Том Круз: "Мен қартаюдан қорықпаймын!"

Назарларыңызға Голливудтың танымал жұлдызы, көпшіліктің көзайымына айналған әйгілі актер Том Круз сұхбатының аудармасын ұсынамыз.

- Өміріңізде ұмытқыңыз келетін дүние бар ма?

- Мен әрдайым, жаңаны танып, оны өмір бойы есіме сақтап қалуға ұмтылатын жанмын. Кішкентай кезімнен Ресейге келуді армандайтынмын! Ия! Балалық шағымның арманы әлі есімде. Жаңа елдерге саяхаттап бару үшін актер болған шығармын... Мен барлығын да білгім келеді. Бірақ, өмірде көзіңді жұмып қана өте шыққың келетін қорқынышты сәттер жиі болады. Бұл қорқынышты образдардың миыма кіріп, санамды жаулап алғанын қаламаймын. Мұндай сұмдықтың болмағанын таңдайтындығымды Жаратқан жақсы білетін шығар. Өкінішке орай, бұл өмірдің бір бөлшегі.


- Жас кинематографистермен бірден тіл табысасыз. Мұның құпиясы неде?

- Ия, «Обвиллион» Джозеф Косинскидің жаңадан екінші туындысы ғана. Бір кезде дәл осылай Ридли мен Тони Скоттовтың алғашқы картиналарына түскен едім. Бұл олардың алғашқы туындысы болғанына қарамастан, талабы бар екені бірден байқалатын. Стэнли Кубрикпен бірге түсірген фильм барысында, үнемі осы режиссерлердің жұмысы туралы сұрастыратын.

- Тони Скотт екеуіңіз 1986 жылғы «Мықты мерген» фильмінің жалғасын түсірмекші едіңіздер ғой?

- Ия, уақытша бұл жобаны шетке ысырып қойдым. Ары қарай не болатынын бірге көрейік. Мен Тони мен продюсер Джерри Брукхаймермен қайта қауышу мүмкіндігіне ие болғаныма бақыттымын. Тони өмірімен қош айтысқан сәтте, біз осы фильмнің сценарийін жазып жатқан едік. Бұл біз үшін мүлдем күтпеген жағдай болды! Артынша көрермендер оның кино саласына қосқан үлесін ерекше бағалады...


- Оны көзі тірісінде, расымен де, бағаламады ма?

- Жалғыз оны ғана емес! Өкінішке орай, біздің өміріміз солай құралған. Бір сәт оның түсірген фильмдерін қараңызшы. Мәдениетке деген әсері де мықты. Біз «Нөсерлі күндер» фильмін түсіріп жатқан кезде ол көліктердің дизайнын өзгертті. Аталған фильмге дейін мұндай автолар мүлде болмаған еді.

- Жақын күндерде Дубайдағы «Бурж Халифа» зеңгір үйіне барған едім. Оның көкпен таласқан биіктігі қорқынышты екен.

- Ал сіз оның ең жоғарғы қабатына шығып, терезеден жерге қарап көрдіңіз бе? – деп қызыға түсті Том Круз.

- Өкінішке орай, жоқ. Адам қалай мұнша биіктікке көтеріліп, терезенің сыртына шыға алады? Бұл сіздің қолыңыздан келгеніне тәнтімін.

- Бұл қимылды қалай орындайтындығымды көп ойландым. Бақытыма орай, мұны менен бұрын режиссер Брэд Берд ойластырды. Сіз айтқандай, биікке шығып, терезеден шыға салған жоқпын! Қолымнан келмейтінін білсем, мен мұны жасамас едім. Мұны дайындау үшін бірнеше ай кетті. IMAX форматында түсірілген бұл трюк мені барынша қызықтырды! Гарольд Ллойд, Чарли Чаплин, Бастер Китонның фильмдерін қараңызшы, олардың кинодағы қимылдары бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Дегенмен үшеуі де көрермендермен байланысқа түседі. Киноға осы себептен де қызығамын.


- Чаплиннің заманында мұндай биік ғимараттар болған емес жоқ қой...

- Бірақ басқалары болды ғой! Гарольд Ллойдтің сағаттық механизмге шығатыны есіңізде ме? Ол заманда бұл фильмді адамдардың қалай қабылдағанын есіңізге түсіріп көріңізші. Ол ұзақ жыл бойы мені де мазалаған болатын. Менің балалық шағымда  кино мектеп немесе интернет болмады, сондықтан оның қалай түсірілгенін бірден анықтай алмадым. Бірақ оны экраннан көрген кезде қандай күйге түскенімді жақсы білемін. Ал қазір IMAX камераларының бар екенін біле тұра, оларды пайдаланбауды теріс көрдім.

- Қартаюдан қорықпайсыз ба?

- Жоқ, біз барлығымыз да қартаямыз ғой! Оның қаупі бәрімізге төніп тұр десек те болады!


- Тек сізге емес!

- Ия, еш жерім сынып қалмаған сияқты. (Күлді).

- Соңғы кезде боевик жанрындағы фильмдерге көп түсіп, драмалық жанрды шетке ысырдыңыз. Мұндай рөлдерді не себепті сомдамай кеттіңіз?

- Мен түрлі жанрдағы фильмге түсемін. Ары қарай не болатынын білмеймін. Менің мақсатым – көрерменнің көңілінен шығу. Сценарий таңдаған кезде бірінші көрерменнің талғамын ескеремін.

Аударған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru

Бөлісу: