Джоли гуманитарлық еңбегі үшін "Құрмет Оскарымен" марапатталады

Джоли гуманитарлық еңбегі үшін "Құрмет Оскарымен" марапатталады

Әлемге әйгілі Голливуд актрисасы Анджелина Джолиге «Оскар» сыйлығын марапаттау салтанатында Джин Хершолт атындағы беделді сыйлық табысталады, деп хабарлайды People порталы.

«Құрмет Оскары» болып есептелетін Хершолт сыйлығы Джолиге кинодағы рөлі үшін емес, ізгілік жұмысы үшін беріледі.

«Америка кинематографиялық өнер және ғылым академиясы (AMPAS) өз ісіне орасан зор үлес қосқан адамдарды ерекше бағалайды», - дейді осы жылы киноакадемия президенті болып тағайындалған Шерил Боун Исэкс.

Анджелина Джоли кинематография саласындағы жұмысынан бөлек, гуманитарлық жұмысымен де әйгілі. Әсіресе, ол БҰҰ-ның босқындар ісімен айналысатын Жоғары комиссар басқармасының ерікті елшісі. Осы борыш аясында ол гуманитарлық апат болған ондаған елді аралап шықты. Актриса, сонымен қатар, бірнеше қайырымдылық қорын құрған және АҚШ пен Еуропадағы ірі саяси кездесулерге қатысады.

Гуманитарлық еңбегі үшін берілетін Джин Хершолт атындағы сыйлық 1956 жылы құрылды. Сыйлық иеленуге үміткерлерді тек Академия комиссиясы ғана анықтайды және жеңімпазды дауыс беру арқылы таңдайды. Аталған сыйлық Джолиге «Оскар» сыйлығын марапаттау салтанатында табысталады. Айта кетсек, келесі «Оскар» салтанаты 2014 жылы 2 наурызда Лос-Анджелес қаласында өтеді. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: kinopoisk.ru

Ж. FM