Аты аңызға айналған ана − Дина Нұрпейісова

Аты аңызға айналған ана − Дина Нұрпейісова
Фото: kazakhstan.travel, buydombra.kz

"Сахнаға шығып бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады. Арқам кеңіп, шабытым бәйгеге түскен сәйгүліктің алтын тағалы тұяқтарындай жазылып, құлашым кеңейіп арқаланып кетемін..." Бұл – қасиетті күй өнерінің сәйгүлігі, домбыраның құлағында ойнаған аңыз әйел Дина Нұрпейісованың сөзі. Жаратқан алып дарынды бойына дарыта салған Дина қаршадай күнінде-ақ домбыра үнін күмбірлетіп, ел арасында «күйші қыз» атанып кетті. Қасиетті өнерді қастерлей білетін тұлғаны мұндай дарын иесі бей-жай қалдырсын ба?! Тоғыз жасар қыз баланың бұл өнері жайлы естіп, атағы жер жаратын Құрманғазы шалғайдан арнайы іздеп келген деседі. Динаның күй сандығына өз құлағымен қанық болған Құрманғазы тұнып тұрған талантқа батасын беріп, қанатының астына алған. Күй атасы жайлы Дина «Дәулескер күйшімен әр жолыққан сайын бір жаңалық тауып, сонылыққа үйрене бердім» деп еске алса керек. (немересінің сұхбаты). Дина Нұрпейісова тоғызынан он тоғызына дейін Құрманғазының баулуымен домбыра өнерінің тылсымына тереңдей түсе, жарық жұлдызға айналды.

Батыс өңірінен күн болып шыққан Динаның фамилиясы жайлы екі түрлі дерек бар... Он тоғыз жасқа жетіп, бойжеткен шағында Дина Қанас есімді жігітке ұзатылады. Көп ұзамай, жас шаңырақта шақалақ үні естіліп, олардың тұңғышы – Нұрпейіс дүниеге келеді. Алайда, әлдиінің қызығына бата алмай, күйшінің жары дүниеден ертерек озады. Ал жесір қалған Дина әмеңгерлік жолмен қайнысы Шәпекке тұрмысқа шығады. Он төрт жасына жетіп, оның тұңғышы Нұрпейіс те дүниеден өтсе керек. Кейіннен халық санағын тізімге алғанда, Динаның өз фамилиясының орнына қайтыс болған баласының есімімен Нұрпейісова деп тіркеген деседі. Ал атақты күйші ананың немересі айтуынша, Нұрпейіс – оның алғашқы жолдасының есімі. Дина жастай қосылған жарының есімін фамилиясы ретінде өз еркімен таңдап алған.

Бақыт шабыттандырады... Динаның мөлтілдеген күй сырымен көмкерілген әсем туындылары әйел бақытына бөленіп, отанасы атанған шағында туған. Ұлы өнермен егіз жаралған жаны киелі домбырамен біте қайнасып, тұлпар шабытынан туған күйлерінің әрайсысы құнды. Олардың әрбірінің өз тарихы бар. «Кербез» күйі нағыз қазақ аруы – өз абысынына арналса, «Қарақасқа» − өзі ұзатыларда әкесінің мінгізген атына сүйіспеншілігін жеткізеді. Ал тыңдаушыны әлдилеген аяулы сазды «Әсем қоңыр» күйі өз перзентіне арналса керек-ті. Кейбір жерде бұл күйді ұлы Қоңырға арналады десе, немересінің сұхбатында алысқа ұзатылған Әсемқоңыр есімді қызына арналатын көрінеді. Динаның адамды бей-жай қалдырмай, түрлі оймен толқындататын баға жетпес туындыларының біразы халық жолына да бағышталады.

Дина жетпіс беске келген шағында Мәскеудегі сахна төріне, ал жетпісті еңсеріп, сексен үшке келгенінде, Ташкент сахна төрінде үкілі домбырасын күмбірлетті. Екі қалада да қарт күйші жүлделі орынды қанжығасына байлады. Ал жетпіс жетісінде Бүкілодақтық Байқау өткен Мәскеудің сахнасында қайта жарқырап, екі жүз адамның арасынан суырылып шыққан тоғыз үміткердің арасында болды.

«... Бұған дейін Құрманғазының, Дәулеткерейдің, басқа да халық композиторларының күйлерін тартушылардың ішінен Динадай домбыра тілін білетін ешкім кездескен емес. Талантты домбырашы домбыра тартудың өзіндік жолын салып кетті». Бұл – Динаның ел астанасы – Алматыға қоныс аударуына сеп болған Ахмет Жұбановтың пікірі. Ол Жұбановпен бірге Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова секілді аңыз арулармен достық қарым-қатынаста болған. (Екінші суретте Күләш Байсейітова мен Дина Нұрпейісова).

Дина Нұрпейісова тоқсан төрт жасында дүниеден өтті. Оның көзін көрген немересі Балжан Жұрынбайқызы Нұрпейісова ол туралы былайша еске алады: «Ол кісі өле-өлгенше сөзінен жаңылысқан емес. Киелі қара домбыраны бала кезінен серік етіп, құдіретті өнеге тұтқаны соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып, мәпелей сипап, аялай қағып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін шертті. Әлсіз саусақтары икемге келмей жатса да, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып дүниеден озды». 

Дина сегіз ұл, бес қызды өмірге әкеліп, өсірді. Ағжан есімді немересі айтыскер болып, қазақ өнеріне өз үлесін қосып кетті. Бүгінде Алматы қаласында тұратын немере-шөберелері бар.

Қазақ ұлтына дарыған бірегей өнердің аспанына шарықтап, мәңгіге қадірі тарамайтын туындыларын туған елге тарту еткен Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 155 жыл. Аты аңызға айналған біртуар анамыздың мұрасын қастерлеп, есімін аялай білейік!

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова