Шаш үлгісіне адал жұлдыздар

Шаш үлгісіне адал жұлдыздар
Фото: merekeshow.kz

Таяуда ғана Мақпал Исабекованың алқызыл түске боялған шашы жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Әнші шаш үлгісін өзгертуден еш жалыққан емес және эксперименттен қорықпайды. Назарларыңызға Қазақстан эстрадасында шаш үлгісін жылдар бойы өзгертпеген әншілер тізімін ұсынамыз.

Мақпал Жүнісова

Мақпал Жүнісованың толқынды қара шашы оның сахналық образының бір бөлшегі іспеттес. Сахнаға жарқ етіп шыққан сәтінен бастап әнші ұзындығы иығынан сәл асатын шаш үлгісіне адал болып келеді. Бұрындары сахнаға әшекей бұйымдармен безендірілген тәждердің түр-түрін киіп шығатын болса, бүгінде әнші бұл үрдісін тоқтатқан. Көпшілік әншінің бұрынғы сахналық бейнелерін ұмыта бастағандай.

Мәдина Сәдуақасова

Үлкен сахнаға аяқ басқалы бері көпшілік Мәдина Сәдуақасованы бір ғана образда көріп келеді. Әнші қалың кекілі мен ұзын қара шашына ешқашан эксперимент жасап көрген емес. Тіпті оның бұл образы жас қыздар арасында танымал болып кетті. Отандық арналардың бірінде көрсетілген жұлдыздар егізін іздейтін бағдарламада Мәдинаға ұқсас қатысушылардың басты ұқсастығы осы қалың кекіл мен ұзын қара шаш болатын.

Алтынай Жорабаева

Алтынай Жорабаеваны көпшілік буылған ұзын шашымен таниды. Әнші шашының түсін де, ұзындығын да өзгертіп көрген емес. Алайда ол шашы мен тері денсаулығына аса зор мән береді. Ол жанкүйерлерімен шашқа, бетке жасалатын түрлі маскалардың рецебімен бөлісіп отырады. Сонымен қатар дене пішімін бірқалыпты қалай сақтап тұру керегін де жақсы біледі.

Баян Есентаева 

Кекілді ару деген теңеу Баян Есентаеваның жас кезіне ғана тиесілі. Іскер ару продюсерлікпен айналысқалы бері түйілген ұзын шашына адал болып келеді. Бәлкім, бұл жұмыс істеуге ыңғайлы болғаннан шығар. Дегенмен әртіс «Абайлаңыз, сиыр!» фильмінде карэ шаш үлгісін өзіне киіп көрді. Бұл образ да оған өте жақсы жарасқанымен, әнші ұзын шашын әзірге қиған жоқ.

Қарақат Әбілдина

Адал жар, аяулы ана Қарақат Әбілдина да ұзын қара шашына адал. Қос бұрымы желбіреген әншіні нағыз қазақ қызының образы деуге болады. Оған қоса Қарақат шашына аса күтіммен қарайды. Қою қара шашының сұлулық сырын көптеген келіншек білгісі келеді.

Салтанат Бақаева

Жас әнші де шашына эксперимент жасауға қорқатындар қатарынан секілді. Әнші әрі актриса ерекше ұзын қара шашын қиюға қимайтын көрінеді. Сонымен қатар бояуға немесе кекіл қоюға да аса құштар емес.

Мөлдір Әуелбекова

Бұрымды қыз Мөлдір Әуелбекова да шаш үлгісіне эксперимент жасауды қаламайтын сыңайлы. Сахналық образға бұйралап шығатыны болмаса, ұзын қара шашын өріп немесе түйіп қойғанды жөн санайды. Сонымен қатар қара шашын өзге түске бояған да емес. Қалай болғанда да біз Мөлдірді ұзын қара шашты бейнесімен көріп келеміз.

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова