Бауыржан Сисенов: "Ақтанның жаңа жырлары табылды"

Бауыржан Сисенов: "Ақтанның жаңа жырлары табылды"

Бүгін назарларыңызға Ақтан жыраудың шығармашылығын зерттеуші, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, жас ғалым Бауыржан Сисеновпен болған сұхбатты ұсынамыз.

Бауыржан Аманұлы, алдымен өзіңізбен таныса кетейік?

- Атырау облысына қарасты құт мекен Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында 1986 жылы дүниеге келдім. Сол ауылда орналасқан №9 орта мектептің 11 жылдығын тәмамдап, 2004-2008 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алдым. Мамандығыма сай облыстық «Қайсар», «Атырау» газеттерінде тілші, Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінде тілші, бас редактор, Атырау облысы бойынша экология Департаментінде баспасөз хатшы қызметтерін атқардым. 2010 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, журналистика номинациясы бойынша лауреат атағын иелендім. 2012 жылы Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы С.Матаевтың Дипломымен марапатталдым. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін.

- Сіздің Қазақстанның батыс өңірінде қалыптасқан жыраулық өнеріне деген ықыласыңызды білеміз. Жалпы бұл өңірдегі ақындықтың елдің басқа аймақтарындағы дәстүрлі өнерден қандай айырмашылығы бар? 

- Филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықовтың «Ғасырлар бойы халқымыздың көңіліне көрік, жанына жігер, жүрегіне жалын дарытып, арман мен мұратқа, сенім мен үмітке үндеп келе жатқан асыл мұралары өлеңі мен жыры, әні мен күйі»,- деген әдемі сөзі бар. Расында да, ежелден халқымыздың өлеңмен дүние есігін ашып, ақтық сапарға күңірене әнмен шығарып салатыны мәлім. Тіпті, қарапайым көңіл айтудың өзін өнегелі өсиет пен астастыра отырып, жаһұттай жарқыраған жырмен қалайша әдемі жеткізе білген десеңізінші?! Оған жалынды жыр мен әсем әнді әуелетіп, он екі перне, екі ішекті домбырадан даналықтың нәрін сепкен батыс өңіріндегі Абыл Тілеуұлы, Қалнияз Шопықұлы, Иса Тіленбайұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ақтан Керейұлы, Медетбай Тәжіұлы, Өмір Қараұлы Өскенбай Қалмамбетұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы тағы басқа дүлдүл жыршы, жырауларымыздың таңды таңға соға жырлап, кестелі ой айтқан асыл жырлары мысал болады. Бір ғажабы, солардың көпшілігінің жырлары кешегі кеңестік сұрқия саясаттың кесірінен жоғалып, ұмыт болса да, жады мықты ақсақалдарымыздың арқасында біразы бүгінгі ұрпаққа мирас боп жетіп отыр. Оны түртіншектеп жинастыруда әлгінде айтқан филология ғылымдарының кандидаты  Қабиболла Сыдиықовтың еңбегі зор екенін айта кетуіміз керек. Әрине, әр өңірдің өзіндік мақамы, ерекшеліктері бар ғой. Батыс өңірінің жыраулық дәстүрінің өзге аймақтардағы дәстүрлі өнерден ерекшелігі – халықты ерлікке, бірлікке үндейтін өнегеге толы өсиет жырларын тек қана батыстық мақаммен төкпелете жырлауы деп білемін. Менің ойымша басты ерекшелік осы.

- Бірнеше жылдан бері жыршы, ақын Ақтан Керейұлының шығармашылығын зерттеп келе жатырсыз. Ақтан ақын шығармашылығының басқалардан ерекшелігі неде? 

-  Ақтан Керейұлы ежелден халық таныған адуынды ақын, жан барында жайнап, тіл барында сайрап өткен жалынды жыршы. Заманында Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Жаскілең, Құлманбет,Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен бір жүріп, олардың арасында «Ақтан сазы» деген өзіндік әуенімен жұрт жадында сақталған. Тіпті, «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастанының бірқатары Атырау, Қарақалпақ аймағына осы Ақтан арқылы тараған. Одан бұл жырларды Қашаған, Нұрпейіс секілді ақындар үйренген. Оның шежірелік түзілімдеріне көз жүгіртсек былайша өріледі: "Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Кенже-Қойсары-Барғана-Әбділлә (кей деректерде Абдолла деп те айтылып жүр) - Керей-Ақтан". Сондықтан болар, оны халық «Адайдың бес жүйрігінің бірі» деп атайды. Ол 1850 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Сағыз өзені бойында туып, 1912 жылы сол алқаптағы, Сағыз селосынан 12-13 шақырымдай қашықтықтағы Шибұлақ деген жерде дүниеден өткен. Бабадан қалған асыл мұраларды зерттеуші ғалымдардың жазбаларына қарағанда, бейіті де сонда. Бірақ, нақты қай жерде орналасқан жерін бірде бір адам «Дәл осы» деп көзге шұқығандай көрсете алмайды. Сондықтан, әлі де іздестіре түсуді қажет етеді.

- Ақтан жыраудың қазақ қоғамына әсері туралы айтып беріңізші. Жырларының тәрбиелік маңызы туралы. 

- Ол  өрісті өлең-жырлары мен терме-толғаулары өміршеңдігін жоймаған адуынды ақын. Бұған қай жырын оқысаң да көз жеткізуге болады. Мысал ретінде айтар болсақ,

«Билік пенен жыр басқа,

Өнердің түрі әр басқа.

Ортаға сөзді салайын

Сағыңыз бізден сынбасқа.

Жігіттің қайтар базары

Өнерін білген бұлданып

Шығарып жүрсе қымбатқа.

Арзан сөзден ала бер,

Дүние шіркін, жолдас па?

Мысал етіп толғайын,

Жаманға айтсаң бір сөзді

Келмейді сөзің татымға,

Жақсылық пен жамандық

Үлкейіп шығар басымға.

Жақсы сөзбен жай айтып

Мейманды үйден қашырма,

«Сөйлес» десе қонағың

Үйде отырып айқайлап

«Не сұрайсың?» айтынба,

Барым деп берсең ол қонақ

Риза болар шай-суға.» - деп жырлайды. Ал «Белгісі» атты өлеңінде:

 «Сұлулықтың белгісі –

Жұрт жиналған алқада

Көрініске шыққан сылаңдап.

Кәріліктің белгісі –

Көңілдің хошы келмеген,

Жарлылықтың белгісі –

Жанын қинап өлмеген,

Жалғыздықтың белгісі –

Өзіне өзі сенбеген,

Батылдықтың белгісі –

Жасқантып жауын дендеген,

Ақындықтың белгісі –

Өнермен өрге өрлеген,

Сахилықтың белгісі –

Халықтың қамын көздеген,

Сараңдықтың белгісі –

Дерексіз нәрсе бермеген,

Әкімдіктің белгісі –

Тентекті тиып жөндеген,

Тентіктің белгісі –

Қауіп етпеген пендеден.

Қаттылықтың белгісі –

Халықтың көңілін көрмеген,

Жамандықтың белгісі –

Қаумаға басы кірмеген,

Төреліктің белгісі –

Аяғын басып жүрмеген,

Сұлулықтың белгісі –

Көргендер аңсап шөлдеген,

Жігіттіктің белгісі –

Мезгілсіз жүрген көлденең.

Шеберліктің белгісі –

Өнермен жиһаз өңдеген.

Шешендіктің белгісі –

Алқалы топ – шаршыда

Әлеуметті иіріп

Үгіт айтқан термеден.

Сопылықтың белгісі –

Езуін тартып күлмеген.

Бұ дүниеге ермеген.

Ғалымдықтың белгісі –

Болмайды заты білмеген,

Зұлымдықтың белгісі –

Жұмла жанға сенбеген,

Әділдіктің белгісі –

Жақсы, жаман халықты

Бірдей көріп бөлмеген» деген әдемі де айшықты сөздермен төкпелетеді. Осыдан-ақ, оның жырларының өміршеңдігін жоймағанын аңғаруға болады.

- Зерттеу кезінде ақынға қатысты елге белгісіз қандай қызықты деректер таба алдыңыз?

Жалпы, Ақтанның өлең, толғаулары 1967 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұсқалары», 1972 жылғы «Ақберен», 1982 жылы жарық көрген «Өсиетнама», «Бес ғасыр жырлайды», 1995 жылғы «Жыр Дария», 1997 жылы шыққан «Абыл, Нұрым, Ақтаным», «Ай, заман-ай, заман-ай» жинақтарына филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлының біледі-ау дегендердің аузынан жазып алып, тірнектеп жинауының арқасында енді. Сол арқылы халыққа тарады. Осы күні ол хақында сұрастырсаңыз болды, аталмыш әдебиеттерге енген өлең-жыр, толғауларды алға тартады.   

Термеші, жыршылардың да орындап жүргендері осылар. Десек те, зерттеу барысында жоғарыдағы әдебиеттерге енбей қалған Ақтанның ағасы Жамансарының ерлігін паш ететін жыры табылды. Оны біз бүгінде Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылының тұрғыны сексен жастан асқан Кемал Әділұлы ақсақалдан жазып алдық. Ол Ақтанмен туысқан боп келеді. Екеуі де Адай руының Кенже бөлімі Қойсары тармағынан. Кезінде Қабиболла Сыдиықұлы Ақтан туралы деректердің көбін осы кісінің өгей әкесі Әмірше Мұттахиұлының аузынан жазып алған.

Негізі, Ақтанның  ағасы Жамансарыға жыр арнауының өзіндік себебі бар. Оны Кемал қарт былайша түсіндіреді.

"Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады" демекші қазақ елі қалмақпен қырқысып, әлек боп жатқанда, мына жағынан Ресей елі салық төле деп түртпектей берсе керек. Сонда адай руының биі Бәймембет Маяұлы ең болмаса бір жағымен бітімге келейік деген ниетпен Ресей патшасының алдына барып, салығын төлеп, отырған жерлерінен ешкім мазаламайтындай етеді. Егер де алда-жалда біреулер соғыс ашатын жағдайда көрші елден жәрдем сұрайтын боп келісіп келеді. Алайда, оны адай халқы теріс түсініп: «Сен біздерді орыспен  достастырып, шоқындырмақшысың» деп сол бойда Бәймембет биді өлтіріп, қасына еріп келген отыз-қырық шақты орысты қырып тастайды. Өзі әзер-әзер сөніп келе жатқан оттың үстіне одан сайын лауласын дегендей май құйып жібергесін не болсын? Бес қаруы сақадай сай орыстар кішкене ғана адай елінің пырым-пырымын шығарып, жан-жаққа бытыратып жібереді. Осы кезде Ақтанның ағасы Жамансары би көрегенділік танытып, қалай келіскені белгісіз орыстың патшасымен бітімге келіп, бұрынғының бәрін мінәпасқа шығарады. Міне, ағасының қысылғанда жол тауып, ел басына күн туған уақытта жалғыз өзі ақылмен амал тапқан ерлігін ешкім жырламаған соң Ақтан өзі жырға қосқан. Сондағы жыры мынау екен:

Жасаған Алла, Құдай-ай,

Таулардың биік мұнар-ай.

Лашын құстай талпынтып,

Көзін салған қияға-ай.

Сұңқарым кетіп қолымнан

Балапандай шырылдатып,

Тастадың бізді ұяға-ай

Тапқан кісі нар артар

Нарға тарта жүк те артар

Жүгім ғой менің тартайын.

Менің айтқан сөзімді,

Біреуің айтар орның бар

Сөзім бір жерде қалған соң

Дуадақша өзім шалқайын.

Кешегі менің марқұмым

Қарадан туған хан еді

Айырдан туған нар еді

Аса бір толқу соққанда

Құламай қалған жар еді

Мен айтпайын халық айтсын

Айтса айтқанымдай бар еді.

Кеше қан алып адай қашқанда

Ақыл таппай сасқанда...

Жалғыз тапты амалды

Ақылмен бұзды қамалды

Ойдай болған оқиға

Мінәпасқа шығарып

Ғасырға алтын мөр алды».

Және бір айта кетер жәйт Ақтан Керейұлының көп жинақтарға енбей, айтуға тиым салынған шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Болжау» сөзі. Бұл өзі осыдан бір ғасырдан астам бұрын өмір сүрсе де бүгінгі заманның бет-бейнесін дәл болжап кеткеніне қайран қаласың. Таңданысыңды жасыра алмай, «Ақынның құлағы өзінен бірнеше жыл бұрын туады» деген нақылға еріксіз иланасың.

Татулық шамы сөнеді,

Шайтаны бар шараптар

Елдің болар қорегі.

Жазылмас дерттер ұлғайып,

Шомылып ұрық себеді.

Ақ жолдағы молдалар

Елін талап, сөгеді.

Бақсы-Балгер көбейіп,

Еліне салар бәлені.

Бір-біріне азаяр

Адамдардың көмегі...

Төрелік айтар билердің

Ақша болар қорегі.

Өсірген қыз бен келінің

Ойламас ата-енені.

Батасыз жастар молайып,

Оттары жанбай сөнеді.

Тірі жетім көбейіп,

Мейірімсіз өсіп-өнеді.

Керексіз болып туылар

Дүнияның тәтті бөбегі.

Ұят кетіп қызыңнан,

Жалаңаштар денені.

Жез тырнақты, жалбыр шаш

Кейпіне жынның енеді.

Ата-анасы ұл-қыздың

Айтқанына көнеді»

Осындай жан тебірентер өлеңін оқи отырып, қалайша Ақтан ақынды көріпкел демессің? Айтқаны дәл келіп тұр емес пе? Одан әрі ол:

Осыларды болжаған

Кенжедегі Ақтанмын,

Әруақты аталар –

Барлығынан өтетін,

Қазағым асыл деп еді.

Сондықтан да, ұрпағым,

Түзелер деп қисайып –

Сендерге бабаң сенеді»,  деп келешек ұрпағына зор сенім артады.

Қысқасы, ерлікке, адамгершілікке, ізгілікке бастайтын философиялық өлеңдерін артына өшпестей мұра етіп қалдырып кеткен Ақтан ақын нағыз тарихи тұлға. Оның өлеңдері өсы күнге дейін өміршеңдігін жоймай келеді.

- Бұдан басқа қай салада зерттеу жүргіздіңіз?

- Ақтан ақыннан бөлек, ақын, жыршы, әнші, репрессия құрбаны, атбегі Зәкәрия Сағындықұлының өмірі мен шығармашылығына зерттеу жүргіздім. Ол Былқылдақты, Топырақшашты, Наршөккен мекендерін қоныс еткен. Ескіше хат танып, төгіп айтқан. Абыл, Махамбет, Ақтан, Нұрым, Қашаған сынды ақындардың өлеңдерін жатқа біліп, адайдың атақты «Жеті қайқысы» атанған әншілердің әуендерін нақышына келтіріп орындаған. Кезінде әйгілі шайырлардың көзін көріп, солардан тәлім-тәрбие алған.

Оған қоса, спорт саласына да қалам тербеп, ұлттық спортты ұлықтаған атбегілер, Атырау облысынан шыққан спорт саңлақтары туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Сондай-ақ, Құлсары қаласынан солтүстікке қарай 90 шақырым жердегі биік төбенің үстінде Жұбан мазары бар. Ол ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде республикалық дәрежеде қорғауға алынған. Міне, осынау тарихи маңызы зор мазардың салыну тарихына, оның ұрпақтарының тағылымды істерін зерттеп жүрмін.

- Болашақтағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Алдағы уақытта жоғарыда айтқан зерттеу еңбектерімнің басын қосып, бір кітап шығарсам деген ойым бар. Бірақ, қазір бәрі қаржыға тірелетіндіктен тұралап тұр. Алдағы уақытта шығып қалар деген сенімдемін. 

- Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан

Сурет: ©Еркебұлан Қайрахан, akzhelken.kz

Massaget