Алмас Шаяхметов:

Алмас Шаяхметов:" Ұлы Абайдың рөлін сомдағым келеді..."

– Сәлеметсіз бе, аға! Әңгімемізді дәстүрлі сұрақтан бастағанымыз жөн болар, Алмас Шаяхметов деген кім? Өзіңіз, сахна сыртындағы өміріңіз туралы айта отырсаңыз...

– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауаны, Көктал ауылының тумасымын. Аллаға шүкір, сүйікті жарым, екі қызым бар. Сахнадағы Алмас пен өмірдегі Алмастың айтарлықтай ерекшеліктері де жоқ. Қарапайым, байсалды, «әй, сен бүйт!» деп ешкімге бет жыртысқан адам емеспін. Театрдағы дүниені үйге алып бармайтын адамдардың қатарындамын дер едім. Театрға тиесілінің бәрі сол шаңырақта қалады. Жалпы, адам алдына мақсат қойса, сол жолда еңбектенсе оған жетпей тынбайды. Сол себепті, өзімді мақсаткер адам ретінде танимын.

–  Ұстазыңыз бар ма?

– Әрине, ұстазсыз адам болмау керек сияқты. Менің ұстазым – Есмұхан Обаев. Ол кісі 12 жыл бойы қара шаңырақ М. Әуезов атындағы қазақ Мемлектеттік Академиялық драма театрын басқарды. Қазіргі басшымыз  – Еркін Тілеуқұлұлы мырза. Есмұхан аға қай жағынан болмасын ерекше ілтипатын білдіріп, сенім артып, «әй, осы балалардың болашағы бар-ау, ананы тапсырайық, мынаны берейік» деп жүреді. Біз де сол сенімге барынша лайық болуға тырысамыз. Таяуда «Серпер» сыйлығына ие болуымның бірден-бір себепкері осы кісілер деп білемін. Өзім атаққұмар адам емеспін, десе де, еңбегің еленіп жатса, ол да бір – бақыт. Мұндай марапаттар жастарға стимул, қайрат, жігер береді деп ойлаймын.

– Театр сахнасында жүргеніңізге біршама уақыт болып қалды. Айтыңызшы, бүгінгі театр мен жас көрермендердің байланысы қандай деңгейде?

– Көрермендерге деген пікірім өте жақсы, тағар айыбым жоқ. Қандай қойылым болмасын ағылып келіп жатады. Айтып жатады ғой, тоқсаныншы жылдарда театр құлдырап, көрермендер тым азайып кетті деп. Әрине, ол жылдармен салыстыруға болмайды, дей тұрғанмен мен 2006 жылы театрға келгеннен бері «зал толмай қалыпты, адам жоқ-ау» деген теріс әңгімелерді естіген де, көрген де жоқпын. Әсіресе, әрбір премьера сайын зал лық толы болады.

– Сөзіңіз аузыңызда, театрға 2006 жылы келдім деп айтып қалдыңыз, арада 7 жыл уақыт өтіпті. Осы күнге дейін саф өнер үшін не бердім немесе болашақта не бере аламын деп ойлайсыз?

– Бергенімнен берерім әлі көп. Мен «Серперді» алдым, «Ең үздік актер» атандым, болдым, толдым деуден аулақпын. Алдымда үлкен-үлкен рөлдер күтіп тұр деп ойлаймын. Бұйырса, өздеріңіз де оның куәгері бола жатасыздар. Бірақ біздің театрға бір тамшы болса да еңбегім сіңіп жатса, мен үшін үлкен жетістік, үлкен бақыт. Сондықтан театрға мынадай жасадым, еңбегім зор деген мақтанышты сөздерді айта алмаймын. Бәрі болашақтың еншісінде...

– Әлі қолыңыз жетпеген, сахнаға алып шықсам деген арман-рөліңіз бар ма?

– Әрине, әрбір актердің армандайтын рөлі болады. Егер мүмкіндік болып жатса Абайдың рөлін сомдағым келеді. Осы рөл театрға аяқ басқаннан бері арманыма айналды. Семей өңірінде туып-өскендігімнің әсері де болар. Екіншісі, Шекспирдің Гамлетін сахнаға алып шықсам деймін. Бұл да мықты, аса шеберлікті талап ететін образдардың бірі әрі бірегейі. Қазір Гамлетті Азамат Сатыбалды ағамыз лайықты дәрежесінде ойнап жүр, ол кісіден алар үлгіміз мол.

– Арманыңызға жетіңіз! Меніңше, театрға кез келген адам бара бермейді. Театр деген өнердің биігін тек жаны таза, сұлу адамдар ғана іздеп келеді дегенді небір ойшылдар да айтып кеткен. Сол талғампаз көрермендерге айта лебізіңді тыңдасақ...

– Бір көрермен болсын, он көрермен болсын, әрине қойылым көру, рухани азық алу үшін келеді. Егер сіз театрға келгендердің алдында жеткілікті дәрежеде ойнап, бойыңыздағы талантыңызды көрсете алмасаңыз – өшкеніңіз. Қазіргі көрермендер ақымақ емес, оларды алдай алмайсыз. Сол себепті, әрбір көрерменге деген ризашылығым шексіз! Бәріңіз аман болыңыздар! Қазақ елінің рухы көтеріле берсін!

– Рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева

Сурет: massaget.kz

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Абайдың мерейтойына орай монеталар шықты
Абайдың мерейтойына орай монеталар шықты
Абай философиясы
Абай философиясы
“Абай жолы” эпопеясының видеосаммариі жарық көрді
“Абай жолы” эпопеясының видеосаммариі жарық көрді
Абай шығармашылығын зерттеушілер
Абай шығармашылығын зерттеушілер
i-balaqai: Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігі туралы
i-balaqai: Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігі туралы
"Абай – рухани реформатор" атты президент мақаласындағы 5 маңызды ой
"Абай – рухани реформатор" атты президент мақаласындағы 5 маңызды ой