Нұрлан Албан: "Менің "егізім" бар"

Нұрлан Албан: "Менің "егізім" бар"

Нұрлан аға, биыл киелі сахна төрінде жүргеніңізге 15 жыл толады. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

Иә, биыл қастерлі өнер сахнасында жүргеніме он бес жыл болады екен. Арманымды арқалап, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясынан үздік білім алып ұшқалы, сахнадан бір еліге де алыстамадым. Отандық сахналармен қатар, Ұлыбритания, Америка, Ресей, Қытай, Түркия, Германия елдерінде өнер көрсеттім. Алғашқы қадамымды Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан бастаған едім. Актерлік шеберлігімді арттыра отырып, эстрадаға бет бұрдым. Сахнада өнер көрсетумен қатар, өзімді радио, телевидение жүргізушісі ретінде де сынап, республикалық арналарда хабарлар жүргіздім. Бірнеше байқауларда бақ сынап, лауреат атандым. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, осы жылдары қандай жетістікке жетсем де, ол туған халқымның арқасы. Осыған орай, тыңдармандарымның алдында есеп беріп, жеке концертімді өткізуді жоспарлап отырмын. Жеке концертіме келген ел күнделікті кештердегі жаттанды сөздер мен әрекеттерді көрмесе деймін. Менің тыңдармандарым ұлттық құндылықтарымызға толы, рухани кештің куәсі болса екен деген ниетім бар.


Жақында танымал ресейлік арнадағы «Ұқсастық қандай» («Большая разница») жобасының аясында «Өнер қырандары» КТК командасы сізге пародия жасады. Бағдарлама көрермендерінің арасынан сізді байқап қалдық. Бұл пародияны қалай қабылдадыңыз?

Керемет! «Өнер қырандары» командасының жігіттері өте жақсы қойылым көрсетті. Оларға алғысым шексіз. Маған пародия жасағандары менің өнерімді жоғары бағалағаны деп білемін. «Ұқсастық қандай» бағдарламасының жүргізушілері Александр Цекало мен Иван Ургант кәсіби деңгейі жоғары, өз мамандарының хас шеберлері. Маған олардың қонақтарды қабылдауы, оларды төрге шақыруы, қонақтармен сұхбаттасуы өте қатты ұнады. Пародияға келер болсақ, мен өзімді көрдім. Тіпті, сыңарымды тауып алғандай күй кештім. Енді менің «егізім» бар (күлді). Кейін мені сомдаған жігітпен қол алысып, бірге суретке түстік.


Нұрлан аға, өз шығармашылығыңызбен қатар, сіз бұл күнде «Аруана» әжелер ансамблі мен қобызшы қыздардан құралған «Арт-дала» тобының продюсерісіз. Телевизиялық бағдарламалардан бой көрсетіп, өнер ордаларының бірінде шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстазсыз. Бір үйдің отағасысыз, асқар таудай әкесіз, Осының барлығына қалай үлгересіз? Тайм-менеджменттің құпиясы қандай?

Кей кезде осы сұрақты өзіме қоямын. Шамам келгенше барлығына үлгеруге тырысып бағамын. Ниеті түзу, ойы тура болса, адам баласы барлығына үлгеріп, алға қойған мақсаттарына жетеді деген ойдамын. Он екі мүшең сау, бойыңда күш-қуат болып тұрса, неліктен еңбек етпеске?! Алла Тағала бойымдағы осы қасиеттерден айырмаса екен деп тілеймін.

Жақында шаңырағыңыз тағы бір бесікке көбейді. Дүниеге Нұрайым есімді қызыңыз келді. Бауы берік болсын! Нұрислам, Нұрәлі сияқты атшабарлар мен Нұрайым қалай өсіп жатыр?

Көп рахмет! Екі бұзығым балабақшаға барып жүр. Ата-баба салтын жалғастырып, үлкен ұлым Нұрисламды апасына бердік. Ол кемпір-шалдың баласы. Екінші ұлым дүниеге келгенде, менің балам бола ма деп едім, ол да әжесіне сатылып кетті. Аллаға шүкір, үшінші ұрпақты болып, дүниеге қызым келді. Қыз балаға деген мейірімім ерекше. Нұрайым күннен-күнге тәтті қылықтарымен айналасын шаттыққа толтыруда. Кішкентай қызымның саусақтары салалы. Иншаллах, қызым болашақта өнер жолынан көрінсе екен деймін. Жания Яхияқызы сияқты есімі әлемге танымал пианист болса деген арманым бар.

Бесіктегі Нұрайым бүлдіршіннің болашағынан үлкен үміт күтудесіз. Өсе келе балаларыңыздың азамат болып қалыптасуына қазірден бастап ат салысудасыз. Ал сіздің өзіңізді өнер жолына кім жетеледі?

Өнерді өзім таңдадым десем болады. Себебі, алыс-жақын туған-туыстарым «Өнер жолы – ауыр жол» дегенді алға тартып, менің таңдауымды құптаған жоқ. Алайда, мен білім алған Алматыдағы Дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернатының ұстаздары маған бағыт-бағдар берді. Бұл күнде мен оларға шексіз алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда термеден сабақ берген Гүлшат Нұрлыбаева деген мұғалімімді іздестіріп жүрдім. Ол кісіні тауып, рахметімді айтсам деймін. Өнерде менің қанатымды қатайтқан сахна тарландары Ғазиза Әбдінәбиева апайым мен Нұрғанат Жақыпбаев ағама үлкен алғысымды білдіремін.


Жақында біздің сайтта блог жүргізе бастадыңыз. «Massaget.kz» қазақтың жаңа ақпараттық-танымдық порталы туралы ойыңызды білдірсеңіз...

Өз басым әлеуметтік желілерге аса қызықпаймын. Ғаламторды қызмет бабымен ғана қолданамын. Әйтсе де, жаңа порталда блог жүргізуге шақыру алғанда, бірден келіскен жоқпын. Ұлттық порталды бір аптадай қарап, айдарларындағы мақалаларды оқып жүрдім. Кейін тіркеліп, алғашқы жазбамды жарияладым. Өз достарым мен таныстарыма портал жайлы айттм. Олар да біртіндеп тіркеліп жатыр. Өзім жетекшілік ететін «Art-Dala» тобының қыздары да тіркеліп, блог жүргізе бастады. Атам қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығымыз бірігіп, жаңа порталды қолдап, қазақ тіліміз бен ұлттық болмысымызды дамытуға аз да болса үлесімізді қосып жатырмыз. «Massaget.kz» порталы қазақ тіліндегі бірегей портал. Бұл порталды рухы биік, саналы жастар жасауда. Болашағынан үлкен үміт күттіретін желі. Бастамасы жаман емес, ғұмыры ұзақ болатынына сенімім мол.

Ниетіңіз бен сұхбаттыңызға үлкен рахмет, аға! Сізге шығармашылық шабыт пен үлкен табыстар тілейміз!

Көп рахмет! Алла разы болсын!

Ғ. Ұзақ