Абайға арналған танымал өлеңдер

Абайға арналған танымал өлеңдер
Фото: hqwallpapers.ru

Абай Құнанбаевқа арнау жазбаған ақын жоқ. Соның ішінде қазақтың әйгілі ақындарының өлеңдері бір төбе. Осындай жырлардан үзінді ұсынамыз. 

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.

«Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
«Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
«Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!

... Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең – аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

...Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның 
Әлемнің құлағынан әні кетпес!

...Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, 
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртын ояу болған сайын, 
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Мағжан Жұмабаев

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
"Ибраһим" демей, - деді "Абай".

Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың
"Қалың елің - қазақты".

Қасым Аманжолов

М. Оңғарова