағы» («Отряд самоубийц») киносына пікір жазғанмын. Қазір Халед Хоссейнидің «Бегущий за ветром» кітабын оқып жатырмын. (Оқығандар болса, пікірін қалдыруға болады) Осылайша, көрген-білгенімізді бөлісеміз. Бәрінен хабардар боламыз!

3. "ҚайырымдылықтыҚолдаймын" (#ҚайырымдылықтыҚолдаймын) эстафетасын бастасақ. Бұл айдар жұма сайын шығатын болады. Аты айтып тұрғандай, қайырымдылықты насихаттайтын оқиғамызды жазамыз. Әлемді өзгертуге күшіміз жетпесе де, кішкене жүректі жылытуға шамамыз жетеді деп ойлаймын. Қазір инстаграмда көмек күтетін кішкентайлар көп қой. Бәлкім, осы бастамамен оларға да жәрдемдесіп қалармыз. Оған не дейсіздер?!

P.S. Менің қымбаттыларым, егер сіздерде одан да қызық ұсыныс болса, жаза кетіңіз. Міндетті түрде ескеремін. Ал менің ұсыныстарым сіздердің келісулеріңізден соң күшіне енеді.

Сіздерге деген зор махаббатпен
Ләйлә Сұлтанқызы!

@. @assel_assanova