Грэмми-2022: Салтанатты кеш қашан өтетіні белгілі болды

Грэмми-2022: Салтанатты кеш қашан өтетіні белгілі болды

64-ші Грэмми марапаттау рәсімі 3 сәуірде Лас-Вегастағы MGM Grand Garden аренасында өтеді. Шараға The Daily Show жұлдызы Тревор Ноа жүргізуші болып тағайындалды. Ол былтырғы, яғни, 2021 жылғы іс-шараны да жүргізген болатын.

«Біз Грэмми сыйлығын Лас-Вегасқа алғаш рет әкеліп, әлемдік деңгейдегі шоу деңгейіне жеткізгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Біз шоуды жоспарлаған уақыттан кейінге қалдыру туралы хабарлаған кезде, жұлдыздар қауымы бізге шын жүректен қолдау сөздерін жаудырды », - деді Академия директоры кіші Харви Мейсон Грэмми веб-сайтындағы мәлімдемесінде. 

Рәсім бастапқыда 31 қаңтарда өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда коронавирустың «омикрон» деп аталатын жаңа штаммының таралуына байланысты ол белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Бұл шешім негізінен әртістердің өздеріне байланысты қабылданды: олардың көпшілігі пандемия басылғанша шоуға қатысудан бас тартты. 

Дереккөздер Грэмми академиясы мен CBS аудиториямен тікелей эфирде шоу көрсетуге үміттенетінін айтады. Ал 17 000 орындық MGM Grand Garden Arena залы - бұл үшін тамаша сахна. 

Қараша айында академия 2022 жылғы үміткерлерді жариялады. Тізімді 11 номинацияға іліккен Джон Батист бастап тұр, одан кейін әрқайсысы сегіз номинацияға үміткер болған Джастин Бибер, Додж Кэт және H.E.R. тұрса, Билли Эйлиш пен Оливия Родриго (әрқайсысы жеті номинация) кейінгі сатыға орнықты, Канье Уэст, Lil Nas X, BTS, St. Vincent, Jay Z, Deftones пен ABBA да бірнеше аталымнан үмітті.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) Saint JHN орындайтын "Roses" әніне жасаған ремиксі "Best Remixed Recording" номинациясы бойынша "Грэмми" премиясын жеңіп алды. Иманбек – "Грэмми" алған алғашқы қазақстандық. 

А. Оралқызы