Халықтың талғамын көтеру – тікелей музыканттардың ісі

Халықтың талғамын көтеру – тікелей музыканттардың ісі

Нұржан Тойшы – продюсер. Оның ең бірінші жұмысы электродомбыраның үнін естірткен "Алдаспан" жобасы болды. Ұлттық аспабымыздың дауысын әлемге танытып жүрген іскер азамат бүгін Massaget.kz-ке қонақ болды. Оның еліміздегі продюсерлік жайлы, үздік жобалар жайлы пікірін оқуға кеңес береміз.

- Нұржан аға, еліміздегі шоу-бизнеске жаңаша леп әкелгеніңіз, электродомбырамен жарқ етіп, көрермен көзайымына айналғаныңызды білеміз. Осыған орай, өзімізді мазалаған сұрақты бірінші қойғымыз келді. Продюсер дегеніміз кім?

Ағылшын тілінен аударғанда «өңдеп шығару» деген мағынаны білдіреді. Продюсерліктің кино мен теледидардағы түрін былай қойып, музыкадағы продюсерлікті түсіндіре кетейін. Продюсердің де түр-түрі болады. Мәселен дыбыс продюсері болады. Ол техникалық білімі болуы керек, ол музыкант болуы тиіс, ол адам топтың үнін ешкімге ұқсатпай шығару керек, яғни барлық аты шыққан, және енді шығып жатқан топтардың дыбысын тындап біліп отыруы керек. Қайталамуы керек. Одан бөлек Арт директор деген адам болады, ол сурет салу жанрында маман болып, әлемдегі сырткы көріністердің түрін білу керек, сол адам топтың костюмдерін, аксессуарларын таңдап беру керек, стилистермен жұмыс жасайды, яғни топқа өзіндігі бар бір көрініс табады, презентацияларын көркемдікке айналдырады. Ал концертке келсек, концерттің де бөлек продюсері болады. Концерттік продюсер сахнадағы жұмысты толықтай өз жауапкершілігіне алады. Бас продюсерге келсек оны негізгі жұмысы ақша тауып, бұқаралық ақпараттармен тығыз қарым-қатынаста болу, сонымен қатар айтып кеткен продюсерлердің жұмысын білу керек. Сонымен қатар топтың пиар менеджері болуы мүмкін. Айта берсек түрлі жұмыстарды сапалы деңгейде бөлек-бөлек мамандар атқару керек. Бұл жұмыстың бәрін өз басым 2 жылдай зерттедім. Зерттей келе, еліміздегі музыкалық салалардың дамымағанын байқадым. Былайша айтқанда, музыка нарығы дамымаған. Оның бір дәлелі сахнада жүрген адамдардың барлығы бай емес. Біздің ақсүйек деп танып жүргендеріміздің өзі орта менеджердің табысын ғана тауып отыр. Аты шықса да, табысы тұрақты емес жобалар көп. Айтсақ өзімізге айналып келіп тиеді, бірақ қазақ эстрадасы бай деп айта алмаймыз. Шетелдік шоу-бизнеспен салыстырсақ та солай. Мәселен, біздің 17 миллион халқы бар мемлекетімізде рок, этника, поп, джаз сияқты музыканың әрбір саласында кемінде жиырмаға жуық аты шыққан топ немесе әнші болуы қажет. Сонда ғана бізде бәсеке арқылы өрлеу байқалатын болады.

- Бұдан сіздің электродомбыраны шығарудағы мақсатыңыз белгілі болып келе жатқан сияқты. Музыкадағы әр салада бәсекелестік құру ғой?

- Иә, бұл іс жеке хоббиіме айналғандықтан, электродомбыраны тұңғыш болып шығардым. Бірақ бір ғана топты шығарып, онымен ғана жұмыс істей беруге болмайды. Бұл салада да көптеген бәсекелестер болғанын қалаймын. Бірақ бір айта кетерлігі, өзге жобалар 5 жылда жасайтын жұмыс көлемін біз екі ғана жылда жасап үлгердік. Осыны түсініп, еліміздің өзіндік сауда белгісі болса деген ниетпен, этникалық топтар ашуды көздедім. Оған жеке кәсіпкерлер де көмек қолын созып, игі іске атсалысты. Нәтижесінде, кәсіби музыкамен айналысатын екі бірдей топ ашқым келіп жүр. Біріншісі – электрожетігенде, ал екіншісі – электробалалайка аспабында ойнайтын топ болады. Неліктен электробалалайка? Себебі балалайка домбырамен туыс аспап. Қазақтың домбырасы да екі және үш ішекті болып келеді. Кейде тіпті формасы да ұқсап жатады. Тағы бір себеп – балалайканың заңды иесі орыс халқы да елімізде тұрады. Олардың да қызығушылығы оянады деп сенеміз. Мемлекетіміз көрші орналасқан. Мұнда бір қызық жәйт – Ресейде электробалалайка ойнайтын топ жоқ, тек бірен-сараң айтылып, балалайка мен гитараның үнін қосып жүргендер бар, бірақ олардың аты бар да заты жоқ дегенге саяды. Міне, осы себептен де тұңғыш рет бұл кәсіппен айналысып көру ойда бар. Ал электрожетіген 23 ішекті аспап. Бұл аспаптың да дыбысы керемет.

- Орыстың балалайкаларының тарихы жайында айта кетсеңіз. Уикипедияда оның орта азиялық домбырадан тарағаны туралы жазылған. Бұл рас па?

- Иә, десе де, арғы тарихта домбыраның да, балалайканың да шыққан тегі "ду", "тар" деген аспаптар. Еліміздегі "Тамғалы" мұражай-қорығында да 2000 жыл бұрын қашалып салынған екі ішекті аспаптың суреті бар. Міне, сол аспаптың кейін аты мен түрі өзгеріп, қазіргі кезде басқалай аталып жүр.

Қазақ домбырасының түрлері: үшбұрышты, сопақ, трапеция формасындағы домбыра

Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының мұражайы

Бұдан бөлек менің продюсерлігіме «Қазақстан дауысы» байқауының жүлдегері Шахаризад Сейдахмет келді. Бұл, әрине дайын жоба, халыққа да танылып үлгерді. Ендігіде тек әрмен қарай дамудың жолын да көрсетіп, қолдау білдіргім келді. Музыкасы мен стилін қалыптастыру жұмыстары қазірде жүргізіліп жатыр.

- Жақсы жаңалық екен. Электрожетіген мен электродомбыраны халық қалай қабылдайды деп ойлайсыз? Сіздің болжамыңыз қандай?

- Стив Джобс деген атақты адамды бәрі де білетін шығар. Ол кісіден көзі тірісінде қатарластары: «Жасап жатқан дүниең халыққа керек бола ма?», - деп сұрақ қойғанда: «Бұл сұрақтың негізі жоқ. Нарық өзіне не керек екенін білмейді. Біз маман болғандықтан, оларға ненің керек, ненің керек емес екенін түсіндіріп береміз», - деген екен. Сол сияқты біздің бай музыкамызды керек ете ме, жоқ па деп қабылдамай, тыңдармандарымызға, әсіресе шетелдік музыкасүйер қауымға ұсынуымыз керек.

- Той-бизнестің де халық мұрасы екенін әншілер түсіне бастаған сияқты. Оған тойға арналған түрлі бағдарламаларды мысалға келтіруге болады. Сіздің жобаларыңыз той-бизнеспен айналыса ма?

- Бірінші кезекте форматы тойға келетін дүние шығарғымыз келеді. Жоғарыда айтқан екі топ та той-бизнестен бастайды. Бірақ мұндағы бір ерекшелік – менің продюсерлігімдегі топтар тек жанды дауысты ән айтатынында болып отыр.

- Бұл сөзіңізбен халықта талғам қалыптастыру – тікелей музыканттардың ісі екенін айтпақсыз ғой?

- Иә, себебі қаншама жыл бойы өзгелердің әнін тыңдап келдік, ал оларды әрмен қарай тыңдата берсек, патриоттыққа жатпайды ғой. Сондықтан өз еліміздің этникалық аспаптарын жаңаша қырда көрсетіп, талғам қалыптастыру біздің қолымызда дегім келеді. Бұдан бізге келетін екі бірдей пайда бар: біріншісі – халықтың талғамы өседі, ал екіншісі – әлемде жоқ дыбыс пен үнді шетелдіктер таниды. Біздің нарықта фонограммамен ән айту қалыптасып кеткен. Тірідей аспапта ойнау, ән айту қымбатқа түседі, басқа да қиындықтары жоқ емес. Егер халық тірі музыканы тыңдайтын болса ненің не екенін түсінеді деген ойдамын.

- Қазақ музыкасын әлемге танытудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

- Бірінші кезекте қандай өнер адамы болмасын, оған мемлекеттік деңгейде көмек-қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекеттік әкімшілік органдарының мәдениет бөлімдері бірігіп жүйелі түрде жұмыс жасауы керек. Әлемдегі үздік жобалардың қай-қайсысын алсаңыз да, оларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіледі. Мәселен, Кореяның LG, Samsung, көліктері, тіпті шоу-бизнесінің шарықтауына мемлекеттің тікелей қолдауы болған. Оларға халықаралық байланыстарын реттестіріп, түрлі жеңілдіктермен несиелер беріп, жан-жақтылы қолдау көрсеткен. Біздің де спорт саласындағы Астана вело-командасын дүниежүзі біледі десем артық айтқандық емес. Боксшыларымыз да мемлекеттік қаржыландырудың арқасында кереметтей биік деңгейге көтеріліп келеді. Оған "Самұрық-Қазына" қорының көмегімен танылып келе жатқан «Қазақстан барысы» жобасын қосыңыз. Дәл осылай «Ұлытау» тобы меценаттардың қолдауымен әлемдік турларға барып, қазақ музыкасын асқақтатты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Міне, дәл осылай бізге де, шоу-бизнеске де қолдау қажет.

- Massaget.kz оқырмандарының ішінде продюсерлік жолға түскісі келетін жастарға қандай кеңес айтар едіңіз? Продюсер қандай болуы керек?

- Мынадай тізімді ұсынар едім:

  • Продюсер бірінші кезекте тіл білуі керек. Ғылым мен техниканың, шоу-бизнес тақырыптарының 80 пайызы ағылшын тілінде жазылады. Осыған орай, өзім де ағылшын тілін меңгеріп, тіпті әдістеме кітабымды ұсынғалы жатырмын. Бұл әдістеме кітап бастапқыда орыс тілінде, кейін қазақ тілінде шығады. Көмекші құралымды ұстазымның жасаған әдістемесін пайдалана отырып, оны дамыта келе жасап шықтым.
  • Екінші кезекте продюсердің маркетинг саласында білімі болуы қажет. Бұл терминнің қазірде 95 анықтамасы бар екен. Оның анықтамасын бірнеше шараның жүйесі арқылы белгілі бір мақсатта жасалған қызмет пен тауарды көпшілікке сату деп түсіну керек. Оның ішінде PR саласы бар.
  • Әрбір продюсер өз елінің тарихын білуі керек. Себебі ол өз мемлекетінің мүддесін қорғауы керек. Ал қазірде тауар не қызмет ұсынушы продюсерлер өз тарихын білмегендіктен, көптеген қателіктерге бой алдырып жатады.
  • Оның өз саласы бойынша техникалық білімі болуы қажет. Видео, дыбыс, интернет сияқты салаларда білімі болса – оның мүмкіндігі көп деп айта аламын.
  • Продюсердің жеке денсаулығы жақсы болуы керек. Бұл дегеніңіз нағыз сын, нағыз еңбек. Мұндайда адам шаршамауы қажет. Өзін психологиялық түрде жеңіліске де, жеңіске де дайындауы қажет.

- Тамаша талдау. Ал біздің елде осы талаптарға жауап бере алатын продюсер бар ма?

- Өкінішке орай, жоқ. Мұны әзірге анықтау да қиын. Себебі, бізде жоғарыда айтып өткенімдей, бәсеке жоқ. Бәсеке болмаған жерде деңгей жайлы сөз қозғаудың реті жоқ. Көпке топырақ шашпаймыз, осы айтылған талаптарға сай келетін бірді-екілі адам бар да шығар, бірақ барлық саладан хабары бар адам жоқтың қасы.

- Продюсер ретінде өз ойыңызды айтсаңыз, мәселен қазір Қайрат Нұртас сіз үшін қандай жоба?

- Қайрат Нұртас – PR және маркетинг жағынан үздік жоба дей аламын. Барлығымыз сол жобадан сабақ алуымыз қажет. Әрине, «Жеңімпазды ешкім жазаға тартпайды» деген орыстың мәтелі бар ғой, Қайрат жеңімпаз, оның кемшілігін айту дұрыс емес деп ойлаймын. Бизнесте де «Бәсекелесті жамандауға болмайды» деген ұстаным бар. Ал оның дауысын, музыкасын, стилін арнайы мамандар мен сарапшылардың талдап, сынағаны жөн. Ол туралы жақсы немесе жаман деп кесіп айтатын мүмкіндік жоқ, ол үшін материалды зерттеп, оған жан-жақтылы талдау жасау керек деп ойлаймын. Сол себепті пішіп айтуға дайын емеспін.

- Сұхбатыңызға рақмет! Сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай

Сурет: Нұржан Тойшының жеке мұрағатынан

А. Құлтай