Перизат Мырзахмет: "Ғаламторда ақылды сөз көп, өмірде ақылсыз іс көп"

Перизат Мырзахмет: "Ғаламторда ақылды сөз көп, өмірде ақылсыз іс көп"

Әлеуметтік желілерде әлеуметтің іс-әрекеті мен қылығына қынжылып, жұрттың әр басқан қадамына мін айтып отыратын жандарға шын ренжитін Перизат Мырзахметтің аузынан аталы сөз шығады. Аузынан шыққан аталы сөз жазуға шебер саусақтарымен әлеуметтік желілерде жарияланады. Өйткені ол - сценарист. "Adam Media Group" компаниясында сценарист болып қызмет атқаратын Перизаттың әлеуметтік желілерде жарияланған әдемі ой-толғамдарымен бөлісе отырайық.

* Тырнақтай миы жоқ жандарға бармақтай бақ бергенде қызықтың көкесін көресің...

* Ғаламторда ақылды сөз көп, өмірде ақылсыз іс көп.

* Интернеттегі «ақылды», «көрікті», «өнерлі» сарапшыларға «ҚР еңбек сіңірген қырты» немесе «Барлық саланың білгірі» деген атақ берілсе атақсыз адам қалмас еді...

Сорлылықтың белгісі –
Еңкейгенге шалқайған.
Бос кеуденің белгісі –
Құр мақтанға марқайған.
Беті жылтыр, жүрек лас –
Надандықтың белгісі.
Адалдыққа жаны қас –
Жамандықтың белгісі.

* Сұрақ: қасы, кірпігі, ерні, төсі, тырнағы «натурал» емес қыз-келіншектер неге «натурал» тон іздейді? Олқылықтың орнын толтыру үшін бе?

*Адамның іші толған б*қ: бірде жұрттан тығып, әжетханада шығарады, бірде жұрттың алдында ауыздан шығарады...

* Мына досым ана досым туралы: «ол сені пайдаланады» дейді. «Пайдалы болған жақсы ғой» деп мен отырмын.

* Сценарий жазып отырып, «танымал өтірікші, белгілі халтурщик, еңбегі сіңген арамтамақ» деген сияқты таныстырулар жазып кеткім келеді.

* Ауыл иттері есіме түсіп кетті: түнде көшеге шықсаң, әуелі біреуі «афф» дейді. Бітті! Артынша ауылдағы барлық ит шәуілдей жөнеледі.

Сүрінген жанды демеп жіберші, қарағым,
Сенсіз де ит көп жібермей жатқан балағын.
Қазақты қазақ бауыр демесе, басқалар
Сордың суына шімірікпестен салады.

* Біреу біреудің артына кірейін десе, адам толып тұр екен. Енді кезек күтеді...

 Сурет: latoro.ru

А. Әбілхан