Элвис Пресли "Love Me Tender" әнінің шын авторы ма?

 Элвис Пресли "Love Me Tender" әнінің шын авторы ма?

Ғашық жандардың бірден жүрегінен орын алатын Элвис Преслидің Love Me Tender әні фолк және поп жанрында жазылған. Аталған ән  Rolling Stone басылымы ұсынған "500 теңдесі жоқ әндер" нұсқасының тізіміне кіреді. Дегенмен ән тарихында ескеру керек бірнеше жайттар бар. Ән бастапқыда мүлде басқаша аталды, оның тарихында бірнеше түсініксіз сәттер де бар. Бүгін TengriMIX пен Retro FM ұсынатын "Бір әннің тарихы атты" атты жаңа жоба негізінде Love Me Tender әнінің тарихымен таныстыратын боламыз. 

Love Me Tender әнінің тарихы қай уақытта пайда болғаны белгісіз, бірақ дереккөздерге сенсек, ол ғасырдан ғасырға жеткен америка халқының балладасынан бастау алады. 

Кейін 1861 жылдары халық арасынан шыққан Джордж Поултон мен Вильям Фосдик танымал әуенге мәтін жазып, Aura Lee деп аталатын композицияны ұсынады. Аура Ли - әннің бас кейіпкерінің есімі. Ән бойжеткенге арналған болатын. Оның үстіне ән бастапқыда баяу әрі ұзақ кантри дәстүрі бойынша орындалған. 1861-1865 жылдары Азаматтық соғыс кезінде ән конфедераттар арасында да, солтүстік аймақ тұрғындары арасында да танымал болды. Солтүстік аймақ тұрғындары әнге өздерінің әскери формаларына сәйкес Army Blue деген атау да берген. Кейін композицияға жан бітіру үшін Кен Дарби әуені мен мәтінін өңдеп, оны бүгінде танымал нұсқаға ұқсатты.

Элвис Пресли өзінің шығармашылық тарихында бірде-бір ән жазбаған. Бірақ репертуарын талғаммен таңдай алғаны соншалықты, тыңдарманның басым бөлігі оны ән авторы ретінде қабылдаған.  

Сол себепті продюсерлері авторды бірлескен автор ретінде қосуды жөн көрген. Бірақ Пресли бұл ісінен қысылып жиі бас тартқан. Пресли өзгенің туындысын өңдеп, оны ерекше сезімталдықпен орындаған. Соның арқасында бірнеше ән хитке айналып, өзінің тарихи жолын жалғастырған.  

1956 жылы Пресли бір қызға ғашық екі жігіттің басынан кешкендерін баяндайтын алғашқы дебюттік фильм түсіріліміне дайындығын бастайды. Алғашқыда фильм "Рено бауырлар" деп аталуы тиіс еді. Бірақ Элвистің қолына Aura Lee әні түскеннен кейін, бәрі өзгерді. Өңделген әннің әлемдік хитке айналатыны алғашқы ноталардан-ақ белгілі болатын. Соған сәйкес Преслидің фильмографиясы "Мені нәзіктікпен сүй" деген кинокартинадан басталады.

Фильмнен бұрын оның саундтрегі танымал болған тарихтағы алғашқы оқиға десек қателеспейміз. Пресли алғаш рет Love Me Tender әнін 1956 жылы 9 қыркүйек күні "Эд Салливанның шоуында" орындайды. Шоудан кейін жазба жұмыстарымен айналысатын компания миллионға жуық алдын-ала тапсырысқа өтініш алған.

Love Me Tender әнінің авторы кім деген сұрақ әлі күнге дейін қызу талқыланады. Ресми түрде ән авторы Кен Дарбидің жары — Вера Мэтсон.  Сонымен қатар,  бірлескен автор ретінде Элвис Пресли көрсетілген. 

Бұған себеп — болған лицензиялық төлем мәселесінің туындауы: Пресли бірлескен автор құқығын ән авторларына ән кредитінің 50 пайызынан бас тарту туралы талапты жариялаған Hill & Range-пен келісімге келу арқылы алды. Бірде Дарбиден әйелін неліктен бірлескен автор ретінде көрсеттің деп сұрағанда: "Өйткені ол да оны жазуға қатыспады" - деп жауап берді. Осылайша, ақын композицияны құруға Элвистің қатысу дәрежесін нақты көрсеткендей болды.

Элвис Пресли өзінің көңіл-күйіне және жеке өміріндегі кейбір сәттерге сүйене отырып, әннің орындау тәсілін, кейді тіпті мәтініне дейін згертіп отыратын. 

Мысалы, концерттердің бірінде "You have made my life complete" сөзінің орнына Пресли "You have made my life a mess!" ("Менің өмірімнің тас-талқанын шығардың!") деп әндетсе, енді бірде  "You have made my life wretched" ("Өмірімді өңнен айырдың") дейді. 

Мінез, болмыс, ойы мен көңіл-күйін ән арқылы жеткізе білген Элвис Пресли әнге екінші өмір сыйлап қана қоймай, оның музыка шыңына шығарды.

Love Me Tender және өзге де хит әндерді Ретро FM радиосынан тыңдай аласыз. Алматы қаласы үшін 107,5 FM толқыны, Нұр-Сұлтан және өзге қалаларды 104,5 FM толқыны арқылы бізбен бірге болыңыз.

Т. Есқали