Әлемдегі ең кәрі актер кім?

Әлемдегі  ең кәрі актер кім?

Гиннестің рекордтар кітабына енген ең кәрі актердің кім екенін білесіз бе? Білмесеңіз, бүгін біз осы аңыз адам жайында сөз қозғамақпыз. Ол 1903 жылы Нидерландыда өмірге келген голландо-австриялық актер, әнші Йоханес Хестерс. Алғашқы білімін бизнес мектебінде алған ол өзінің өнерге деген қабілетінің бар екендігін байқап, вокал мен драмаға үйрететін өнер мектебіне оқуға түседі. Ең алғаш рет сахнаға 1921 жылы шығады да, 1924 жылы Тео Френкелияның «Голандиялық цирк»  киносында екінші дәрежелі рөлді сомдайды.

Бір ғасыр өмір сүрген Йоханес Хестерс 2010 жылдың 5 желтоқсанында өзінің 100 жылдығын атап өтеді. Осы мерейтойдың құрметіне «ARD» атты неміс телеканалынан «100 жылда аңыз да орындалады» атты концертін берген.

Ол 2005 жылы Бабельсберг киностудиясының оркестрімен қосылып, ең үлкен қалаларда концерт берген. Ал өзінің 104 жылдық мерейтойын Берлиндегі Адмиралдар залында атап өтті. 2008 жылдың ортасында өзінің туған жеріне ат басын бұруды ойлаған атақты актер Нидерландыға барып, сонда өзінің 105 жылдығын тойлайды. 2010 жылы 30 шілдеде музыкалық пьесада ойнайды.

Жүз жыл бойы ерекше даусымен әлемді таңқалдырып ән шырқап жүрген қарт актер бұл жолы ән салмайды. Тек екі-ақ монолог айтады. Ал 107 жылдық мерейтойын Эрфурттағы салтанатты сарайлардың бірінде атап өтеді. 2011 жылы 17 желтоқсанда Штанбергтегі аурауханалардың біріне түсіп қалады.

Соңында екі қызы, бес немересі, он бір шөбересі және үш шөпшегі қалған дарынды актер 2011 жылы 108 жасында көз жұмады. Есін біліп қабілетін ұштаған кезінен бастап көзі жұмылғанға шейін бір тынбай, өнерге көп мөлшерде өз үлесін қосқан Йоханес Хестерс 1997 жылы Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең кәрі актер болып тіркелген. Сонымен қатар, ол Гитлердің сүйікті әншісі болған екен.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: 1c-club.com, rovego.livejournal.com, izvestia.com.ua,samogo.net, podosokorskiy.livejournal.com

А. Әбілхан