Шекспир өмірге келген күн

Шекспир өмірге келген күн

1564 жылдың 23 сәуірінде белгілі ағылшын драматургы, әрі ақыны Уильям Шекспир өмірге келген еді. Осы күні кіндігі қиылған тұлға 1616 жылдың дәл осы күні бақилыққа аттанды. Шекспирді танымайтын адам аз. Әрине, оның драматургиясы бүкіл әлемнің есігін қағып, төрінен орын алды емес пе?

Англиядағы Уорикшир графтығындағы Стратфорд-на-Эйвоне қаласы Шекспир туған өңір ретінде тарих беттерінде қалып қойған. 

Шекcпир 1592 жылдан бастап театрға ден қоя бастады. Сол жылдардан бастап, ол сахнаға арнап драматургиялық шығармалар жаза түсті. Драматургтің карьералық жолы 1580 жылдан басталған. Ол құрған театрлық топ Лондонда аса беделді атқа ие болып, ағылшындарға театр мен сахнаның не екендігін көрсетті. 1603 жылы Елизавета ханшайым өмірден өткен соң таққа отырған Яков I Шекспирдің театрына жаңа өкіметтің атынан корольдік патент табыс етті.

Оның драматургия саласында 12 трагедиясы, 16 комедиясы, көптеген бөлімдерден тұратын 6 тарихи жазбасы бар. Ал поэзиясы 4 поэма мен 154 сонетпен бай. 

1593-1594 жылдары дүниеге келген пьесалар мен екі поэма оның шығармашылығының шыңы десек те болады. Бұл туындылар Генри Риасеслей мен төртінші Граф Саутгемтонға арналыпты. Сонеталарының да көпшілігі осы кезеңдерде жазылған болуы керек.

Шекспирдің ауызға ілініп жүрген пьесалары 1594-1611 жылдары дүниеге келген. Орта есеппен жылына екі пьесадан жазылып отырыпты. Мәселен "Генри алтыншы", "Титас Андроникас", "Жаздың түніндегі арман", "Венеция саудагері", "Ричард екінші" секілді туындылары көпшіліктің көңілінен шығып, ерекше танымалдылыққа ие болып жатты.

Ал ең танымал трагедиялары шамамен 1600 жылы жазылған. "Гамлет", "Отелло", "Король Лир", "Макбет" секілді дүниелер. 

Шекспир өмірінің соңын Стратфордта өткізді. Еңбектері мен ерекше таланты оның өмірлік серігі болды. 

Шығармашылыққа аса ден қойып, ағылшын әдебиетіндегі драматургия саласының көшін түзеген Шекпир 1613 жылдан бастап қолынан қаламын тастады. 

Драматургияның жүгін жинап, театрдың терезесін теңестіріп кеткен Шекспирдің әр шығармасы оқуға сұранып-ақ тұр.

Шекпирдің өмірге келген күні ретінде жиырма үшінші сәуірді жадында сақтап қалар жанның барына сенеміз. Өйткені әлемдік әдебиет пен театр өнерінде еңбегі ерен тұлғаны ешкім ұмытпауы тиіс.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: afisha.bigmir.net 

А. Әбілхан