"Қызғалдақсың, сен де бір құмда көшкен..."

"Қызғалдақсың, сен де бір құмда көшкен..."

Халық мұңының жаршысына айналған, шынайы талант, шоң ақын Фариза Оңғарсынова тірісінде аңызға айналған бақытты адам. Ортамызда жүргенде-ақ ол туралы қаншама жақсы ойлар, пікірлер, арнаулар айтылды және келмеске кеткеннен кейін де айтыла берері хақ. Қазақ поэзиясының қаралы күнінде Фариза апамызға арнап айтылған жүрек жарды сөздерді ұсынып көрмекпіз. Жақсы адамның соңынан жақсы сөздер ғана ереді...

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

Мұқағали Мақатаев

Әлде асау толқынды теңіз бе едің,

Әлде нөсер, дауылмен егіз бе едің,

Әкелердің алдында азамат боп,

Әлсіз екен ұрпағым дегізбедің...

Шырын Мамасерікова

Жігіт болсам, ақыным –

Өзіңе ғашық болар ем.

Білдірмей ғана ақырын,

Қолыңа ғана қонар ем...

(Данабике Байқадамова. "Еркелете алмай жүрмін мен" өлеңінен кейін туған өлең)

Аппақ мөлдір сезімдеріңіз үшін,

Сезімге беріліп, езілгеніңіз үшін,

Көз ілмейтұғын төзімдеріңіз үшін,

Дара тұлға боп көрінгеніңіз үшін – 

біз Сізге бас иеміз!

Бексұлтан Солтанбеков

Қасақана сенбейтіндер сөзіме

Хас Ақынның үңілсе еді Көзіне...

Тыныштықбек Әбдікәкімов

Сендей, мендей жылады ма бар ғашық,

Кірпігінде қылаулайды арда шың...

Сырлы сәттер жүректерде алмасып,

Кетсе болды рухымыз жалғасып.

Кеш, апа.

Ботакөз Баймұқанқызы

Фариза, сен жұлдызсың

аспандағы,

Пенде боп қара жерді бассаң-дағы.

Шампан боп тығындарды

атсаң-дағы,

Сел болып Алатаудан

ассаң-дағы,

Жұлдыз болып қаласың Сен

аспандағы!

Манаш Қозыбаев

Жаралмаған қайғы мен мұң ішуге,

Қызғалдақсың,

Ашылған құм ішінде.

Тербетіліп қысы-жазы тұрасың сен

Тағдырдан қалап алған жыр үшін де!

Қызғалдақсың, сен де бір құмда көшкен,

Сусып жатқан құм сырын тыңдап өскен.

Құм-толқында тербелген, қызғалдағын

Шығармайды ешқашан жылдар естен.

Марфуға Айтқожина

Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы – поэзиясы болмақ-ты...

Ғабит Мүсірепов

Фариза – өз жырын жүрегімен сезгенін, адам табиғатынан байқағанын сыршылдықпен сидырып, адамның алуан сезімдері мен сәттерін, өмір құбылыстарын өз жүрегінің дүрсілімен бере білетін ақын.

Мәриям Хакімжанова

Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.

Әбділдә Тәжібаев

Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады

Нұрсұлтан Назарбаев


Фариза поэзиясының басты ерекшелігі – ақын ой мен сезімнің қалыпқа көнбей, қанатынан қан сорғалап тұрса да, биікке, заңғар көкке талпынып, шарқ ұрып, азаттық атты әулие ұғымның қасиетіне табынып, әуелей самғап, жан сырын ақ күміс теңгедей ашық шаша білуінде.

Күләш Ахметова

Фариза Оңғарсынова поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлділ... Поэзиясы – шың. Прозасы – сол шыңды тіреп тұрған шоқылар...

Шерхан Мұртаза

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: thenews.kz