Тоқтар Әубәкіров: Егер менде намыс болмаса өз Ана тілімді үйренбес едiм

Тоқтар Әубәкіров: Егер менде намыс болмаса өз Ана тілімді үйренбес едiм

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары бүтіндей түркі әлемінің, әрі күллі қазақтың тарихындағы толағай оқиға іспеттес. Ол – ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Дүниежүзілік авиация мұражайына еніп, әлемдік деңгейде әбден сүзгі-сұрыптаудан өткен тізімде он азаматтың арасында қазақтың батыр тұлғасы Тоқтар Оңғарбайұлы үшінші тұр. Кеңес Одағының Батыры, ҚР Халық Қаһарманы – Тоқтар Оңғарбайұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Әкеден ерте айырылу, тағдыр тосқан тауқымет осындай тәуекелді мамандықты таңдауда қиын болған шығар...

- Жетi айға толар-толмас шағымда жанашырымнан ерте көз жазып қалсам да, ешқашан көңілім құлазыған емес. Көздеген мақсатқа қалай жету керектігін анам үйретті. «Қасыңдағыларға жақсылық жасай бер, түбі  өзіңе қайтады. Саған қайтпаса да, сенің ұрпақтарыңа бақ болып қонады. Жақсылық ізсіз кетпеуі керек» деп үнемі айтып отыратын. Бұйығылау, оңаша-оқшау болмыспен өсіппін. Анам үш баланы өзі бағып-қақты. Кейін үлкен әпкем тұрмысқа шығып, бізді өз қолына алды. Қалаға келген соң, шешем біраз ауырып қалды. Амал жоқ, ауылға қайтуға тура келді. Көп қазақтың басында болған жағдай біздің отбасыны айналып өткен жоқ. Үйде нан мен май, қара судан басқа ештеңе болмайтын. 10 жасымнан ауыр жұмысқа жегілдім. Вагондарда жүк тасумен нәпақа таптық қой. Кешке әбден шаршайсың. Үйге қайтар жолда бір қолына суын, екінші қолына орамалын ұстап анаң тұрады. Кешке оқуға барамын. Оқу мен жұмысты бірге алып жүрдім. Шын айтқанда, сабақты беске оқымасқа шара болмады. Жастық қой, ауырлықты сезіне бермейсің.

Басқа балалар әкесі туралы айтып жататын. Ең өкініштісі, «сен жетімсің, ары жүр» деген ағаларымыз болды. Сонда да, үлкен кісілердің қасынан қалмай, әр түрлі жұмыстарды істей бердім. Бәрі де жанбағыстың қамы. Жастығыма қарамай, үйдегі орындықтарға дейін өзім құрастыратынмын. Анамның алдында өзiмнiң ер жiгiт екенiмдi көрсеткiм келдi. Бұл – әр қазақтың бойындағы намыс. Тіпті, қазірдің өзінде үйге электр, санитарлық мамандарды шақырғым келмейді. Бұл жерде адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне тоқталамыз.

Кішкене кезімде ауылға санитарлық ұшақтар жиі қонатын. Үш-төрт бала күтіп тұрып, ішіне отырып алатынбыз. Ауыл баласына бұдан асқан арман жоқ-тын сол кезде. Ұшқыш болуға деген аңсарым ауа бастады. Соғыс кезінде асқан ерлік көрсеткен Нұркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сынды қазақтың батырларын жақын таныған сайын менің арманым мақсатқа ұласа бастады. Не керек, 1965-1969 жылдары Армавирге оқуға түстім.

- «Қаракөздеріміздің бойынан ұлттық рухты көре алмай жүрмін» депсіз бір сұхбатыңызда. Бұл жоғарыда сөз еткен адамның өзін-өзі тәрбиелей білуімен ұштасатын секілді.

- Тәрбие – тал бесіктен. Ұлттық рух қайдан шығады? Отбасынан. Тәрбиеден. Қазақтың дәстүрін бойға сіңдіру арқылы ұлттық сана сақталады. Мәселен, мен ұлттық болмыс түгілі, сол кездегі кесапат саясаттың кесірінен қазақтың сөзiн аз естiп, оның өзіне тән мiнезiн кем көрiп өстiм. Бірақ, қайтсем де тәрбие берем деп, жани-жани жасытып алмайық. Әр нәрсенің байыбына бару қажет. Үйдегі тәрбие мектепке, ол жоғарғы оқу орны қабырғасындағы ілім алуға жалғасқаны жөн. Озық ойлы баланың пайымы қашанда өркениетке иек артып тұрады. Мұнымен келіспеске лаж жоқ. Әлбетте, өркениетті ауылда да жасаймыз. Мойындау керек, біз өндірістік алпауыт ел емеспіз. «Шаруаның жанын мал ғана сақтап қалады» деген бар. Осы ретте үлкен мінберлерде отырған шенеуніктер ойланғаны дұрыс. Сауатты идеология жасау – күн тәртібінің нөмірі бірінші мәселесі. Содан барып жас ұрпаққа түзу бағыт-бағдар бере аламыз. Бұл – барлығымызға ортақ.

- Әуелі, Отанның емес, отбасының өзіндік дәстүрін қалыптастыру керек дейсіз ғой. Пәлен жыл орыс ортасында өстіңіз. Дегенмен, немерелеріңізге қазақы тәрбиені қалай беріп жатырсыз?

- Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барсам да, халқым құрақ ұшып қарсы алады. «Бiр ауылға барсам, барлық үйге кiрiп шығуым керек» деп жанымдағыларды асықтырып жүремiн. Рас, дәл менікі секілді құрметке жеткендер аз. Бірақ, менің көкірек-кеудемді кернеген бір нәрсе болды. Ол – ұлттық сана. Басында мен де, Талғат та (Талғат Мұсабаев – авт.) қазақша дұрыс сөйлей алмайтынбыз. Амандасып, ары қарай өзге тілде шүлдірлей кететін едік. Кейін үлкен аға-апаларым сын айтты. Осыдан соң санама нықтадым. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып. Ең бастысы ниет қой. Өз тілімді үйрендім деп мақтанбай-ақ қояйын. Ұлдарым Ресейде өмірге келді. Олардың қазақы тәлім алуы үшін әрқилы әдістерге бардым. Әуелі, оларға қазақша ән-күйлерді тыңдатам. Әсіресе, кіші ұлымның қазақша ән тыңдағанда көзі жайнап кететін. Алғашында оларды қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі өзім орысша ойлайтын едім. Ата тәрбиесі – қазақылықтың қазығы. Мен мұны еш ойланбастан айтамын. Тіпті, керек десеңіз, аталарымыз ұрпақ тәрбиесін жоғары орынға қойып, өз перзенттерін ағайын-туыс, бір қауым ел болып тәрбиелеген емес пе? Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Қала берді, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде ол кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады. Керемет қой бұл!

- Қазіргі техниканың дамыған уақытында ұлттық болмысты қалай сақтап қалмақ керек?

- Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да, мына жаһандану заманында ең алдымен, ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет. Бірақ, қалай?

Бір нәрсенің басын ашып алайық. Қой бағып, мал күткен, егін салып, жан баққан да аса абыройлы еңбек деп есептеймін. Жан-жүрегіміз – ауыл. Қазақ мал соңында жүре берсе, әлемдік өркениеттен кенжелеп қалатыны анық еді. Ал бір жағынан, заман талабына түпкілікті еріп кетуге болмайды. Тағы да айтамын, байыпқа салу қажет. Шынайы талант, шын тұлға уақыт та таңдамайды, саяси ортаның шеңберіне де сыймайды. Міне, ұлттық болмысты сақтап қалатын – солар, білімділер. Заманауи ұғымдарға сай отбасы құндылықтарының да жаңаша қағидалары қалыптасып келеді. Бір мысал, халқымыз жақсы келінді қызынан кем көрмеген. Үлкеннің атын атамай, отбасы мүшелерін құрметтеуі келіннің әдептілігі мен тәрбиелігін көрсетеді. Ибалы ана баласына дәл сондай тәрбие беруге міндетті. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, жиған-тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, менің балам ең тәуірі деп баласын жақтап отыратын ата-ана да жоқ емес. Ақ сүтпен енген қасиет еш уақытта да адам бойынан кетпейді. «Мынаны істеуге болмайды» немесе «бұл саған керек» деп үйретіп қойсаң, жастың жады оны ұмытпайды.  

Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса өз Ана тілімді үйренбес едiм. Құпиямды айтайын: мен тiлді қазақи ән-жыр арқылы үйрендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өздерiне-өзі қарсы адамдар деп санаймын. «Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген жұртты көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын, түпқазығын өзгерте алмайды ғой. Бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы. Ал оның астарында қаншама нәрсе жатыр.

- Сіздің «Спорт шебері» деген атағыңыз тағы бар. Арқаның алты ай қысында шаңғы теуіп, коньки байладыңыз. Бокс пен волейбол да ойнадыңыз. Бүгінгі таңда, әсіресе, ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

- Біріншіден, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруымыз керек. Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін ірі-ірі ұлттық және шетелдік компанияларға талап қойып, демеушілік мәселесін реттеп алғанымыз жөн. Бізде қазір осы мәселе ақсап тұр. Мектептердегі дене шынықтыру пәніне де ерекше мән берген дұрыс. Кейбір жерлерде еңбек, бейнелеу, дене шынықтыру сияқты пәндерге екінші кезектегі пән ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес.

Нәті спортпен айналыспаған ауыл баласы болмаған шығар, болмауы да керек. Керек десеңіз, ертелі-кеш ат үстінде жүру мен бұзау қуып, қой тоғытқанның өзін спорт дер едім. Шіркін, бала кезімде атқа мінуге қатты әуес едім. Мен Арқаның қазағымын. Бұл жақтың қысы сегіз айға дейін созылады. Соның бес айында қар жатады. Мұндай ауа-райында ең қолайлысы шаңғы мен коньки спорты. Мен де бала күнімнен аяғыма шаңғы байлап, осы спортпен шұғылдандым. Қарқаралыда өткен аудандық жарыстарда жүлде алған кездерім де болды. Жалпы шаңғы спортынан белгілі бір деңгейге жеттім деп айта аламын. Волейболмен де бір адамдай айналыстым. Тіпті бірінші разрядты волейболшымын. Қиыр шығыста әскери қызметте жүрген кезімде жеңіл киіммен волейбол ойнайтынбыз.

Сондай-ақ, мектепте жүрген кезімде бокс үйірмесіне бардым. Ірі жарыстарға қатыспасам да, ауыл арасындағы сайыстарда өнер көрсетіп жүрдім. Бірақ әрі қарай қуған жоқпын. Өйткені бокста ауыр соққылар алып, денсаулығыңа зақым келеді. Ал, мен бала күнімнен ұшқыш болуды армандаған адаммын. Ол үшін ең басты талап – мықты денсаулық. Сондықтан арманыма қол жеткізу үшін бокстан ерте кеттім. Ғарышкер болғысы келетін жастарға айтарым да осы,  спортпен шұғылдану арқылы мақсаттарыңыз орындалады. Себебі, біздің салаға екінің бірі келе бермейді.

-  Жылқы туралы айтып қалдыңыз...

Жаны да, жалы да сұлу жылқы жануар о бастан киелі қазақтың сенімді серігі, қуатты қанаты болған. Әттең, менің жас күнiмде үйде жылқы болмады. Бірақ, көршi-қолаңның үйіріне барып, одан құлынын ұстайтынбыз. «Өскенде менің үйімде мiндеттi түрде жылқы болады» деп мақсат қойдым. Міне, ол да орындалды... Мен сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің қазіргі ермегім де сол. Жылқылардың құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады, бұл дегеніңіз – тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық қой. 

- Бір жерден «Өзін-өзі дәріптеушілік – өз күші мен қабілетін тым асыра бағалаушылық» дегенді оқып едім. Нағыз халықтың қалаулысы, ұлттың құндылықтардың ұйтқысы дерлік кейбір көкелерімізден сол қасиетті көріп қалып жатырмыз. Бұған не дейсіз?

- Бұл пендешілік, одан басқа ештеңе емес. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүрген соң ондай-ондайлар бола береді. Бұл жоғарыда айтқан тәрбиеге байланысты нәрсе. Тіпті, бүгіндері қарапайым қазақи тәрбиенің де «қабырғасы» сөгіліп, қадірі тая бастағанына қынжыласың. Әркім өзіне-өзі есеп бергені дұрыс. Мынаны айтайын, ертеде малшы болса да, басың байдың алдында имеген. Биге жүгінген. Бұл – қазақи тәлім-тәрбиенің күретамыры. Мойныңа жауапкершілікті алу – үлкен кісілік. Өз басым жасымнан еңбекпен өстім. Ал, авиацияда әдеттегі бір жыл екі жылға есептеледі. Оның үстіне ғарыш саласының өлшемі мүлдем бөлек. Әрқашанда шешімді өзің жеке қабылдауың керек және ол мемлекетіңнің игілігіне жараса ғана. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ете алмайтын адам өз Отанына қарсы жұмыс істеп жатыр деген сөз. Қоғамдағы түрлі пәленің шығып жатқаны осындайдан басталады.

- Кешегі бала Тоқтардың балдаурен шағы өткен өлкені көк жүзінен көргенде қандай сезім болды? Зерттеу барысында ерекше бір жайттарға кезіктіңіз бе?

- Оны сөзбен жеткізе алмайсың. Кешегі асыр салып ойнаған жер жанарыңа сыйып кетеді. Қарай бергің келеді. Біздің байтақ Атамекеніміздің сұлулығына шек келтірмеймін. Оған ғарышта тағы бір куә болдым.  

Алғаш рет Теміртаудың түтінін мен таптым. Менің баяндамамнан соң Теміртау зауыттарындағы мұржаларға арнайы себеттер орнатылды. Содан соң Қазақстанның жер қойнауын өзім апарған үш пленкаға толтырып түсіріп әкелдім. Алғаш рет Аралдың табанынан ұшқан тұз сонау Қиыр Шығыстағы мұзарттарға түсетінін анықтадық. Теміртаудың түтіні Тынық мұхитқа дейін шұбатылып жететінін білдік.

Аталған бағдарламаның аясында өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулердің нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аумақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Қазақстан аумағындағы атмосфераның қалай таралатын көрдік.

Шүкір дейміз, Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кiрдi. Осы арқылы бiздiң елдi халықаралық қауымдастық технологиясы дамыған ел ретiнде қабылдады. Атышулы Америка мен Еуропаның Қазақстанға деген ескi, тұрпайы көзқарасы өзгердi. Екiншiден, өзiмiз өз бетiмiзбен ғарышты зерттей бастадық. Аса маңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш – жаңа технология. Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қалмайды. Сондықтан біздің жастарымыз ерінбей оқып, сапалы білім алуы керек.

- 7 күн 22 сағат 13 минут ғарышты мекен еттіңіз. А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының 26 сынақшы-ұшқышының арасында жалғыз сіз ілігіпсіз. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан. Мұны ердің ісі – нар тәуекел деп қабылдау керек шығар?

- Мен ғарыш саласына келіп-ақ тәуекелге бел будым дер едім. Балалық қиялыма қанат бітіріп, түрлі кедергілерге тайсақтамай, арманыма қол жеткіздім.  Әскери училищені тәмамдап, Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметімді өтедім. Төрт жылда СУ-15 ұшағында қабілетімді көрсетіп, Қиыр Шығыстың «Ең үздік ұшқышы» атағын иелендім. Иә, қазақ баласының қолынан да мұндай келеді! Мен қорыққам жоқ. 1988 жылы Кеңес Одағының тарихында тұңғыш рет жерге қонбай, әуе кеңістігінде ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын іске асырдым. Реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрлерін сынақтан сүрінбей өткіздік. Бұл жерде де бойдағы намысым арқылы қадам жасадым. Жүз сексен миллион халықтың ішінен жалғыз қазақтың баласы таңдалды. Күллі қазақ менің мойныма жүк артты. Рас, «Нар тәуекел – ердің ісі».

Ғарышкерлердің арасында жазылмаған Гагариннің «заңы» – «поехалиді» бұзып: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» дедіңіз. Ғарыш кемесі көтерілер сәттегі дәстүрлі сөзді ана тіліңізде айтқаныңыздың өзі неге тұрады!

- Бұл оқиғаны ешқашан ұмыта алмаймын. Президентімізге қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!»  деп рапорт жасадым. Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!». Бұның бәрі таспада жазылған.

Күллі қазақ ғарышқа ұшты. Қазақтың рухы ұшты. Менің бұл сапарымның басты көмекшісі – Қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім. Мен түскен кезде «Тоқтар! Тоқтар!» деп айқайлап жатқан аға-апаларымызды көргенде өзім абдырап қалдым. Өзіңіз ойлаңызшы, бүкіл қазақ баласы сенің атыңды қайталап айтып жатса, сенен асқан бақытты адам болар ма еді? Қай жерге барсам да «батырымыз келді», «тұңғыш ғарышкеріміз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың риясыз көңіліне дән ризамын.

Қасқырбай Қойшыманов

Дереккөз: Abai.kz

Y. Almabek