Шырқағаның мен тыңдағаның қандай ән, қазақ баласы?

Шырқағаның мен тыңдағаның қандай ән, қазақ баласы?

Біз бүгін қандай ән тыңдап, қандай ән шырқап жүрміз? Тақырыптары қандай? Жастар қандай әуендерді тыңдауға әуес? Кешегі кебін өзгертпей жүрген қазақ әуендері де аз емес. Тек қазіргі таңда қазақи әуендеріміз шеттен келген жанрлармен астасып кетті. Онысы дұрыс та болар. Жалпы, біз бүгін тыңдап жүрген қазақ тіліндегі әндерін тақырыптық жағынан қаншаға бөлуге болады?

  • Жыраулар мен сал-серілерден қалған ұлы мұра. Бүгінгі уақытқа дейін қазақ музыка саласына айтарлықтай үлес қосып, қазақ мәдениетін байытқан жыраулар мен сал-серілерден қалған құнды әндер бүгін жастардың аузында. Түрлі өңдеулерден өткен өр әуендердің өмірін ұзартып жүрген ұрпағына әнші бабасы разы болар ма еді? Бұрынғыны жаңартып, жаңғыртып жүрген жырау ұрпақтарына айтар алғыс жоқ емес. Тек "әттеген-айсыз" тірлік бола ма? Бүгіндері ұлылардың әуендерін артық қылам деп, тыртық қылып жатқанымыз рас. Асыра сілтеп әдемі әуендерді тым асырып жіберетініміз жоқ емес. Тарихы тұнық, ғұмыры ұзақ құнды әндерді орындауда абай болған әбден жөн.
  • Махаббат жайлы көңілсіз әндер. Мұндай әндерді бәріміз жақсы көреміз. Әсіресе, ғашықтар бір-бірімен келіспей қалғанда, не аралары суып айрылысып кеткенде қатты әсер етеді. Қазақ әуендерінің көп бөлігі осы бағыттағы әндер. Ән айтушыға мұндай тақырыптағы әндерді орындама деп шектеу қоя алмаймыз. Өйткені осы тақырыптағы әндер өтімді және көп сұранысқа ие. Әр ән сіздің өміріңізден хабар беріп тұрғандай. Көңілсіз махаббат туралы ән сіздің махаббат трагедияңызға ұқсайды. Бәрінде солай. "Мына ән мен жайындай айтылып жатқандай" дейміз. Сіздің сүйгеніңізге айта алмай жүрген сөздер бар онда, сіз білдіре алмай келген сезімдер бар, тіпті. Ғашықтардың бір-біріне ән сөзін жазып жіберетіні де сондықтан. 

  • Махаббат жайлы көңілді әндер. Мұндай әндерді көбіне бақыттан басы айналғалы жүрген жандар көп тыңдайды. Және қазақ тойында саудасы көп жүретін бұл әндердің көп жағдайда мұңмен "жұмысы болмайды". Тыңдарманын шегі жоқ қайғыға салмайды. Бастысы - жанарыңа жас үймелетпейді. Әннің құдіреті де сонда ғой. Мұндай әндер көбіне ырғақты және отты болғандықтан биге деген құлшынысты арттырады. Көңілсіз әндерді тыңдап жастық құшақтап жылап жатпайсыз, керісінше, бақыт құшағында шыр айналып билейсіз. Өкшеңізді жерге тигізбей билететін қазақ әндері аз емес. 
  • Достыққа арналған әндер. Досқа арнау, досты еске алу көптеген ақындар мен сазгерлердің ортақ тақырыбы. Өмірде өшпес ізін қалдырған досына, сан-соқпақты жолдарда дәрмен берген жолдасқа ән арнау арқылы қазақ әуендерінің саны біршама артты. Бұл тақырып та ғұмырлы. 

  • Патриоттық әндер. Қазақ патриоттық әндерден кенде емес. Мұндай әуендерді тыңдап отырып көкте ұшып жүргендей боласың. Ата-бабамыздан асыл мұра болып жеткен бұл Отанның ұрпағы болғанымыз үшін қуанамыз. Әнұран айтып тұрып, оң қолымызды жүрегімізге қоямыз. Тек аузымыз ғана емес, жүрегіміз де айтып жатқандай. Жұдырықтай жүрегіміз де мұндай ән естігенде тыныш қалмайды. Жүректі оятар патриоттық әндердің пайдасы мол. 
  • Туыстық әндер. Ата мен әжеге, ана мен әкеге, ана мен балаға, нағашы мен жиенге, тағысы тағы... Толып жатыр. Қазақ әуендерінің көп бөлігі туыстық әндерге толы. Онда көбіне туыстарының игі ісі, жақсылығы мен басқа да жағымды қасиеттері баяндалады. Туыстың туған күні де ескерусіз қалмайды. Қазақ әуендерінің ішінде туыстық тақырыпқа жазылған әндердің көп бөлігін анаға арналған әндер құрайды. Анаға деген махаббат, ананы мейрамымен құттықтау, анаға деген шексіз сүйіспенішілік, анадан кешірім сұрау, ананың саулығын тілеу сынды тақырыпта талай ән жазылды. Ана аты аспандап талай рет сахналарда ғана емес,  жан дүниемізде де шырқалды. Шырқала береді де.
  • Қайғылы әндер. Қайғылы әндер саны басқалардан аз болса да, қазақ музыкасында олардың алар орны ерекше. Мұндай әуендер көбіне тарихи оқиғаларға байланысты жазылады. Тәуелсіздікпен байланыстыра отырып кешегі нәубәт заманды әнмен әуелетеді. Лайым, қайғылы қазақ әндерін дүниеге әкелердей қайғылы жайттар аз болғай.

  • Көше әндері. Көше әндерін махаббат туралы әндерге қосуымызға да болар еді. Бірақ көше әндерінің бәрі махаббат жайлы емес. Оларға ешқандай шектеу, өлшем қоймағандықтан көңілдің дегенін айтады. Қолына гитара немесе басқа да музыкалық аспап ұстаған көше жастары бір әнді біріге отырып өмірге әкеледі. Артынша ол бағзы замандағы ауызша әдебиет сияқты ауыздан-ауызға тарайды. Авторы белгісіз әнді әркім өз қалауыншы өзгертіп айта бастайды. Байқасақ, авторы бар әндерге қарағанда, көбіне көше әндерінің әуендері сәтті шығып жатады. Ал мәтіні жайлы әңгіме қозғамай-ақ қояйық. 

  • Рэп әндері. Бүгінгі жастардың көп бөлігі рэп әндерді ұнатады. Рэп екен деп ішіне боқтық сөздер қосып, анайы нәрселерді айтып әннің әрін бұзады. Соғы кездері аймақ-аймақ болып бөлініп алған рэперлер бір-бірімен рэп әндері арқылы ашық соғысқа шығып кеткен. Сенбесеңіз, YOU TUBE-ке назар салыңызшы. Боқтыққа толы сөздерді ән қатарына жатқызғың келмейді. Әлемдік классикаға айналған рэп жанрын дұрыс түсінбей жүрген жастарға айтар сөз қалмады. Рэп айтқан осы екен деп ауызды анайы сөзге толтырып, оны әлемге жария ету барып тұрған өнерге қастандық жасау емес пе?

Бұл мақалада қазіргі қазақ әуендерінің тақырыптық жағынан бәрі қамтылмаса да, бүгіндері жиі аузымыздан шығатын, жиі құлағымызға жететін әндердің тақырыптары атаусыз қалмады деп ойлаймыз.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: gruzdyashkin.do.am, rockguitar.nm.ru, muzlife.kz, history.voxpopuli.kz

А. Әбілхан