Әсия Бағдәулетқызы: «Рецензия жазатын адам шығарма туралы ғана емес, өзі туралы жазады»

Әсия Бағдәулетқызы: «Рецензия жазатын адам шығарма туралы ғана емес, өзі туралы жазады»

Қазақ журналистикасында мәдени тақырыпта қалам тербеп жүрген білікті тілшілердің бірі – Әсия Бағдәулетқызы. Театрландырылған қойылым, экранда жарық көрген фильм немесе ұсынылған әдеби шығарма авторлары көп ұзамай мамандардың, қарапайым көрерменнің пікірін күтері анық. Оған объективті баға беріп, саралай алатын журналистер кемде-кем. Сол міндетті бірнеше жыл бойы Әсия жақсы атқарып келеді. Бүгін біз Әсияны сұхбатқа тартып, рецензия жазудың қыр-сырын сұрадық.

- Әсия, сонау Астанадан Алматыға «Ел арна» сияқты белді телеарнаға редактор болып келгеніңді естідік. Бірақ көп ұзамай телеарна жабылатындығы мәлім болды. Бұл хабарды қалай қабыл алдың? Арқалап келген идеяларыңның іске аспай қалғандығы жаныңа батпай ма? Енді немен айналысуды көздеп жүрсің?

- Астанадан Алматыға «Ел арнаға» емес, Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтына келген болатынмын. Себебі студент кезімнен «Алматы ақшамында»  4, «Халық сөзі» газетінде 3 жыл істедім, газет жұмысынан аздап жалыққандай едім. Институтта «АРТеФАКТ» деген мәдени-танымдық журнал шығардық, Қазақстандағы мәдениет саласының даму тенденциялары жайлы көлемді баяндама жасадық, 14 облыс пен ірі қалалардың мәдени төлқұжатын әзірледік. Мұның бәрі айналасы 3-4 айдың ішінде түйінделген жұмыстар. Бірақ сол үш-төрт айда мынаны түсіндім: мен үшін ең бастысы қызмет те, еңбекақының көлемі де емес, ең алдымен өзімді қоршаған адамдар екен. Егер қоршаған ортаңда өзіңе рухани «азық» бере алатын, өзіңе қызық адамдар болмаса, жұмысың қанша өнімді болса да, одан қанағат таппайсың. Сөйтіп жүргенде «Ел арнадан» ұсыныс түсті. Өзім танымасам да сырттай сыйлайтын, құрметтейтін адамдармен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Өз басым оған шүкірлік деймін. Ал телеарнаның жабылуына келсек, шынымды айтсам, ол жаңалыққа анау айтарлықтай таңқалғаным жоқ. Бұл «Ел арна» жабылуға тиіс еді деген сөзім емес, керісінше, осы елде жабылмауға тиіс екі арна болса, соның бірі осы «Ел арна» еді. Бірақ солай болды, әлдебір түйсігіммен оны алдын ала сезген де едім. Ал идеяларға келсек, ешқашан да бірдеңені қопарып тастаймын деп ойлаған емеспін, сонымен бірге егер адамның ішінде бір сәуле болса, ол қалай да түбінде жарып шығатынына сенімдімін. Мінбер іздеп керегі жоқ деп ойлаймын. Өзін анда да, мында тықпалап, «сатып» жүрген адамдарға таңғаламын, өзім ондайды дүниеге екі келсем де жасай алмайтын едім. Мүмкін, балалық шығар, бірақ қашан да жақсылық мені өзі іздеп келетіндей көрінеді де тұрады. Осы уақытқа дейін солай болып жүр де. Ал алдағы уақытта немен айналысасың дегенге келгенде мен күй таңдайтын адам емеспін, «екі қолға бір күрек» табыла жатар. Жұмыс деген уақытша нәрсе ғой, мені оның арғы жағындағы дүниелер толғандырады. Шыны керек, телевизия өндіріп ештеңе бітірмесең де уақытыңды жұтып қояды екен. Бәлкім, «шығармашылық демалыс» алып, екі-үш ай болса да өзімді дамытуға, білімімді ұштауға, ізденуге арнасам деген арманым бар.

- Жалпы телеарналар тек ойын-сауық бағдарламаларымен ғана көрерменді ұстап тұр деген пікір көп айтылады. Жаңалықты жұрт қазірде интернеттен оқитын болған. Телеарналардың беделі төмендеп барады дейді. Мұнымен келісесің бе?

- Келісетін де, келіспейтін де тұстарым бар. Интернетті жалаулатып жүргеніміз бір жағы дұрыс емес, өйткені оған көбінде қала халқының ғана қолы жетіп отыр. Мемлекет сол интернеттің қазіргіден де қолжетімдірек болуын ойласа екен. Сіз бен біздей кеңсе қызметкерлері жиылып алып, Мейрамбектің инстаграмын әңгіме қылғаннан бүкіл Қазақстан осында отыр екен деуге болмайды. Егер Қазақстанның ең түкпіріндегі ауылындағы мұғалім мен дәрігер де, тіпті сиыр бағып жүрген бақташы ағай да интернетке еркін кіріп, жүйкесін тоздырмай видео көре алатын деңгейге жетсе, егер кез келген көшеде, пойыздың ішінде wi-fi болса, онда әрине, интернет сөзсіз жеңеді. Ал оған дейін біз ауылдағы, немесе интернетке жете алмай жүрген халықты ысырып тастай алмаймыз, оларға да телевизияда ма, газетте ме, басқаша ма, әйтеуір қызмет көрсетуіміз керек. Мүмкін, жаңалық тарату жеделдігі жөнінен интернет телевизиядан озып кеткен шығар, бірақ телевизияның басқа да функциялары бар ғой. Сол функияларын телевизия орындап жатыр ма, жоқ па, бұл басқа мәселе. Телеарналардың бәрі «Рейтинг қанша болды?» деп дірілдеп отыр қазір. Сол рейтингте негізінен көш бастайтын - сериалдар, концерттер мен кинолар. Сирек қана бағдарламалар 3.4 деген көрсеткіштерге жетеді. Оның басым бөлігі және ойын-сауықтық бағдарламалар екені ешкімге жасырын емес.

- Әнші, актерлердің қатысуымен болатын бағдарламалар шынымен көп болып кетті. Оған қоса олардың белгісіз қырын көрсететін, былайша айтқанда сары прессаға негізделген бағдарламалар әсіресе танымалдылыққа ие. Сенің ойыңша, бұл дұрыс па? Адамның сұранысына сай ұсыныс жасай беру керек пе?

- Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік арналардан шоуларды көріп, қызығатын едім. Бұларда «жұлдыздар институты» деген қалыптасты, спортшыдан да, әнші-актерден де жұлдыз жасай алды, ал біз аузымызды аңқайтып соларға қарап отырмыз деп. Шындығында олардың «жұлдыздарының» көбі де қолдан жасалған ғой, сондықтан өзгенікінен гөрі өзіміздікін көрсек, Лолитаны тойға шақырғанша, Меруерт Түсіпбаеваның қалтасына ақша салсақ, сол дұрыс емес пе? Бірақ біз әдеттегідей асыра сілтеп жібердік. Кейбір әншілерді жүргізуші қыламыз деп әбден сүйкімсіз қылып алдық. Бұл даңғазалық та бір күні тыйылады. Қазіргі проблема – телевизия мамандары «халықтың деңгейі осы» деп көрерменді тым төмен бағалайды. Ал көрерменді соңынан ерте алу үшін сол көрерменнен гөрі білімдірек, ақылдырақ болуды ойламайды. Жалпы, мен қай кезде де әртүрлілік болсын дейтін адаммын. Дәстүрлі әнді насихаттайық, бірақ рэп те болсын. Психологиялық театр да, пластикалық театр да, дәстүрлі театр да болсын. Өнер адамдары көп болсын, олар бір-біріне ұқсамасын, әртүрлі өнім ұсынсын. Сары басылымның тақырыбы ма? Бола берсін. Оған балама интеллектуалды, танымдық бағдарламалар да болсын.

- Сонау «Алматы ақшамы» газетінен сенің мәдениет тақырыбында жазған сын мақалаларың мен рецензияларыңды оқып келеміз. Жалпы театр қойылымдарына, фильмдерге рецензия жазуда неге негізделесің?

- Өзімнің ойыма ғана негізделетін шығармын. Мен үшін кино, спектакль көру, әдеби шығарма оқу – ол да шығармашылық процесс. Сен көріп отырғанда әртүрлі ойлар келеді, ол сондай бір қуанышты сәт. Кинотеатрдан үйге жеткенде сол ойлардың есте қалғаны рецензия болып түседі. Әрине, әр кезде әртүрлі кітап оқып жүруге тырысам. Режиссерлердің, актерлердің өмірбаяндық кітаптары, өнертанушылық әдебиет. Оның да көмегі тиетін шығар.

- Жалпы мықты рецензия жазу үшін көрермен неге назар аударуы керек? Фильмнен алған әсерін қалай жеткізгені дұрыс? Кейбірі рецензия жазамын деп фильмнің мазмұнын айтып кетеді. Мұндай қателікке ұрынбас үшін қандай кеңес бересің?

- Көрермен ғана емес, мен деген журналистердің өзі кейде мазмұндама жазып кетеді. Кез келген көркем шығармада, егер ол көркем шығарма болса, астар болады. Сол астарға үңілу керек шығар. Ал екінші жағынан сын, рецензия жазатын адам қалай да бір шығарма туралы ғана емес, өзі туралы жазады. Өзінің қоғамға, адамдарға қатынасы, әлдеқандай ішкі кереғарлықтары туралы. Сондықтан жақсы рецензия жазу үшін адамның өзі де аздап ойланып, өзінің өмірін, адамдармен қарым-қатынасына анализ жасап отырғаны дұрыс шығар. Түсінген адамға рецензия деген өзіңнің күнде көріп жүрген адамдарға кейбір айта алмаған ойыңды жеткізудің тамаша құралы. Бір жағы, саған да, оған да қатысы жоқ, бірақ түсінетін адам түсінеді.

- Өзіңе қандай фильмдер ұнайды? Спецэффектіге толы фильмдерде қандай да бір мағына, бір түйір ой түйіп қайтуға болады деп ойлайсың ба?

- Өзіме әр кезде әртүрлі фильмдер ұнайды. Бір кездері кілең мелодрамаларды, бір кезде жеңіл комедияларды, бір кезде экшн, бірде үнді киносын көруге құмартып кетуім мүмкін. Ол бір көңіл-күйге, ішкі сұраныстарға байланысты дүниелер болса керек. Бірақ бір нәрсе өзгермейді – мен психологиялық шиеленісті, поэтикасы бар, өзіндік стилі бар, авторлық қолтаңбасы сезілетін, қоғамды, адамды зерделейтін, шын мәніндегі көркем фильмдерді көруден ешқашан жалықпаймын. Жақсы Голливуд киносы бар: Финчер, Содерберг, ағайынды Коэндер, Скорсезе, сонымен бірге авторлық кинода жұмыс істейтін Еуропаны, Азияның режиссерлері маған қызық. Қорқынышты кино көрмеймін. Спецэффектілер пайдаланылған фильм міндетті түрде ақымақ болады деген сөз емес, ол режиссердің деңгейіне байланысты. Біреулер атыс-шабысқа ғана қарап отыратын, ешқандай мағына жоқ кинолар түсіреді. Ондай киноны көрген уақыт – өлген уақыт. Біреулер динамика, экшнмен бірге жаттанды, шаблон ой болса да, бірдеңе айтып қалуға тырысады. Бірақ қоғамның жараларын тырнайтын, адамның өзінен де жасыратын сырларына бойлайтын ойлы кинода спеэффекті аз пайдаланылатыны сөзсіз. Тіпті маған «кинода музыка болмауы керек» деп санайтын режиссерлердің де көзқарасы ұнайды. Кез келген киноны музыкасыз елестетіп көремін, сонда оның шын бағасы белгілі болатын секілді.

- Қазақстандық фильмдерге жақсы рецензия жазып беруді ұсынатындар бар ма? Жалпы фильм ұнамаса, бірақ режиссердің көңіліне тиюді қаламасаң, қалай жеткізер едің?

- Мен өзімді сыншы санамаймын, бірақ «сыншыда дос болмайды» деген пікірге қосыламын. Қазірдің өзінде бір-екі рет жолың түйіскен адам өзі түсірген дүние туралы пікір күтеді. Кей киноларды көріп отырып, техникалық тұстарды ойламайсың да. Киноның тереңіне сүңгіп кетесің. Кейбірінде кісінің еңбегі сіңді ғой деп, әйтеуір бір артықшылықтарын көруге тырысасың. Ал кейбірінде тіпті «осы киноға кеткен есіл уақыт, есіл еңбек» деп, түсіру тобындағы адамдарды аяйсың. Соңғы жағдайда егер режиссердің көңіліне тиюді қаламасам, ештеңе жазбаймын.  Басқа жағдайда мен білетін кез келген есі дұрыс өнер адамы өзінің шығармасына іштей көңілі толмайды, сондықтан сынды қабылдайды.

- Қандай да бір фильм шыға салысымен сенің пікіріңді оқуға асығатын болдық. Өзің кімнің рецензиясын оқисың? Кімнің пікірімен санасасың?

- Пікіріңізге рақмет, бірақ мен өзімді тамаша рецензия жазатын адам санамаймын. Менікі өзіндік қабылдау ғана. Ол тек қана маған тиесілі қабылдау, басқа адам бұл кинодан мүлде басқа дүние көруі мүмкін. Тұрақты түрде оқымасам да, Гүлнар Әбікееваның, Олег Борецкийлердің жекелеген фильмдерге қатысты пікірі маған қызық.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сурет: Әсияның жеке мұрағатынан

Сұхбаттасқан: Анар Мұстафина

A. Mustafina