Роза Рымбаева ресейлік сайтпен соттасады

Роза Рымбаева ресейлік сайтпен соттасады

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева Ресей сайттарының біріндегі өзіне қатысты жарнаманың Қазақстан аумағында көрсетілуіне қарсылық білдіруде. Бұл туралы Tengrinews.kz сайтына оның қорғаушысы Нұршат Турдиев хабарлады.

Әнші Роза Рымбаева туралы жарнамалар 2013 жылдың шілде айында пайда бола бастаған. Олар тұтынушыларға телефон арқылы және электронды адрестер арқылы кеңес беріп отырған. Интернет беттерін жаулаған суреттерде Роза Рымбаева арықтайтын құралдарды таныстырады. Осы іспетті жарнамалар жарияланған сәтте әншінің ұлы Әли Оқапов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Пираттық контент үшін анам сотқа жүгінбейді. Олардың қолынан тек суретті көшіріп алу ғана келетіні анық. Пайдаланушылар ақ-қарасын өздері-ақ ажырата жатар» деп мәлімдеген болатын. Алайда Р. Рымбаева таяуда қорғаушының көмегіне жүгінді.

«Қазір ол сайтты құрастырушы компанияны таптық. Тапсырыс алып, үшінші жақпен жазысатын электронды адрес қолда бар. Алайда, домен иесі жиі ауысады. Мекен-жай соңғы рет ақпан айында ауысқан. Бұл жағдай Қазақстанға ғана емес, Ресейге де кең тарап кетті. Көп адамдар мұндағы жарнамаға сенеді. Егер, Роза Қуанышқызы соңына дейін барамын деп шешім қабылдаса, бізде ашық әрекет ететін боламыз" - дейді Н. Турдиев.

Енді әнші Қазақстан Интернет ассоциациясына хабарласып, «жарнамашыл» сайттың Қазақстан аумағында қолданылуына шектеу қойғызбақшы екен.

Қазақстандық басқа да танымал жұлдыздар дәл осындай алаяқтықтың құрбаны болып отыр. Олардың арасында актриса, продюсер Баян Есентаева да бар.

Оның суреттері арықтау құралдарының жарнамасына ғана емес, "Күйеуіңді қалай қайтаруға болады?" деген тақырыптағы дисктердің сатылуы үшін пайдаланылған. Онда Баянның кеш тұрмысқа шыққандығы, күйеуінің өзінен әлдеқайда жас екендігі және біршама уақыттан кейін актрисаның отбасылық өмірінің шырқы бұзылып, некесін сақтап қалу үшін Интернет кеңестерін пайдаланғандығы жазылады. Хабарландырудың мәтінінде Баян: "Бір күні гипноздың әдістері туралы оқып, тапсырыс беруді жөн көрдім. 10 күннен кейін өмірім өзгере шықты" деп жазған.

Баян Есентаева бұл туралы естігенде жай ғана күлген. "Бұл барып тұрған ақымақтық, бәлкім біреулерге көмектесетін де шығар, бірақ, оқиғаны оқып отырып рақаттана күлкім келді" – дейді продюсер. Оның пікірінше, саналы адамдар мұндай жарнамаларға мән бермейді. Б. Есентаева әзірге Интернет әлемін шулатқысы келмейтіндігін, егер іс насырға шапса қажетті іс-шаралар қолданатындығын мәлімдеді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: season.kz, tengrinews.kz,altaynews.kz