"Өмірдің өзі – театр" оқырманға жол тартты...

"Өмірдің өзі – театр" оқырманға жол тартты...

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев өзінің 78 жас мерейтойы қарсаңында «Өмірдің өзі – театр» атты кітабының тұсаукесерін өткізді. Рухани жиын актердің 60 жыл еңбек еткен ордасында, яғни, Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ұйымдастырылып отыр.

Сахнада, кинода таудай образдарды талай сомдап, қазақ өнеріне тың тыныс әкелген тұлғаның қуанышын бөлісуге белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, өнердегі үзеңгілес әріптес-досы Асанәлі Әшімов, жазушы-драматург Дулат Исабеков, атақты балалар дәрігері Камал Ормантаев, әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Темірхан Медетбек, Торғын Тасыбекова, Қали Сәрсенбай сынды көптеген белгілі қоғам және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, актердің сахналас әріптестері, туыстары келген екен.

Сөз алған қонақтардың барлығы да театр өнеріне, театр тарланына ыстық лебіздерін арнаумен болды. Темірхан Медетбек кітап авторының өмір жолы жайлы ұйытып естеліктер айтса, театрдың өнерлі жастары және белгілі актер Бекжан Тұрыс әннен шашу шашты. 

Кеш соңында Сәбит Оразбаев кітаптың шығуына әсері тиген "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай мырзаға және ұжымына ризашылық алғысын білдірді. Сахна саңлағы: «Амандық болса, таяуда кітабымның екінші томын да шығару жоспарда бар» деген ниетін де жасырып қалмады. Көтеріңкі көңіл-күймен жиналған қонақтарға өз қолтаңбасымен кітап та үлестірді.

Сәбит Оразбаев тұсаукесер алдында кітаптың жазылу барысы туралы былай деді:

– Өнер адамдарының өмір жолы оңай емес. Қиындығы да көп, қызығы да мол. Содан кейін біз театр негізін қалаған бабалармен қызметтес болдық. Көзін көрдік, бірге жүрдік, ел араладық. Олардың әрбір күні тұнып тұрған тарих. Осындай оқиғаларды ел-жұрт сұрамаса, адам өзі жазбаса ұмыт қалып кетеді. Осы себеппен Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбеков, Елубай Өмірзақов, Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов бабаларымыз, одан кейін кереметтей күй тартатын Әлікен Қасенов деген кісі де осында әртүрлі образдар жасауға қатысты, міне, осындай тарландарымызды біз де, келер ұрпақ та естен шығармауы керек. Жалпы театрда 100 әртіс болатын болса, оның 20 шақтысы ғана белгілі болады, ал мен  сондай белгісіз адамдарға мән бердім, неге олар белгісіз болу керек, неге олар тарихта қалмайды деген ойға келдім. Содан кейін естігендерімді, түйсігімде сақтағандарымды, көргендерімді жинақтап шықтым. Біз Сайын Мұратбеков екеуміз бірге оқыдық. Ол бірде: «Сәке сенің де бір әңгіме шертетін қасиетің бар, осының бәрін түртіп қойсаңшы» деп айтып жүретін. Шерағаңның да мұнан хабары бар, кітап шығаруға кеңес білдіргені бар. Бірақ соңғы жылдарға дейін кітап шығармын деген мүлде ойым болған жоқ. Содан бір күні «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай алдыма келіп: «Аға, осы сырлы әңгімелеріңізді шетінен айтып берсеңіз, біз соны жариялар едік» деді. О баста мән бермеп едім, бірнеше рет айтылған соң осыны бір көрейін дедім. Көп ұзамай «Ақшамға» жаза бастадым. Алғашында диктофонға айттым, бірақ өңдегендері ұнамады да, қолыма қалам мен қағаз алып түсіргенді жөн көрдім. Аяғында ноутбукпен жазуды үйрендім, сөйтсем ол дегенің жазуға өте қолайлы дүние екен ғой. Бір жаманы қол жазуым нашарлап кетті, анаған әбден үйреніп қалады екенсің (күліп). Ақырында газет бетіне шыққандар оқырман қызығушылығын тудырып, сұрақтар қойылатын болды. Ортасында қолым тимей, жазбай кетсем себебін сұрайтындар да табылып жатты. Кейде әзілдеп «Алматы ақшамы» мені жазушы қылды деп қоятыным бар. Біршама уақыттан кейін газет бетіне жарияланғандар тәп-тәуір еңбек болды, артынан кітап етіп шығаруды қолға алдық.

Кітапты оқығандар: «Өте жеңіл оқылады екен, бір түнде бітірдім, небір қалжыңдар бар екен, ішек-сілем қатты, өнегелі оқиғалары ұнады» деген пікірлер білдіріп қуантып жатыр. Кітаптың мақсаты – аға буынды, менің замандастарымды өскелең ұрпаққа, бүгінгі көрерменге, оқырманға таныстыру. Бір жыл бойы жинақталған кітапта сахна сыртындағы өмірді, тәрбиелік мәні бар оқиғаларды қамтуға тырыстым.

Өнер шыңында өзіндік талантымен сахнаның шаңын шығарып жүрген Сәбит ағамызды 78 жылдық мерейтойымен және кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтаймыз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Нұрғиса Елеубеков

М. Оңғарова