Академик Рабиға Сыздықова жеке кітап қорын Халықаралық Түркі академиясының кітапханасына тапсырды

Академик Рабиға Сыздықова жеке кітап қорын Халықаралық Түркі академиясының кітапханасына тапсырды
Фото: bag.kz

Кеше Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында Халықаралық Түркі академиясының кітапханасына көрнекті ғалым Рабиға Сыздықованың жеке кітап қорын қабылдап алу рәсімі болып өтті,- деп хабарлайды Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Жиынға ғалымның өзімен бірге Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов, белгілі ғалымдар Телқожа Жанұзақов, Әлімхан Жүнісбек, Зейнеп Базарбаева, Асқар Жұбанов, Нұргелді Уәли, Рүстем Шойбеков, Бабаш Әбілқасымов, Жамал Манкеева, Орынай Жұбаева, сонымен қатар Рабиға Сәтімғалиқызының шәкірттері мен жас ғалымдар қатысты. 

Саналы ғұмырын тіл білімі саласына арнаған ғалым, академик, профессор Рабиға Сыздықова 1500-ге жуық кітаптан бөлек, барлық қолжазбаларын, архивтерден жинаған көне басылымдар мен құнды қолжазбалардың фотокөшірмелерін де Академия кітапханасына тапсырды. Айта кету керек, Академия кітапханасы былтыр белгілі мажар түркітанушысы Иштван Қоңыр Мандокидың мол кітап қорын қабылдап алған болатын. Сондай-ақ, қазақстандық белгілі ғалымдар Әбдуәли Қайдар мен Әлжан Құрышжанұлының да жеке кітап қорлары Халықаралық Түркі академиясының кітапханасына табыс етілген. Академик, профессор Рәбиға Сыздықова сол игі дәстүрді жалғастырып отыр. 

Академия басшысы білікті ғалым Рабиға Сәтімғалиқызының түркі мұрасына қамқорлығы мен түркология ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтып, Халықаралық Түркі академиясының Сертификатын табыс етті.  

Дереккөз: bag.kz

Е. Жұмабайұлы