"Дауыс International" тобына 10 жыл

"Дауыс International"  тобына 10 жыл

Бүгін қазақстандық  "Дауыс International"  тобына 10 жыл толады. 

Топ шоу-бизнес толқынына 2002 жылдың сәуір айында қосылды. «Stars club»- та өткен қатаң кастингтен алматылық бұлбұл дауысты төрт сүйкімді бойжеткен суырылып шықты: Жүргенов атындағы академияның бірінші курс студенті Асыл, ҚаҰУ студенті Әсел (үлкені), тағы бір оқушы Әсел (кішісі), Рысқұлов атындағы ҚазЭУ студенті Рано. Кейін топ құрамы өзгеріп, Жадыра Құтпанова мен Айша Байбосынова топқа жаңа леп әкелді. 


Алғаш рет "дауыстықтар" көпшілік алдына "ТВ Бингоның" тікелей эфирінде шыққан еді. Бұл күнді өздері: "қорқыныш пен қуанышты қатар сезіндік..." -деп әлі күнге дейін ыстық сағынышпен еске алады. Ал үлкен сахнаға Алматыдағы Орталық стадионда өткен "Ақ жол 2002" мерекелік кешінде аяқ басты. 

"Біз көбіне әлемді сақтап тұрған ұлы сезім - махаббат туралы шырқаймыз. Және тек қана ана тілімізде ән айтуға тырысамыз. Қазақ тілінің құдіретін тек өз елімізде ғана емес, күллі әлемге мойындатқымыз келеді" -дейді тотыдай таранған арулар.

Топ продюссері  Сафар Бабаевтің айтуынша, бұл күнді шоу-бизнес сұлулары ұлан-асыр ғып тойламақ емес. Продюссер өз биігін сақтап қалу үшін топ құрамын өзгертпек ниеті бар екенін де айтып отыр. "Продюссер ретінде маған бүкіл құрамды өзгертіп, орындарына 18 жасар қыздарды алу ыңғайлырақ. Сосын барлық әндерді жаңадан жаздырсақ деген жоспарымыз бар"-дейді Бабаев.

Күллі даланы тербеткен әуезді әуен сыйлаған "Дауыс International" тобын осы бір айтулы күндерімен құттықтап, шырқау шыңдарды бағындыра берсін деген тілек айтамыз!

Форумда талқылау

Сурет: tengrinews.kz, vipshow.kz

М. Оңғарова