Ремикс деген не және каверден айырмасы қандай?

Ремикс деген не және каверден айырмасы қандай?
Фото: YouTube

Ремикс дегеніміз – жазылған түпнұсқа ән не күйтабақтың өңделген, заманауи аранжировкамен жасалған түрі. Көбінесе, музыкалық шығармаға түрлі әуен, үн, спецэффект қосып жасайды, кейде ырғағы мен бояуын өзгертіп, бөліктерін аударып-төңкеріп, мүлде басқа әуенге айналдыруы мүмкін.

Ремикстің музыка мен шоу-бизнес саласында арнайы, атаулы мағынасы бар. Ал қарапайым халық арасында кез келген әуеннің өзгертілген нұсқасы деген жалпылама мағынасы басым.

Сөздің өзі ағылшын тіліндегі "Re-mix" деген тіркестен шыққан. Яғни, микстің өзгертілген түрі дегенді білдіреді.

Пайда болу себебі

Ремиксті жазуға себеп болған негізгі нәрсе – ескі әуендер мен әндерді, әсіресе, классика мен халық әндерін жаңаша, заманауи түрін жасауға деген әуестік, құмарлық десек болады. Алғаш ХХ ғасырдың ортасынан бастап қолға алынды. Өйткені бұл уақытта музыкалық аспаттар, дыбыс жазушы құрал-жабдықтар пайда болды. Олар ескі әндерді сандық форматқа көшіріп, дауысы мен дыбысында кеткен кемшіліктерді жөндеп, жалпы үнін жақсартуға көмектесті.

Содан бастап ремикс бөлек ағымға, шығармашылық адамдар мен әуеқойлардың өзгеше бағытына айналды. Шығармашылық адамдар өзгеше әуенді өзінше өзгерту арқылы креативті қабілетін, ойы мен қалауын білдірсе, әуеннің авторлары болса, музыкалық шығармасының түрленген, жаңаша бояуға бөленген нұсқасын тарату арқылы қосымша табыс тапты.

Әсіресе, аудиториясы тар әуеннің өзін ремикс арқылы өзгертіп, поп-мәдениетке айналдыруға болады. Кейде композиторлар мен өлең иелерінің өзі танымал бола алмаған әуеніне ремикс жазып, клуб пен дискотекаға сай етіп жасап жатады.

Қазақстанға ремикс кеңес кезінде, өткен ғасырдың 80-90 жылдары келді десек болады. Алғаш "Мираж" тобының 1987-88 жылдары шығарған альбомын өңдеп, 1994 жылы қайта шығарғаны бар. Әуенін жылдамдатып, дыбысына қосымша эффекті мен нәр қосып, сапасын жақсартқандай болды. Бұл посткеңестік елдер үшін жаңалық болды. Альбомның таралымы артып, зор сұранысқа ие болды.

Қазірде ремикс жазу кез келгеннің қолынан келеді. Тек шығармашылық шабыт пен аздаған тәжірибе болса жеткілікті. Оны әуесқой адамнан бастап, диджей, музыкант-композиторға дейін – бәрі жасайды.

Басқа бағыттан айырмасы

Ремикспен ұқсас, аттас ремейк, кавер, трибьют сынды ұғымдар бар. Бұған кезек-кезек тоқталайық.

Ремейк – бұл бұрын жарыққа шыққан әуеннің жаңа нұсқасы немесе мүлдем жаңа музыкалық композиция. Музыкалық композицияның жаңартылған нұсқасы (интерпретация). Стилистикасы өзгермейді, әуеннің мазмұны жаңарады. Яғни, өлеңі мен сөзі сол, ал әуені мен әні өзгертілуі мүмкін.   

Кавер дегеніміз – әуен мен өлеңді басқа бір музыканттың "өзінше" авторлық нұсқамен орындауы. Музыкалық композицияның бояуы мен реңі өзгеруі мүмкін, қосымша белгілер мен аранжировқа қосылады. Тек қана кавер әндерден тұратын альбомды трибьют, ал ондай әуендерді айтатын, орындайтынды ковер-орындаушы дейді.

Қ. Слямбек