Танымал әннің авторы қайтыс болды

Танымал әннің авторы қайтыс болды

69 жасында «Caruso» әнінің авторы Лучо Далла қайтыс болды. «Caruso» әні XX ғасырда шыққан "Yesterday" және "Besa Me Mucho" сияқты әндермен қатар тұратын шедеврлар қатарынан.

1986 жылы "Caruso" әні шыға салысымен Лучо Далланың танымалдылығы бірден артты. Лучо Далланың өнерге қадамы 1960 жылдардың басында басталған, ол кларнетте джаз ойнап, поп-жұлдыз боламын деп еш ойламаған екен. Кейін әнші Джино Паоли жас сазгер Лучо Далланың даусының жақсы екенін айтып, соның кеңесімен ол өз әндерін айта бастайды. 1970 жылы «Евровидениеде» танымал әнші Джани Моранди оның "Occhi Di Ragazza" әнін айтып шығады. Ал 1971 жылы Лучо Далла Сан-Ремо фестивалінде үшінші орынға ие болады. Ол жазған "4 Marzo 1943" әні бойтұмары іспеттес, үлкен сәттілік әкеледі. Әннің аты – оның туған күні мен жылы болатын. 1970-1980 жылдары ол Италияда жұлдыз болады.

ТМД елдерінде Лучо Далланы "Caruso" әнімен танитын. Орыс тілінде "Памяти Карузо" деген атпен танымал ән – опера әншілері үшін аса шеберлікті қажет етпейді, ал эстрадалық әншілерге жаңа белеске көтерілуге мүмкіндік беретін туындылар қатарына жатады. Сол себепті бұл әнді екі жақ та орындауға құмар. "Caruso" әнінің музыкалық тұрғыда ерекшелігі неаполитандық әндердің мінезділігі мен еуропалық авторлық әндердің байланысқанында. Ән Сорренто мен Неаполода соңғы күндерін өткізіп жүрген Энрико Корузо жайлы. Былайша мағынасы, әншінің ақтық демі жақындағанын сезіп, өмір жайлы ойлауы. Әншінің қайырмасында айтылатын махаббат сөздері кімге бағытталғаны осы күнге дейін белгісіз екен.

Лучано Павароттидің осы әнді айтып шығуы авторға үлкен табыс әкелді. Сонымен қатар, танымалдардың ішінде "Caruso" әнін Андреа Бочелли, Лара Фабиан, Хулио Иглесиас, Джош Гробан сынды әншілер орындаған.

"Caruso" әнінің авторы Швейцарияның Монтре қаласында инфарктан қайтыс болды. Үш күннен кейін ол 69-ға толуы керек болатын. Осы жылы өнерде жүргеніне 50 жыл толған екен.


Сурет: itar-tass.com

A. Mustafina