2013 жылы отандық шоу-бизнесте болған елеулі оқиғалар

2013 жылы отандық шоу-бизнесте болған елеулі оқиғалар

Өтіп бара жатқан 2013 жылы көптеген отандық әншілер мен топтар есеп беру концерттерін өткізіп, ал қалталылар елең еткізер бейнеклиптерін ұсынудан тайсалмады. Ал отандық режисерлер түрік пен корейден кем емес телехикаялар түсіре алатынын дәлелдеп, қазақи махаббатты экранда бейнеледі. Бәрінен бұрын, осы жылы Қайрат Нұртастың аты көп аталды. Жұртқа хит беретін де, елді дүрліктіретін де әнші осы жылы бар жағынан көш бастап тұр. Massaget.kz өткен жылды қорытындылап, шоу-бизнесте болған ең елеулі оқиғаларды назарларыңызға ұсынады.

Жыл жанжалы


2013 жылы ең есте қаларлық оқиға «Прайм Плаза» сауда үйінің алаңында болған Қайрат Нұртастың концерті десек, артық айтпағанымыз болар. Жанкүйерлер тегін концертті пайдаланып, сүйікті әншілерінің әнін тыңдап, көңіл көтеріп қайтпақ болады. Бірақ алаңда дұрыс ұйымдастырылмаған концерт салдарынан ағылған жұрт сахнаға бас салып, әншінің өміріне қауіп төндіреді. Бір ән айтып, Қайрат сахнадан кетіп қалады. Мұндай аяқталуға наразы болған бір топ жасөспірім бүлік шығарып, полициямен қақтығысады. Нәтижесінде сауда үйінің терезелері сынып, бірнеше көлікке зиян келеді. Ал бүлік тудырған топтың бірнеше мүшесіне қатысты қазір сот ісі жүріп жатыр. Қайраттың өзі болса, Алматыдағы бірнеше концерттерден шеттетіледі.

Жыл фильмі


Осы жылы түрлі әлемдік байқаулардан 13 бірдей жүлдені иеленген Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмін жыл фильмі деп айтуға болар еді. Алайда, фильм көптеген жүлделерге ие болды деп жаңалықтарда көп жылтылдағанымен, қарапайым халықтың оның жетістігіне мәз болғанынан басқа амалы болмады. Желтоқсанның басында прокатқа шыққан фильмді көпшілік көріп үлгермеді, бәлкім болашақта телеарналардан беріліп, қазақ кинематографиясының алтын қорына ене жатар. Ал, нағыз жұрт ағылып барған фильм деп «Қыз бен жігітті» айта аламыз. Күз мезгілінде шыққан фильм прокатта 40 млн-нан аса қаржы жинап, өзін ақтап алды. Және фильмді тамашалаған көрермендерден жақсы пікірлерді жиі естідік.

Жыл концерті


Жыл басында Сәбит Әбдіхалықовтың бұрынғы әйелі Айгүл Иманбаева мен қазіргі жары Алтынай Жорабаева бірігіп концерт береміз дегенде елдің құлағы елең ете қалды. Бұған дейін де жұрт аузынан түспей жүрген бұл үштік, халықтың «ықыласын» пайдаланып, «Үш жас бақытты болсын» концертін ұйымдастырды. Осылайша халықтың ырду-дырду әңгімесіне нүкте қойып, олар тату да, дос, кешірімді және кеңпейіл екенін көрсетіп, халықты бір қуантты.

Жыл бейнеклипі


Беркут пен Аишаның «Мекенім - Қазақстан» бейнеклипін 2013 жылдың ең танымал бейнеклипі ретінде санауға болады. Youtube каналында бұл бейнеклипті 160 мыңнан астам адам қараған.

Жыл әні


Бұл жылы да Қайрат Нұртас тағы бір хит әнін ұсынды. Әлішер Қайратұлымен орындаған «Алматы түні» әні көптеген қазақ жастарының плейлистінде орын алды.

Жыл тойы


Биылғы жыл отандық шоу-бизнес өкілдерінің бағын ашқан жыл болды. Актрисалар Бибігүл Сүйіншәлина мен Аружан Жазылбекова тұрмыс құрса, Rin'GO тобының екі бірдей мүшесі үйленіп, жанкүйерлерінің жүрегін жаралады. Бірақ, бәрінен бұрын, елбасының немересі Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойы болады деген хабар тараған сәттен бастап, өтіп кеткенге шейін жұрттың назарында болды.

Жыл кітабы

«Меломан» сауда желісінің сараптамасы бойынша Радик Темірғалиевтің «Ақ Орда. Қазақ хандығының тарихы» кітабы ең көп сатып алынған отандық туынды. Кітапта Қазақ хандығы тарихы заманауи көзқараста мазмұндалған.

Сонымен қатар, жастар арасында Арман Әлменбеттің осы жылы шыққан «Режиссердің түстері» кітабы қолдан-қолға таралып, оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие екені мәлім болды. Жазушының «Мимырт» романы – қазіргі жас жазушылардың қаламынан туған алғашқы роман болып отыр.

Жыл телехикаясы


Жылдың үздік телехикаясына, сөзсіз, «Тракторшының махаббатын» жатқызуға болады. Рейтингі бойынша түріктің «Тамаша ғасыр» телехикаясын басып озған отандық туындыны бүгінде көрмеген қазақ кемде-кем.

Жыл қаламақысы

Былтырғы жылы бір күн фильмге түскені үшін 7000 АҚШ доллар алатын Мейрамбек Бесбаев ең көп қаламақы алатын әнші болып еді. Бұл жылы Қайрат Нұртас қаламақы мөлшерін 5000 АҚШ долларынан 7000 АҚШ долларына дейін көтеріп, ең қымбат әншілер көшін бастап тұр. Сонымен қатар, ол осы жылы өзі жайлы «Өкініш» фильміне түсіп, кейбір мәліметтер бойынша 2 миллион АҚШ долларынан астам қаржы тапқан.

Сурет: khabar.kz, kapital.kz, vk.com, suluart.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina