Ботамойын мен Боздауық – байырғы музыкалық аспап

Ботамойын мен Боздауық – байырғы музыкалық аспап

Түбі жоқ тарихтың терең қатпарларында қалып қойған Бота­мойын мен Боздауық жайлы естіп пе едіңіз? Қазақта осындай музыкалық аспаптар болғанын құлағыңыз шалды ма?

Қытай Халық Республикасының Құмыл аймағының Баркөл қазақ автономиялы ауданында 40 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Баркөл қазақ автономиялы ауданының мұражайында Ботамойын мен Боздауық деп аталатын байырғы музыкалық аспаптарымыз қойылған. Бұл екеуі де қобыз тектес ыспалы аспап.

Ботамойын музыкалық аспабының ерекшелігі – ботаның мойын терісімен қапталады, пішіні де ботаның бейнесінде жасалады. Боздауық музыкалық аспабының ерекшелігі – моңғол ұлтының "бозан" деп аталатын ыспалы музыкалық аспабына қатты ұқсайды, тек құлақтарында өзгешелік бар. Моңғол ұлтының «бозан» аспабы құлағының басы ат бейнесінде ойы­латындықтан, қытайдағы қазақтар оны "атбас қобыз" деп те айтады. Моңғол халқы қолданатын бозан аспабы болсын, біздегі аталған боздауық аспабы болсын, бәрі де "боздау, боздаған үн" деген мағына беріп, ыспалы аспап екенін де, ыспалы аспаптарға сай зарлы үні бар екенін де бірден аңғартады. Атаудың төркіні көне түркінің кең таралған «боздау» сөзінен шығып отыр.

Біз осы байырғы екі музыкалық ыспалы аспап жөнінде Баркөл қазақ автономиялы ауданы мұражайының қызметкері Манат мырзаға хабарласып көргенімізде, ол кісі "бұл музыкалық аспаптарымыздың әлі де мұражайда жақсы күтіммен сақтаулы екенін, ұлтымыздың мақтанышы болғанын, талай ұлтын сүйген көрерменнің көз қызығына айналғанын" жеткізді және біз атап көрсеткен ерекшеліктерін ағынан жарылып әңгімелеп берді.

Манат мырзаның жөн сілтеуімен, осы ескілікті аспаптарды жаңартып жасап, мұражайға өз сәнімен енгізген Нұрадыл мырзаға хабарласуымызды өтінді. Біз Нұрадыл мырзаға хабарласу арқылы, аспаптардың ескілікті нұсқасының тым тозып кеткенін оны сақтауға мүмкін болмай қалғанын, сондықтан Нұрадыл мырзаның өзі бұл екі аспапты көне нұсқасына қарап отырып, өңдеп, жаңартып жасап шыққанын білдік.

Әзірге бұл екі аспапты қолданатындар жоқ, көне­көз қолданушылар өмірден озған. Алайда Манат, Нұрадыл мырзалардың айтуынша, боздауық аспабының өз дыбысын қалпына келтіріп қолдануға болады екен. Деседе, ботамойын аспабының пішіні қаз-қалпында жасалғанымен, өз әуенін сақтай отырып жасауда қиындықтар болғандықтан, ол аспапты ескі нұсқасындай етіп қолдану қиынға түседі екен.

Не болса да, көненің көзі болған екі аспабымыздың үнін болмаса да, сыртын сақтап, осы күнге жеткізіп отырған қиырдағы қырық мың қазақ жайлаған Баркөл қазақ автономиялы ауданындағы қандастарымызға алғысымыз шексіз.

Егемен Қазақстан

Қ. Слямбек