Отбасылық өмірін құпия ұстайтын жұлдыздар

Отбасылық өмірін құпия ұстайтын жұлдыздар
Фото: Әлеуметтік желі

Жұлдызға жар болу оңай емес. Жанкүйерлер жұлдыздың жеке өміріне қарамастан, сүйікті әртісіне әрдайым бір қадам жақын жүргісі келеді, әрбір әрекетін бақылайды, әр сөзін аңдып отырады. Бірақ осыған қарамастан, өздерін жасырмай, халық алдында жүрген немесе әлеуметтік желілерде парақшасын белсенді жүргізетін жұлдыздардың жарлары бар. Алайда жұрт алдында жүргенді жақсы көрмейтіндер де бар. Ендеше, елге беймәлім жұлдыздардың жарлары туралы шолу ұсынамыз.

Алтынай Жорабаева

Атақты әнші, аяулы ана Алтынай Жорабаева 2020 жылы екінші рет күйеуге шығып жатқанын айтып, желідегі оқырманын бір қуантқан болатын. Кейін әлеуметтік желідегі парақшасында оның кім екенін айтып, жазба қалдырды.

"Қайырлы күн, қымбаттыларым! Міне, жүзік тағылды. Жолдасым ел алдында ұсыныс жасап, жүзікті таққысы келген жоқ. Себебі ел алдында жүрген адам емес. Өнерден алыс адам. Оның үстіне орыс мінезді. Мінезі ауыр, әрі ұялшақ. Сондықтан оны да түсіну керек деп ойлаймын. Бастысы қыздарыма жақсы әке болып жүр. Маған қарағанда қыздарым осы жігітпен бірге болуымды қалады. Маған жазған тілектеріңізге рақмет! Сіздерге еселеп қайтсын! Ел алдында жүрген өнер иесі болған соң әр қадамың сынға түсіп отырады. Сол себепті қысқаша айта кетейін дедім. Жолдасым - Қостанайдың жігіті. Руы - арғын", - деді әнші. 

Алтынай Жорабаеваның екінші күйеуінің есімі - Әлішер. Оның елордада құрылыс компаниясы бар екен.

Тамара Асар

Белгілі әнші Тамара Асар былтыр екінші рет күйеуге шыққан болатын. Бұл қуанышты хабарды оның құрбысы Айгүл Елшібаева жеткізді. Ал әншінің өзі оқырмандарымен кейінірек бөлісті.

"Адамның бақыты өз жүрегінде, ой-сезімінде. Отбасы, ошаққасында. Ауылдағы Анамыз біз үйленген кезде, "Бақыттарыңды өз бойларыңа әбден сіңдіріп алып, кештеу жариялаңдар" деген еді. Сосын хабарлауды кейінге қалдырғанбыз…", - деп жазды әнші әлеуметтік парақшасында.

Өнер иесі жүрегін жаулаған азаматтың есімі Жұмаш екенін және оның кәсіпкер екенін айтты.

"Темірден түйін түйген, еңбекқор, ата-бабасы Ресейде туған, өз ата-анасы бақилық болған, өзі өмір көрген, мені көзбен бағындырып, іспен сағындыратын, болмысымды құрмет тұтатын Жұмаш деген өзіммен құрдас кәсіпкер азамат маған үйленді", - деп бөлісті Тамара Асар.

Нұрболат Абдуллин

Отбасылық өмірін жұртқа жария етпейтін әншілердің бірі - Нұрболат Абдуллин. Ол өзінің жары жайлы алғаш рет  "Ережесіз әңгіме" бағдарламасында айтты. Оның әйелінің есімі - Фарида. Мамандығы бойынша - музыкант, вокалист. Екеуі жоғары оқу орнында бірге оқыған. Сөзіне қарағанда, Фарида бір кездері диплом бойынша жұмыс істеген. Алайда бүгінде өнерден алыс, бала тәрбиесінде. Ол әріптестері жұбайларын жарысып көрсетіп жатса да, өз ұстанымынан айнымайтынын айтты.

Сәкен Майғазиев

Сәкен Майғазиев пен жұбайы Динара 1994 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжінің қабырғасында танысқан. Динара Солтүстік Қазақстанда туып-өскен. Сәкен мен Динара шаңырақ көтерген кезде атақты "Музарт" тобы болмаған.

"Менің жұбайым Сәкен Майғазиевқа емес, Майғазиев Сәкенге ғашық болған адам да. Кәдімгі қарапайым қазақтың жігіті, болашақ жарым деп ғашық болды деп ойлаймын. Біздің алдымызда қандай асулар тұрғанын білген жоқпыз. Қиындықтарды көрдік, ащы-тұщыны көрдік", – дейді өткен күндерді сағына еске алған Сәкен Майғазиев.

 “Айта берсін” бағдарламасынан скриншот

Ғаділбек Жаңай

Ғаділбек - отбасын құпияда ұстайтын әншілердің бірі. Оның әйелінің есімі - Ақмаржан. Ол туралы басқа ақпарат жоқ. Ғаділбек бір сұхбатында шыдамдылық танытып жүрген әйеліне алғыс айтты.

"Жасырмаймын, ол келіншекке де оңай емес. Жалпы әншінің келіншегі болу оңай емес. Өнер адамдарының келіншектеріне Алла сабыр берсін. Себебі көп далада, айлап гастролдерде жүреді. Олардың сабырлылықтарына таңғаламын. Үйде отырып, түтінін түтетіп, отауындағы жылулықты сақтап, бала-шағасын бағып отырады. Осы біздің аяулы ханшайымдарға арнап ән шығармағанда кімге шығарасың? Келіншегіме ризамын, үлкен рахметімді айтамын", - деген әнші.

А. Жапатова