Ерте шаңырақ көтерген жұлдыздар

Ерте шаңырақ көтерген жұлдыздар
Фото: Григорий Борисов, pandaland.kz, ztb.kz

ХХ ғасырға дейін қазақ даласында ерте шаңырақ көтеру – қалыпты құбылыс болатын. Қыздарды небары 13 жасында тұрмысқа берсе, жігіттерге аналары қалыңдықты өздері таңдап беретін. Әрине, дәл қазір мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынған. Жастар тек 18 жасқа толған кезде ғана заңды некеге тұра алады. Қазіргі таңда көбісі 25 жастан асқан соң отбасын құрып жатады. Кезекті материалымыз ерте жаста-ақ отбасын құрып үлгерген жандарға арналады.

Нұрәлі Әлиев пен Аида Имашева

Шаңырақ көтерген жасы: 18

Елбасымыздың «Қалай? Сүйесің бе?» - «Сүйемін». - «Әке-шешең қарсы ма?» - «Қарсы». - «Сен еркек емессің бе?» - «Еркекпін» - «Онда ешкімнен рұқсат сұрамай, бар да үйлен» деген немересіне айтылған сөздері әлі есімізде. Нұрәлі мектепті бітіре салысымен үйленемін деген кезде әке-шешесі түбегейлі қарсы болған екен. Бұл жағдайды атасы ретке келтіріп, ақыры той болған. Дәл қазір Нұрәлі 30 жаста, 4 баланың әкесі.

Айнұр Төлеуова мен күйеуі Мұхамед

Шаңырақ көтерген жасы: 19

Бір кездері бұл аруды елімізге танымал актер Асылхан Төлеповпен сөз жарастырып жүр деп ойлаған еді. Қазақстандықтардың бұл ойы қате болып шықты. «Мисс Қазақстан – 2011» әлемдік деңгейдегі байқауға барып келген соң сәнбикелік жұмысты біржолата қойып, отбасын құруға шешім қабылдаған болатын. 2014 жылдың қыркүйегінде тұрмысқа шыққан Төлеуова ана атанып үлгерді. Сұлу бойжеткен босанған соң денесін де қалпына келтіріп үлгерді.

Серік пен Мөлдір Сапиевтер

Шаңырақ көтерген жасы: 21

Серік Сапиев 29 жасында олимпиада чемпионы атанды. Осы жолда оны жары Мөлдір үнемі қолдап отырған екен. Сапиевті көпшілік ең тартымды жігіт деп бағалаған кезде жары «Өзгелер қарап, іші күйсін» деп айтқан екен. Әзірге үш қыздың әкесі.

Рахат Тұрлыханов пен Жәмиля Абилова

Шаңырақ көтерген жасы: 19

2000 жылдары танымалдылығы арта түскен Рахат Тұрлыханов өз Отанында кеңінен танылып, шоу-бизнестің төрінен орын алды. Артынша басқа салада қызмет жасады. Әнші 19 жасында Болат Абиловтың қызы Жәмиляға үйленеді. Дәл қазір олардың екі баласы бар.

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Абдукаримова

Шаңырақ көтерген жасы: 18

Елімізде Қайрат Нұртасты танымайтын жан жоқ шығар. Әсіресе жас қыздар оның өнеріне бас иіп, жеке өміріне қызығушылық танытады. Дәл қазір отбасын жасырып жүрсе де, оның танымал болмай тұрған кезде әлеуметтік желіге салған суреттері жас кезінде отбасын құрағанының дәлелі. Айрандай ұйыған отбасы кей мәліметке сүйенсек, үш баланы тәрбиелеп отыр.

Бұл туралы пікіріңіз қандай? Ерте шаңырақ көтерген дұрыс па?

Қ. Бүйенбай