"Алдаспан" тобы салауатты өмір салтын қолдайды!

"Алдаспан" тобы салауатты өмір салтын қолдайды!

7 сәуір күні Алматы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналған ҚР Тұңғыш Президент саябағында "Қысымсыз өмір - еркіндік" атты акция өтті. Шараның басты бөлігі танымал "Алдаспан" тобының өнер көрсетуі болды.

Акция бүкіләлемдік денсаулық сақтау күніне орай ұйымдастырылды. Бұл күні саябақта түрлі денсаулықты емдеу ұйымдары жұмыс жасады. Келген қонақтар өз денсаулығын, қан қысымын тексертіп, психолог не дәрігермен кеңесуге мүмкіндік алды.

Бас домбырада ойнайтын Шамшаддин барынша салауатты өмір салтын ұстанады. Shama-ның айтуынша, ол екі-үш күнде бір рет таңғы 6-да оянып, жүгіреді екен. Күнделікті кешке жерден серпіп көтерілу жаттығуларын жасауды да қалдырмайды. "Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты",- дейді рок ансамбльдің солисті.

Ритм домбырада ойнайтын Бақытжан денсаулық сақтаудағы басты мәселе - салауатты өмір салтын ұстану дейді. "Қазіргі жастар денсаулығының маңызын түсінбейді, оны темекі мен ішімдікпен құртады. Ал осындай шаралар жастарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйретеді", - дейді Бақытжан.

Топ мүшелері Мақсат пен Нұржанның айтуынша, бұндай шаралар қоғамымызға өте қажетті. "Жастарға осындай еркін заманда салауатты өмір салтының маңыздылығын түсіндіру біздің міндетіміз", - дейді ол.

"Алдаспан" тобы жанды дыбыспен жиналған қауымды қуантты.

Халық домбыра үніне билеп, көңіл көтеріп, денсаулықтары жайлы мәлімет алып қайтты.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: Мейіргүл Оңғарова

С. А