Болат Аюхановтың 75 жасы тойланады

Болат Аюхановтың 75 жасы тойланады

Қыркүйектің 13-і күні қазақ балетінің аңыз адамы, ҚР мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі, ҚР халық әртісі, әйгілі хореограф, профессор Болат Аюханов 75 жасқа толады. Соған орай Алматыда «Балеттің мерейтойлық кештері» атты шара өтеді.

Кеш алдымен атақты балетмейстердің туған күні Студенттердің Ө.Жолдасбеков атындағы сарайында болады. Қазақтың әйгілі лиро-эпостық дастаны - «Қыз Жібектің» бес ғасырлық мерейтойына арналған «Қыз Жібек» («Гәкку») балеті тұңғыш рет қойылады. Авторы - Мәскеу М.М.Ипполитов-Иванов атындағы мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтының профессоры Аида Исакова. Сонымен бірге Жорж Бизе мен Родион Щедриннің «Кармен-сюитасы», Морис Равельдің «Болеро» шығармасы, Никколо Паганинидің музыкасына қойылған «Мәңгілік қозғалыс», Камиль Сен-Санстың шығармасы бойынша жасалған «Суретші мен аққу» балеттері де орындалады. Дәл осы бағдарлама қыркүйектің 16-сы күні Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында да қойылады. Б.Аюхановтың 75 жасы мен Мемлекеттік академиялық би театрының 46 жылдығына арналған бағдарламалар қазан айында толықтырылып, Өскемен, Семей қалалары жұртшылығының назарына ұсынылады.

Болат Ғазизұлы 1938 жылы Семей қаласында туған. Ленинград хореографиялық училищесін тамамдаған соң Алматыдағы опера және балет театрының солисі болған әртіс 1964 жылы Алматы хореография училищесінің басшылығына тағайындалды. Үш жылдан соң «Алматының жас балеті» ұжымын құрды, бұл - қазіргі Мемлекеттік академиялық би театры.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: forum.balletfriends.ru

А. Құлтай