Аты аңызға айналған "Танец под дождем" әнінің шығу тарихы қандай?

Аты аңызға айналған "Танец под дождем" әнінің шығу тарихы қандай?
Фото: pibig.info

Аты аңызға айналған "Танец под дождем" ("Жаңбырдағы би") әні көпшілікке танымал. 2000-жылдары хитке айналған әнмен ессіз ғашық болғандар өте көп. Ән шыға салысымен халық арасына кең тарап, түрлі радиостанцияларда, ауылдық дискотекаларда және қалалық клубтарда шырқалды.

Мейрамбек Бесбаевпен Cover Show ойын-сауық бағдарламасында сазгер Ренат Гайсин әннің шығу тарихына тоқталып өтті.

"Биыл бұл әнге кішігірім мерейтой. Туғанына 25 жыл толды. 1997 жылдары. Ол кезде Атыраудамыз. Эдуард Берғалиев деген досыммен бірігіп жазған едік. Әлі есімде, Сәтпаев 32-деген үйіміздің подъезінде отырып, Эдуард осы әнді көрсеткенде мен оған керемет ән екенін айттым. Кейіннен өңдеп, Алматыға алып келдім. Алматыда Болат Боранов деген музыкантпен бірге "Мультик" деген топ құрдық. Осы топпен ән алғаш рет орындалды. Одан кейін Ерлан Көкеев орындады. Оның нұсқасы мүлдем бөлек", - деді музыкант.

Ренат Гайсин НАZИМА-ның орындауына тәнті болғанын жасырмады.

"Кавер десек, біз осы әнге ұқсамаған ән күтеміз. Шынымен де қазір жаңа ән тыңдаған секілдімін. Назиманың әні шынымен де жаңалық болды, әнге жан берді. Назима таңғалдыратын дарынды әні", - деді музыкант.

Айта кетейік, Эдуард Берғалиев атыраулық музыкант, сазгер. Отандық әншілер орындаған «О нас с тобой","Я тебя слышу", "Ночное притяжение", "Небо","Не вспоминай" т.б әндердің авторы.

Ол өзін бейресми музыкант деп атайды.

"Менің әндерімде батысқазақстандық мәдениетінің ізі бар. Ал мен жалғыз емеспін. Әсiресе, кейінгі кездері Алматыда көптеген музыканттарымыз ерекше құрметке ие. Атыраулық талантты жігіттер Алматыға аттанып, сахнаға шығып жатыр. Әрине, кез келген адам жұлдыз бола бермейді, бірақ мен біздің музыканттар қазақстандық шоу-бизнестің тірегі деп нық сеніммен айта аламын" - деген екен ол.

Т. Раушанұлы