Мерей Қайнарұлы: «Қылқалам ұстауыма бірден бір себепші – туған жерімнің табиғаты»

Мерей Қайнарұлы: «Қылқалам ұстауыма бірден бір себепші – туған жерімнің табиғаты»

Мерейдің салған суреттерін әлеуметтік желілерден байқап қалдым. Осы бір қылқалам өнеріне ғашықтығым болса керек, жалт еткен сәтте-ақ тоқтап, анықтай қарай алдым. Ол Өскемен қаласында тұрады екен. Сұрай келе, осы өнермен шұғылданып жүргенін, кейінге қойған жоспарларын білдім. Оның әрбір салған суреті табиғи, еш жасандылықсыз шығады. Автордың осы салада айтар ойлары да тұщымды.

- Мерей, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

- Жұртшылық жер жәннәті дейтұғын Катонқарағай ауданына қарасты, Шыңғыстай ауылында 1985 жылы дүниеге келдім. Мектеп қабырғасынан кейін Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің «Бейнелеу өнері және сызу» факультетіне оқуға тапсырдым. Оқу ойдағыдай аяқталды. Суреттің қыр-сырын азды-көпті меңгердім. Алғашқы қызметімді ШҚО, Глубокое ауданы, Глубокое кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастадым. Мұғалімдікпен қатар сол ауданның газетіне кішігірім мақалалар жазып жүрдім. Уақыт өте ауданда қазақ тілінде газет ашылып, сонда тілші болып жұмысқа қабылдандым. Журналистиканың ұстаханасындай болған аудандық газеттен кейін жаңа ашылған облыстық «Менің өлкем» газетіне тілші болып орналастым. Кейіннен аталмыш газеттің редакторлық қызметі бұйырды. Қазір «Менің өлкем» газетінде қызметім жалғасуда.

Катонқарағай ауылындағы мешіт

- Сурет өнерімен қашаннан айналысып келесіз?  

- Қалам қарындашқа кішкентайымнан жақын болыппын. Тәй-тәй басып жүрген кезде-ақ қолыма қарындаш ұстап үйдің қабырғасына түрлі суреттер салып жүреді екенмін. Бірінші сыныптағы сурет дәптерім әлі сақтаулы. Мектепте оқып жүргенде қабырға газетін шығару да менің мойнымда болды.

 
 
Оңдасын Елубай, ШҚО бойынша "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі   Хасен Закария, Журналист, сатирик, ақын   Әлібек Қаңтарбаев, ШҚО бойынша "Дала мен қала" газетінің тілшісі

- Осы өнермен айналысуға ықпал еткен кім?

- Өзім ойлаймын... Талайды тамсандырған Алтай тауының етегінде туып, бұлт кешіп өскен әр баланың бойында тырнақтай болсын талант болады. Тек соны ұштай білу керек шығар. Сондай керемет табиғаттың ортасында тұрғаннан кейін шығармашылық адамы болмау мүмкін емес пе деймін. Сондықтан да, қылқалам ұстауыма бірден бір себепші болған туған жерімнің табиғаты дер едім. Екіншіден осы өнеріме баға беріп, бағыт-бағдар беріп отыратын әкем. Жалпы өзім мектеп қабырғасында портрет, шарж салуға ден қойып жүрдім. Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхановтың портреттерін салдым бірде. Содан Алматыдан ауылына келіп жатқан Дидахмет Әшімхан ағамызға қарындашпен қағазға салынған сол портреттерді көрсеттім. Ол кісі: «Суреттерің керемет, алған бетіңнен тайынба, сурет салу үлкен өнер» деп арқамнан қақты. Ойымша Дидахмет ағамыздың да осы сөздері осы өнерді таңдауға үлесін қосты.

Алтай етегіндегі Катонқарағай ауылы

Мұзтау

- Өнердің дәл осы түріне қызығушылық азайып бара жатқан жоқ па?

- Менің ойымша қызығушылық аз да болса бар. Кәсіби суретшілердің ізін басатындай талантты жастар өсіп келеді. Бір әттеген-айы, суретті бағалайтын қоғам жоқ сияқты бізде. Мүлдем жоқ деуден аулақпын әрине. Ішінара кездесіп қалады. Мысалы шетелде бір картина бәленбай мың-миллион долларға сатылып жатыр дегенді естіп қалып жатамыз. Шетелде сатылады. Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы. Бізде, әсіресе қалалық жерде тапқан табыстары нан-шайынан аспай жатса, қайдан сурет сатып алсын?! Айтайын дегенім, қызығушылық болғанымен сұраныс болмаса сурет өнері кенже қала бермек. Ел аман, жұрт тыныш болып, әлеуметтік жағдайымыз жақсарып жатса, бұл өнердің де айы оңынан туар...

Шыңғыстайдағы ғасырдан астам тарихы бар мектеп көрінісі. Бұл мектепте Оралхан Бөкей оқыған

- Өз картиналарыңызды дайындаған соң не істейсіз? Сатасыз ба әлде жеке қорыңызға қоясыз ба?

- Картиналарымды сатуға қойып көрмеппін. Бірақ, суреттердің көбі тапсырыспен орындалатындықтан өз орнын тауып жатады. Ал, жеке қорымда картиналарым жоқ. Етікші етікке жарымайтыны рас екен ғой.

Мұзтаудың мұзбалағындай, Алтайдың кербұғысындай - Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына орай салған қаламгер портреті.

- Ал көрмелерге қатысып тұрасыз ба? Қандай да марапттауларға ие болдыңыз ба?

- Үлкен көрмелерге әлі қатысып көре қойған жоқпын. Болашақта көре жатармыз. Осы жолы Өскеменде жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеге қатыспақ болып ниеттенгенмін. Алайда, күнделікті жұмыстан қылқалам ұстауға уақыт болмады. Бір жағынан ол көрмеге шеберліктің шыңына жеткен кәсіби суретшілер суреттерін қойып жатқаннан кейін маған әлі ертерек деп ойладым. Үлкен көрмеге қатысу үшін үлкен дайындық керек. Дейтұрғанмен, мұғалімдік қызметте жүргенде аудан, облыста ұйымдастырылған көрмелерге қатысып ел ағаларының алғысына бөленген кездерім болды.

Картинаны Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне табыстау сәті. Сол жақтағы ақсақал Оралханның досы Аманжан Нұқсарин. Қазіргі уақытта Оралхан Бөкей мұражайына бас-көз болып отырған адам.

- Фото өнері мен қылқалам егіз өнер десек, бүгінгі таңда алғашқысының екіншісін алмастырып бара жатқанын қалай түсіндіресіз?

- Жалпы адам заты жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді жөн санайды ғой. Мәселен мен де, табиғат сұлулығын картина етіп жазудан гөрі, жеңіл жолды пайдаланып фотоға түсіріп аламын. Сәтті шыққан суреттерді шығарып алып сақтап қоямын. Ыңғайы келсе, сол түсірген фотодағы суретті кенеп бетіне көшіріп майлы бояумен жазып шығамын. Бұл заман талабы шығар.

Құстар қайтып барады. Этюд

Суреттеріңіздің негізгі бағыты қандай? Әрбір суретіңізді қанша уақыт дайындайсыз?

- Жаныма жақыны көркемсурет (живопись) жанры. Майлы бояумен табиғаттың көркем тұстарын жазғанды ұнатамын. Ізденіс те осы бағытта. Табиғаттың сұлулығын картинада көрсету. Суретті салып аяқтау уақытына келер болсақ, әр суретке әртүрлі уақыт кетеді. Өз қалауым бойынша, шын жүректен салынатын картиналарым 3-4 күн ішінде аяқталуы мүмкін. «Құстар қайтып» барады деген этюдті 2-3 минутта жаздым десем сенбейтін шығарсыз. Ал енді тапсырыспен салынатын кейбір картиналар сағызша созылып кетуі мүмкін. Өнерде өрге сүйрейтін шабыт ғой...

- Сұхбатыңызға рақмет! Шабыт тілейміз!

Әңгімелескен Ардақ Құлтай

А. Құлтай