Оқи отырыңыз

Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз.

Автор: Қаныш Сәтбаев

— Редактор бағаны —

Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді
Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Мәдениет / Тұлға / Әйгерім Бегімбет: «6 сыныпта екі ауылдың "фотограф қызы" атандым»

Әйгерім Бегімбет: «6 сыныпта екі ауылдың "фотограф қызы" атандым»

Әйгерім Бегімбет: «6 сыныпта екі ауылдың

Әйгерім Бегімбет – қазақ журналистикасында таныла бастаған жас. Оның таяу уақытта ғана "Фотоөнер" бірлестігі құрамына енгенін естіп, қуандық. Құттықтап, сұхбат құрсақ дедік. Ал оның тұңғыш сұхбатынан кереметтей суреттерін де көруіңізге болады.

- Әйгерім, «Фотоөнер» бірлестігінің мүшелігіне қабылданыпсың. Құтты болсын! Осы орайда өзіңе де, өзгеге де мотивация берер бір сұхбат құрсақ деген ой бар еді. Ал, өзіңді таныстырып өтсең, қайда туылдың, қай мектепте оқыдың, Жоғарғы оқу орныңды да, қазіргі жұмыс жасайтын орныңды да айта кетсең...

- Рақмет! Жақында Асылхан Әбдірайымұлы аға бірлестікке қабылданғанымды айтып хат жолдапты. Қуанып қалдым. Өзім 1990 жылдың 7 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келдім. 2008 жылы сол ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепті аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Былтыр қара шаңырақты тәмамдаған соң, Шымкентке келіп облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінде 7 айдай жұмыс істедім. Қазір 83 жылдық тарихы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысындағы меншікті тілшісімін.

"Түрленген Түркістан"

- Фотоға шебер түсіруді қайдан үйрендің? Кітаптан ба, әлде ұстазың болды ма?

- 5 сыныптың жазында туған күніме әпкем фотоаппарат сыйлады. «Kodak». Пленкасымен. Бастапқыда туған-туысқандарды түсірдім, күшігімді, мысығымды түсірдім. Бірте-бірте одан да жалыға бастадым. Сосын көршілерімнің кішкентайларын түсіріп, суретін шығарып берген едім, «қолды құр қайтармайды» деп ақша ұстатты. Қарасам, біздің ауылда да, көрші ауылда да фотограф жоқ екен. Ұялы телефондар да ауылға жете қоймаған кез. Содан 6 сыныптан бастап екі ауылдың «фотограф қызы» атандым. Мектептегі мерекелік іс-шарадан бастап, ауылдағы  бесік той, құдалық, беташарды түсіруге шақыра бастады. Шымкентке барып бір суретті 15-17 теңгеге шығарып, оны ауылдағыларға әкеп 50-60 теңгеден сататынмын. Фотосуретке түсірумен мектепті бітіргенше азын-аулақ ақша табу үшін айналысқаным рас. Кейін хоббиге айналды. Фотоаппаратсыз өмір сүре алмайтын халге жеттім.

"Сөнген ошақ"

Бастапқыда мені дұрыс суретке түсіруге баулитын ешкім болмады. Адамдарды терезенің алдына тұрғызып қойып немесе өзім күнге қарсы түсіріп, суретте кейін түрлері қап-қара болып шыққан. Пленканы дұрыс салмай, суреттің бәрі күйіп, бүкіл маңдай тер текке кеткен кездер де өтті бастан. Сол қателіктер үлкен сабақ болды. Ал журфакқа түскеннен кейін ғаламтор деген ғажайып әлем бар екенін біліп, фотожурналистикаға қатысты деректерді, кеңестерді түртіп алып жүрдім. Кітаптарды ақтардым. 2-курста Асхат Еркімбай ағайдан фотоға түсіру мен үштік ережесін білдім. Бір ғана нәрсеге өкінемін, ол – Асылхан аға журфакта бізден кейінгі курстарға дәріс берді, дәлізден жиі көретінмін. Өзімнің фотосуреттерімді көрсетіп, лекциясына қатысқым келетінін айтқым келетін. Қанша рет айтуға оқталдым. Бірақ бойдағы ұяңдық айтқызбай қоятын. Сосын Шымкентке барғасын ғана әлеуметтік желіде достасып, хат жаздым. Тәуір деп тапқан суреттерімді «Жас Алаштың» «Фотоөнер» бетіне жариялап берді. Сосын жүзбе-жүз танымаса да Сәрсенбек Қызайбекұлы, Шүкір Шахай, Жанарбек Ақыбиұлы сынды ағаларым әлеуметтік желілерде ерінбей әр суретіме пікірін айтып, кем-кетігімді түзетіп отырады қазір.

"Өркениет өткелі"

Фотограф болу қыздарға тән мамандық деп ойлайсың ба? Бізде көбіне мұнымен жігіттер айналысады деген стереотип қалыптасқан сияқты. 

- Біздің аналарымыз қай заманда да мықты болған ғой. Қажет кезде қолдарына қару алып, елді, жерді қорғады. Ұрпақ та тәрбиеледі. Сондықтан қарудың жанында фотоаппарат жай ғана құрал ғой. Суретке түсіру – сұлулықты көре білу, әсемдікті сезіне білу, сосын соны жүректерге жеткізе білу деп ойлаймын. «Кәсіби фотографиямен жігіттер ғана айналысу керек» деген тар ұғымның шеңберінен шығатын кез келді ғой. Қатып қалған қасаң қағиданы қазақ қыздарының «бұзып шығатын» уақыты келді.

"Күн күркірегенде"

- Фотограф болу үшін адамда «чутье», көріпкелдік болу керек сияқты. Осыны түсірсем, осындай болып шығады дегендей, сенде қалай?

- Шынымды айтсам, қазір менің қолымда фотоаппарат жоқ. Көбіне сандық фотоаппаратпен немесе достарымның фотоаппаратымен түсіретін болғандықтан ойымда жүрген көріністерді кейде түсіре алмай қаламын. Бір қызық айтайын сізге. Балқия деген әпкемен бір дастархан басында қонақ болдым. Жай есімімізді сұрап танысқанымыз болмаса әңгімелесе қойғанымыз жоқ. Кейін әлеуметтік желіде достастық. Бірақ онда да көп сөйлеспейтінбіз. Бір күні фейсбуктағы суреттерімді көріп, қандай фотоаппаратпен түсіріп жүргенімді сұрады. Өзімде жоқ екенін, кейде жұмыстағылардан, кейде достардан сұрап алатынымды айтып ем "менің фотоаппаратымды уақытша пайдалана тұр, әзір қолданып жүргенім жоқ, қолың бос кезінде келіп алып кетерсің"-деді. Басында сеніңкіремедім. Арзан ақша тұрмайтын фотоаппаратын мүлде танымайтын, білмейтін адамға жайдан-жай қалай бере салады деп ойладым. Бірақ фотоаппарат керек болғандықтан бардым айтқан мекенжайға. «Үйде шаң басып тұрғанша, сенің игілігіңе жарай тұрсын» деп қымбат тұратын фотоаппаратын қолыма ұстата салды. Біраз уақыт пайдаланғанмын. Өмірде осындай тілеулес, ниеттес адамдардың бары қуантады.

"Күз. Сағыныш"

- Сен үшін ең қымбат, жанға қуаныш сыйлайтын суреттер қайсы?

- 8 сыныпта оқитын кезім. Көрші үйге қыдырып келген Диана деген 2 жасар қызды бірнеше рет суретке түсіріп алдым. Өкініштісі сол, Алла оған тым қысқа ғұмыр беріпті. Көп өтпей өмірден озды. Кейін мен суретті шығарып апарып бергенімде ата-анасының, туыстарының қуанғанын көрсеңіз. «Қызымыздың суретіне қарап сағынышымызды басатын болдық. Біздің қолымызда Диананың бірде-бір суреті қалмапты. Түсіріп алуды да ойламағанбыз ғой»деп көздеріне жас алды. Ауылға барсаңыз көп үйлердің төрінен 2002-2008 жылдары аралығында мен түсірген суреттердің ілулі тұрғанын көресіз.

"Қарадомалақ"

Көп адамдар өмірден өтіп кетті. Қолымда естелік боп суреттері қалды. Туысқандары әлі де қайтадан шығарып беруімді сұрайды. Ерінбей пленканы іздеп тауып, суретті сканерден өткізіп, сосын фотошоппен өңдеп шығарып берем қазір. Ол суреттер қисық түсірілген, сапасыз, тағы басқа талаптарға сай болмауы мүмкін. Бірақ жаныма жақын. Көзден кетсе де, жүздері көмескіленбей қанша адамның өмірінде естелік болып қалғаны үшін сол кездегі суреттерім қымбат.

"Балуандар"

- Түсіретін жерін ұзақ қарастыратын фотографтар болады. Сенде де сондай жағдайлар бола ма?

- Жаздың басында «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» атта облыстық фотобайқау жарияланды. Басты мақсат – ауданның тарихын, экономикалық дамуын, архитектуралық әсем ғимараттарын, табиғатын, ауданда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін көрсету болды. Сол байқауға қатысу үшін екі ай бойы тау-тас кездім. Және де кілең ағалардың арасынан ІІ-орынды иемдендім.

"Асыл әжелер"

- Қазіргі таңда фотограф болу аздық ететін сияқты. Онымен қоса фотошоп сияқты графикалық бағдарламаларда жұмыс істей алу да маңызды секілді?

- Әрине, маңызды. Қазір жан-жақтылықты, жылдамдықты талап ететін уақыт. Өзім кішкене суретке түс беріп, тазалап, өшіріп, оңай функцияларында жұмыс істей аламын. Енді  CorelDRAW бағдарламасы екеуін жетік үйреніп алсам деймін.

"Ару"

- Фотоөнер бірлестігіндегі ендігі жоспарларың туралы айтып өтсең. Асылхан ағамыз өзі төрағалық ететін бірлестік мүшелерінен не күтеді?

- Бірлестіктің негізгі мақсаты – фотография және фотожурналистика саласын дамыту. Ардагер фотожурналистердің құнды мұраларын жинақтап, жастарға бар білгендерімен бөлісіп жүрген жандарға Алла разы болсын. Қазіргі менің басты мақсатым алдымен кәсіби түсіретін фотоаппаратқа қол жеткізу болып тұр. Сосын фотосаяхаттарға, фотосеминарға қатысып, осы салада білімімді шыңдағым келеді.

"Үш жүздің басын қосқан..."

- Бірлестік жайлы Massaget.kz сайты әрқашан жазып, ақпараттық қолдау білдіретінін де айта кетейін. Еліміздің фотография саласын дамытуға атсалысар өзіңдей өнерпаздар көбейе берсін деген ақ тілегіміз бар!

- Рақмет, сіздерге де сәттілік тілеймін. Уордпресс жабылғаннан кейін әлеуметтік желілерде ғана белсенді болғаным болмаса блог жүргізбей кетіп ем. Жақында «Массагетке» келемін.

- Ендеше, күтеміз!

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Дайындаған: Ардақ Құлтай
Қосылған күні: 18 желтоқсан 2013, 16:30
Пікірлер
+0
18 желтоқсан 2013, 16:39

Ерке мінезімен қоса, ер мінезі бар қымбатты құрбыма сәттілік тілеймін :evil:

+0
18 желтоқсан 2013, 17:08

Нағыз маман дей аламын. Оның үстіне қонақжайлығына ырзамын. Былтыр "Ақ сарай", "Көк сарайлатып" өзбекше палауға тойғызып жіберген еді. Маған ұнады өзі адам ретінде

+0
18 желтоқсан 2013, 17:24

Әйгерім әпке, жарайсыз!!! :evil:

+0
18 желтоқсан 2013, 17:53

Әйгерім өте еңбекқор қыз. Ризамын ;)

+0
18 желтоқсан 2013, 18:52

Еңбегіңнің жемісін көр! Уәдеңе де берік бол! :idea:

+0
18 желтоқсан 2013, 21:04

Жарайсың, еңбекқор қыз! Өрге жүзе бер! Рахмет жазбаңа, Ардақ! ))

+0
19 желтоқсан 2013, 10:44

Менің Айком! Менің құрбым! Балалығымның, шалалығымның, бойжеткен шағымның, алғашқы махаббат пен алғашқы сәтсіздігімнің, алғашқы жетістігім мен алғашқы қуаныштарымның куәсі ақжүректі Айком! Менің мамамның "жекеменшік" қызы :)

+0
19 желтоқсан 2013, 11:02

Әйгерімнің суреттері ұнайды, қарапайым нәрселерді әсерліғып түсіреді

+0
19 желтоқсан 2013, 12:02

Фотографтығы, журналистігі өз алдына, адамдығына тәнтімін! Алтын қыз ғой!

+0
19 желтоқсан 2013, 22:27

Ақ жарма тілектеріңізге мың алғыс! Мен келдім, тіркелдім)))

+0
19 желтоқсан 2013, 23:18

О! Келіпсің ғой. Енді өзіңнен тұщымды ойлар мен керемет суреттер күтеміз :?:

+0
20 желтоқсан 2013, 16:21

Қош келдің! :)

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.