Тыңдарман «V-Alem» тобын қылығынан таниды

Тыңдарман «V-Alem» тобын қылығынан таниды

Олардың бойында танымал болуға қажеттінің бәрі бар: талант та, кәсібилік те, еңбекқорлық пен жігер де. Бірақ бұл бой-бэнд өкілдері өзгелерден ерекшелену үшін ғана жан алып, жан беруді мақсат етпейді. Талант пен еңбек, сүйкімділік пен шынайылық бәрібір көлеңкеден алып шығады деп сенеді. Қазақ поп-мәдениетіндегі жас топтың атауы да соны аңғартады: «V-Alem»– биікті бағындыруды көздеген топ.

 «V-Alem»-нің ұлттық поп-музыканың қазанына түскеніне жуырда бір жыл толды. Өнерлі ұлдардан құралған топтың атауындағы алдыңғы әріп «victory» – «жеңіс» дегенді білдіреді. Музыкалық ұжымның көздегені – биік: әлемге қазіргі заманғы қазақ өнерін, қазақ жастары талантының әлеуетін таныту. Топтың репертуарында әзірше алты ән бар. Әйгілі Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім, сөйлеші!» термесінің бүгінгі заманға лайықталған нұсқасынан бастап, Шөмішбай Сариев пен Самат Рыспанбеттің «Қазақ рухы», Самат Рыспанбет пен Жанат Серікбектің «Іздеймін сені», Азамат Тахиров пен Павел Лидің «Ғашығым» және басқа әндері тыңдармандарын тапты. Бой-бэнд әндері мазмұн жағынан сан алуан болғанымен, отаншылдық, жастық жігер, ғашықтық сезім тақырыптары бұл жігіттердің ырғағында ерекше әсерлі, бұлардың орындауында әннің бәрі жаңашылдыққа жаны құштар қыз-бозбалалар үшін бірден құмартып қаларлық дүниелерге айналады. Әндерінің барлығына заманауи сахналық би үлгілері әзірленеді.

 

Азамат Ержанұлы, топтың мүшесі:

– Өнеріміз тәй-тәй басқан бала сияқты енді-енді дамып, көпшіліктің назарына ілігіп жатыр. Репертуарымыздағы әндердің үшеуі – авторлық шығарма. Біздің ойымызша, кәсіби, шынайы өнерге ұмтылған кез келген әншінің әнқоржынында халықтың құнды қазынасы саналатын дүниелер болуы керек. Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесін осы мақсатпен репертуарға қостық. Сондай-ақ, Самат Рыспанбеттің бірнеше әнін орындап жүрміз. Бұл – әндеріміздің көбін қазіргі заманға сай өңдеумен айналысып жүрген азамат.
Бүгінгі поп-мәдениетте бой-бэндтер де, гёрл-топтар да көп. Бәсекелестіктің заңымен жүрмесе, болмайды. Дегенмен, «V-Alem» жігіттерінде бұған қатысты үрейлену жоқ. Қашанда талант пен шынайылықтың, еңбек пен кәсібиліктің өрге сүйрейтініне сенеді. Жас әншілер музыкалық топтар санының көбейгені олардың сапасын да арттыра түседі деген пікірде. Тыңдарман өзінің сүйікті тобын қылығынан танымақ. «Мысалы, патриоттық әндерді көпшілік «міндетті түрде марш пен басқа да байсалды ырғақта айту қажет» деген пікірді ұстанады. Отан, елдік рух тақырыбындағы әндердің бәрін бұлай орындау міндетті емес. Біз осы қалыптасқан стереотипті бұзғымыз келеді. Неге патриоттық әндерді жастардың санасында жақсы қалатындай еркін стильде насихаттамасқа?!» – дейді топтың мүшесі Ардақ Салқашев.

«V-Alem»-нің өзіндік келбеті бар топ болып қалыптасуына кезінде талантты әнші, композитор, продюсер Нұрділла Сәрсенбаев, «Jado продакшн» компаниясының жетекшісі, дизайнер, хореограф, режиссер Жадыра Сахиева сияқты өнер иелері қолдау көрсетті. Бүгінде «V-alem»-діктер өздері – әнші, өздері – биші, өздері – продюсер, өздері – режиссер, өздері – актер. Солай бола тұра, бесаспап жігіттер талантты адамдармен жұмыс істеуге қарсы емес.

Жалын Тілеуберген, топтың мүшесі:

– Әр топтың негізгі мақсаты – халыққа кеңінен танылу. Біз қазір не істесек те, бәрі сол мақсаттың жолындағы шаруалар болып саналады. Басты жоспарымыз – жақсы әндеріміздің біріне бейнебаян түсіру. Ол көптің бірі түсіретін дүние болмауы тиіс. Үшеуміз де – студентпіз, Өнер академиясында оқып жатырмыз. Енді бейнебаян үшін тірнектеп қаржы жинап, ойымызды іске асыруымыз қажет. Келешекте танымал әнші аға-әпкелерімізбен дуэт орындауды да ойлаймыз.

Мамыр айының соңына таман «V-Alem» Түркияда өтетін Adana Uluslararasі Türk Dünyasі Kültür ve Sanat Festivali халықаралық фестиваліне қатысады. Әнші жігіттер бұл байқауға осымен екінші жыл қатарынан шақырылып отыр. Былтырғы фестивальде топтың өнеріне күллі түркі дүниесі қошемет білдірген болатын. Шағын топтың алғашқы жетістіктері осындай. Алар асуы әлі алда. Үш жігіттің идол-топқа айналуға бар мүмкіндігі жетеді.
Автор: Болатбек Мұхтаров

Ғ. Ұзақ