Серікбек Жанболат: «Біз тек ақпарат жеткізуші емеспіз»

Серікбек Жанболат: «Біз тек ақпарат жеткізуші емеспіз»

Бүгін "Алаш айнасы" газеті 1000-шы санын шығарып отыр. Қоғамдық, мәдени, саяси мәселелер мен жылдам ақпараттарды ел алдына ұсынып отырған газеттің атқарған ісі көп. Алаштың айнасы бола білген газетті басқарып отырған Серікбек Жанболатпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Газеттің 1000-шы саны жарық көрген екен, құтты болсын. «Алаш айнасы» осы күнге қалай жетті?

- Газет ашылмай тұрғанда қазақта тұрақты түрде жұмыс жасап тұрған газет саны үшеу ғана еді. Қазаққа үш газет көп пе? Менің ойымша, бізге он газет болса да артық емес. Біз мемлекетпіз, мемлекеттің өзіндік ақпараттық кеңістігі болуы керек, үлкен саяси істер жүзеге асатын болса, оны жүргізетін құрал керек. Сондықтан да, «Алаш айнасы» еліміздің ақпараттық кеңістігін толықтырған үлкен бір жоба болды деп ойлаймын. Біз көтерген мәселелердің мемлекеттік деңгейде шешімін тапқандығы жайлы мысалдарды көп келтіруге болады. Биліктің бізбен есептесетінін осыдан-ақ көруге болады. Себебі біз бос сөз жазбай, өз ісімізді жақсылап жасағымыз келеді. Әр нәрсені бүгінгі заманға сай етіп, бүгінгі заманның форматын тапқымыз келеді.

Біз тек ақпарат жеткізушісі емеспіз, одан әлдеқашан өтіп те кеттік. Қазір тартыстың заманы, кез келген заттың да идеологиясы бар, олай болатын болса, газет бірінші кезекте идеология құралы. Біздің дәуір күніне екі тілі жойылып жатқан заман, армиямен емес, өніммен жаулап жатқан заман.

10 000 дана сіздерге аз емес пе?

- Қоғам әртүрлі, ала-құла. Қоғамды шартты түрде зиялы қауым, жастар, зейнеткерлер деп бөлеміз, бірақ осының өзі қоғамның әртүрлі топтардан тұратынын көрсетеді. Сондықтан да бәріне бірдей ұнап, жалпақшешейлікпен жұмыс жасай алмаймыз. Оның ішінде бізді қажет деп тапқан ең сенімді оқырмандармен жұмыс жасаймыз. Мың адамға арнап, оны біреуі де қарамайтын газет шығарғанша, бір ғана тұрақты оқырман үшін жұмыс жасаған ыңғайлы.

«Айқын» газетіне ұқсайтындарыңызды әр-әр жерден естіп қалып жатамыз...

- Оның бірі себебі бізге алғашқы кезде журналистер сол «Айқын» газетінен ауысып келді, одан кейін ғана жастарды ала бастадық. Содан ел бізді сол газет секілді шығатын шығар деп ойлады. Бірақ кейін «Айқын» газетіне ұқсамады деген пікірді көп естідім. Тағы бір себебі екеуінің де көтеретін жүгі бірдей, күнделікті ақпарат таратады, оны мойындаймын, бірақ оның беріліп, баяндалуы бөлек. Қазір «менбілемдікке» салынып кеткен заман. Дәл қазір журналистер бір уақытта экономист болып сөйлейді, ал тағы бір жарты сағаттан соң, дәрігер болып сөйлей береді. Қазақта «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Біздің газеттегі әрбір материалдың соңында құзырлы адамның, маманның пікірі беріледі. Журналист мәселені өз көтеріп, өзі тұжырым жасап, шешіп тастамауы керек. Ақылгөйсінуден адамыз және сонымен ерекшеміз деп ойлаймын.

«Алматтың әзілдері» немесе «Болатбектен бір хабар» деген айдарларыңыздың маңызы не? Несімен ұтымды деп ойлайсыз?

- Шығыс жақта бір кісілер газетіміздің аты жайлы пікір айтты. «Алаш» сөзінің шығу тегі мен газетіміздің байланысы туралы әңгіме айтылып жатқан кезде мен оларға «алаш» сөзі «қазақ» сөзінің баламасы екенін, солай түсінетінімді жеткізгенім бар. Ал алаштың өмірі деген сөздің артында тек кешегі алаштықтардың өмірі ғана емес, сонымен қатар, бүгінгі қазақтың айнасы деген мағына тұр. Газетіміздегі сіз байқаған айдарларға келсек, былай жауап беруге болады. Мәселен біреу фильм түсірді дегенді ести сала, фильм жайлы емес, оны кім түсіргенін бірінші сұраймыз ғой, сол себепті Болатбектің ақпаратты іздеп тауып, оны мөлдіретіп беру шебері екенін ескеріп, осындай бір айдар аштық. Ал Алматтың айтқыштығы жайлы бүкіл ел ішінде әңгіме көп. Ендеше неге анекдот деген сөзді жазып, Алматтан айдарды қызғануым керек? Адамның атымен айдар қою пәлендей қылмыс емес. Тіпті керісінше, жауапкершіліктен қашқан, «сен тимесең, мен тиме» заманында мұндай қадамнан соң, оған жауапты адам ізденеді, екіншіден оның қолтаңбасы қалыптасады. Егер бұл айдарлар бізге оқырман әкелетін болса, мен неге одан қашуым керек? Бізде «Ой-көкпар» деген де айдар бар. Құтты күні пікірталас тудырып немесе таба беруден қиын дүние жоқ. Кейде оны тіпті қолдан жасауға тура келеді. Біз тартыстың заманында біреудің пікірі мен аргументін сыйлап үйренуіміз керек. Біз осы арқылы қоғамда бірімізді біріміз тыңдап үйренуіміз керек деп, осындай айдарлар аштық.

Айына жиырма тұлғадан үлкен-үлкен сұхбат аласыздар. Жылына 140 тұлғаның датын тыңдайды екенсіздер. «Дат!» айдарының соншалықты көп шығуы тиімді ме?

- Тұлғасы жоқ ел бытыраған қойдың құмалағы сияқты болып қалады. Елді ел қылатын да осы тұлғалар. Айдардың «Дат!» аталуы да тегін емес, бұл қарапайым сұхбат емес, біреудің қайда туылғанын немесе қашан үйленгені жайлы мәселені ол жақтан таппайсыз. Онда әрбір тұлғаның құнды ойлары мен идеялары жатады. Тіпті бір ғана мәселеге құрылған сұхбат болуы мүмкін.

Ал «Дедім-ай ау...» айдары тіптен қызық, себебі өзім де бұл айдарды әр саны сайын оқып отырамын.

- Қоғамда небір айтқыштар бар. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дейді. Кейде бір-ақ ауыз сөзбен бір кітапқа арқау болатын сөз айтады, ал кейде біреулер жүйесіз сөз айтады да өзі масқараланады.

Газетпен аттас сайттарыңыз бар. Сайтқа баса назар аудармай отырған сияқтысыздар ма, әлде қалай?

- Ол былай, басында оны газеттің электронды мұрағаты ретінде ғана аштық. Бірақ, әрине, көздеген мақсатымыз басқа. Біз газетті шырқау шегіне дейін көтерген соң ғана екінші мәселемен айналысуға ден қоямыз. Ашығын айтсақ, қазірдің өзінде сайт жаңаланып жатыр.

Ал келешекте газеттің форматын тастап, сайтқа көшесіздер ме?

- Жоқ. Баяғыда кино шыққанда, ел театр жоғалады деп дауласты. Содан кейін радио шыққанда, ел газет жоғалады деді. Кейін телевидение шыққанда радио жоғалады десті. Бір де біреуі жоғалған жоқ. Ал интернет шықты ма, енді газет одан бетер күшейеді. Себебі интернет ақпарат тасқыны да, ал газет соның нүктесі сияқты. Адамдар қашанға дейін аға бермек? Ендеше газет өзіміздің табан тірейтін дүниеге айнала береді. Сол интернеттің арқасында газеттің де, радионың да, тіпті телевидениенің де мәні артып, күшейе береді. Интернет оларға күш береді десек, қате емес деп ойлаймын. Сондықтан да, мына ақпарат ағымында қай уақытта, қай жерде болмасын, өзіміздің орнымыз бен пікірімізді жоғалтып алмасақ екен деп тілеймін. Сол үшін күресуіміз қажет, бәсекеден қорықпай ұлттық дүниені бәсекеге салсақ, қызып тұрған қылышты суық суға салғандай оны одан бетер жарқыратамыз деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Сурет: Нұрғиса Елеубеков

А. Құлтай