"Ң"-ы жоқ жүргізуші – дымы жоқ жүргізуші

"Ң"-ы жоқ жүргізуші – дымы жоқ жүргізуші

"Жүргізуші, жүргізуші" дегенге өзін көлікті жаңа үйренген жүргізушідей ұстайтын беті ғана жылтыраған бағдарламалар мен өзге де шаралардың жүргізушілері бүгінгі тақырыбымызға арқау болмақ. Айтса, сынады дейді. Үндемей тағы отыра алмаймыз. Біз отандық арналарды тамашалағымыз келеді. Ондағы отандық шоулар мен бағдарламаларды көргіміз келеді. Бірақ көретініміз концерт емес, жүзі жылы болғанымен сөзі суық жүргізушілер. Түсінген адамға жүргізушіліктің жүгі тым ауыр. Жүргізушілік дайын сценарийді оқып бере салу ғана емес. Жүргізушінің жүрісі бүкіл концерттің не бағдарламаның көшін түзейді. Бүгін біз отандық теле және радио арналардан қисық-қисық жолда кетіп бара жатқан жобаларға куә болып отырмыз. Ал енді үндемей көріңіз...

Былтырлары отандық арналардың қайсысын қарасақ та Аша Матайдан көз ашпайтынбыз. Ашаның жүргізушілік қабілетіне көңілі толмайтын біраз көрермен басқа арналарға ауысудан қалған. Тіпті бас сұққан концерттерде де сол.

Барлық бағдарламалардың тізгінін ұстаған Аша жүргізуші деген атқа әбден ие болса үніміз шықпай отырар едік. Арада біраз уақыт өтіп арналарға ауыса бастадық. Бірақ Ашасыз бағдарламаларды көзіміз шала бастады. Бірақ бірнеше бағдарламаларда Ашадан да өткен «Ң»-ы да жоқ, дымы да жоқ жүргізушілер қаптап кетіпті. Масқара-ай, олар өздерінің не айтып тұрғанын да білмейді. «Ң» дыбысын айта алмайтын бір ару қызымыз өзінің камера алдында тұрып көптің теледидарынан сөйлеп тұрғанына ғана мәз. Жұлдызды жаңалықтарды жүргізіп тұрған жүргізуші-сымақ «Ң»-сыз талай сөздің белін қайыстырды. 

Ал енді сіздер сүйіп көретін «Саз әлемі» теле шоуының жүргізушілеріне тоқталайық. Иә, көз алдарыңызға сөйлемей-ақ ыммен де көрерменнің күлкісін келтіретін «Базар жоқтың» әртісі Қанат пен продюсер ханым Баян келе қалды ма? Әп-әдемі жоба! Әйткенмен жобаның авторы саналатын Баянның өзі бағдарламаны үздік жүргізе алмайды. Мейлі дейік, өзінің жобасы. Өз жобасында қалай көсілсе де өзі біледі. Қанат та, Баян да қолдарында берілген сценарийден бас ала алмай тұрады. Байқасақ, сценарийде соншалық күрделі мәтін берілмеген. Жүргізушілер қалжыңның өзін сценарийден бас алмай оқып береді.

Орыс тілімен тілі бұралған продюсер ханым былтырғы шоудың да шымылдығын осындай сөйлеу мәнерімен жапқан еді. Баян түзелген жоқ. Қасына сатираның сайрап қалған жігіттерін ертіп алып сценарийден бас алмай "Саз әлемі" сахнасына қайта шықты. "Беті қисық байдың балалары-ақ" сайрандап бітті сахнамызда. 

Бүгінгі қазақтың талай жиынында сценарийден бас алмай тұрып көрерменінің көз алдында баяндама оқығандай сценаридегілерді ежелеп тұратын жүргізушінің жүзі жүр. Аптасына бірнеше түсірілімнің тұсауын кесіп тастайтын жүргізушілерді түсінуге тырысамыз. Бірақ «Болады, болады» деп хабарланып келе жатқанына бір жыл болған концерттер мен жиындардың жүргізушілерін қатты кінәлауға болады. Оларды ешкім ақтап алуға оқталмай-ақ та қойсын. 

Жарнамасының көше бойларында ілініп тұрғанына да телеарналар мен радио арналардан және интернет беттерінен аты шулап тұрғанына да екі ай (шамамен) болса да отандық жүргізушілер сценарийді екі сағат бұрын ғана алғандай жүргізеді. Өйткені көбі концерт пен басқа да жиындарды жүргізу тізгінін танымал жұлдыздарға ұсынады. Ал олардың бір күнде қаншама түсірілімі мен басқа да жұмыстары бастан асады. Сөйтеді де олар ертең болатын концерттің сценарийін бір күн қалғанда ғана қарайды. Білмеймін, мүмкін олардың қолдарына сценарий кеш тие ме екен?

Жүргізуші сценарийден бұрын концертті жүргізгенде қалай әдемі көрінудің қамын көп жейді. Сөйтеді де ең алдымен костюмі мен гриміне аса мән береді. Бұл да керек, әрине. Әйткенмен ол мыңдаған адамның алдында жүргізушілік шеберлігімен емес, сымбатымен ғана сұлу болып тұрады. Бірақ жүргізушінің міндеті – концертті жетектеу. Халыққа есеп беріп тұрған әкімнің өзі олай қағаздан бас алмай тұрмайтын шығар тіпті. Сценарийдегі жазылғанды оқудың қамымен тұрған жүргізуші көрермендер залды тастап кетсе де сезбей қалатын шығар. Ал енді мұнан кейін жүргізушілерді дұрыс таңдай алмайтын концерт ұйымдастырушылары немесе өз ісіне жауапсыз қарап, сценариймен көбірек таныспаған жүргізуші өз-өзін кінәлай берсін.

Бағдарламалар мен басқа да жобаларды жүргізуден Маржаннан асар адам аз екен. Иә, Сұлтанбаеваны айтамын. Ол өз ісінің маманы. Актер Азамат Сатыбалды да жүргізушілік кәсіптен өзін-өзі тауып алды. Бүгіндері рейтингі жоғарылап келе жатқан "Қазақстан дауысы" жобасында жақсы көзге түсуде. Басында оны ресейлік жүргізушілерге еліктеді дедік. Еліктегендер осылай көшін түзеп алатын болса, ендеше шеттегілерге жүргізуші болып жүрген жүргізе алмайтындар еліктесінші, қане. "Айтуға оңайдың" жүргізушісі Бейсен Құранбектен де асар адам аз. Мөлдір Әуелбекова зор дауысты әнші. Оған осы ат та жетеді.

Жүргізушіліктің тізгініне жармаспай-ақ қойса да болады. Оның даусы жүргізушілікке келсе, үндемес едік. Бекерге бағдарламаның да, өзінің де құнын түсіріп қайтеді?! Жүргізушілік рөліне Айгүл Иманбаева сынды дарынды актрисалар отырса бір жөн.

Айгүл ән айтудан да, актерлік шеберліктен де өз бағасын алып қойған өнер жұлдызы. Жүргізушілік өнері де өз алдына ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Сатираның жұлдыздары Нұржан мен Тұрсынбек те жүргізушілік сынға еті үйренген актерлер.

Біз құр айтпаймыз, жөнделе ме деп айтамыз. Жүргізушілердің жүрісі түзелсе көреріміздің көбейеріне сенемін. 

Автор: Ақерке Әбілхан 

Сурет: muz.ru, kazmusic.kz

А. Әбілхан