"Грэмми"  қандай марапат?

"Грэмми"  қандай марапат?
Фото: laluz.pe

Бірнеше ай бұрын қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) Saint JHN орындайтын "Roses" әніне жасаған ремиксі "Грэмми" сыйлығына үміткер атанған болатын. "Roses (Imanbek Remix)" трегі "Best Remixed Recording" номинациясы бойынша музыкант "Грэмми" премиясын жеңіп алды. Иманбек – "Грэмми" алған алғашқы қазақстандық. Ендеше назарыңызға "Грэмми" сыйлығының тарихын ұсынамыз.

Иманбек Зейкенов (Imanbek) коронавирусқа байланысты онлайн марапатталды

"Грэмми" сыйлығының тарихы

"Грэмми" сыйлығын (Gremmi) – АҚШ дыбыс жазу ассоциациясы 1958 жылы 14 наурызда құрды.

Бұл заманауи музыкадағы ең атақты марапаттардың бірі, оның беделін кинодағы Оскармен салыстырады. "Грэммиді" жыл сайын 30 музыкалық жанр  бойынша "Recording Academy" дауыс беруі арқылы 108 номинация ішінен анықтайды. Табысты және танымал әншілер мен музыка мамандары дауыс беруге құқылы. Олардың қатарына Бон Джови, Принс (2016 жылы қайтыс болды), Пол Саймон және Бейонсе сияқты музыканттар мен әншілер бар.

Грэмми сыйлығының беделді төрттігі:

♦ Жыл рекорды (Record of the Year)

♦ Жыл альбомы (Album of the Year)

♦ Жыл әні (Song of the Year)

♦ Үздік жаңа әртіс (немесе музыкалық ұжым) (Best New Artist)

"Грэмми" сыйлығы қалай пайда болды?

1957 жылы Лос-Анджелесте кәсіби музыканттар Томас Эдисонның граммофон ойлап тапқанына 80 жыл толуын атап өтеді. Сол кезде "Грэмми" сыйлығын әр жылы табысқа жеткен музыканттар мен әншілерге табыстау идеясы пайда болады.  Осыдан соң "Грэмми" атауы және сыйлық статуэткасының пішіні – алтын жалатылған граммофон жасалады.

Бірінші марапаттау рәсімі 1958 жылы өтті. Салтанатты шараны Франк Синатра ашты. Ол кейінірек бұл марапатты екі рет алды.

Кезінде "Грэммидің" қазылар алқасы Элвис Преслиді, ROLLING STONES-ты және әлемдік музыкаға айтарлықтай үлес қосқан басқа музыканттарды елемеді. Грэмми музыкалық жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге музыка индустриясындағы құрметті орынды да ескереді.

"Грэмми" қалай табысталады?

"Грэммиге" үміткерлер шығармаларын жыл сайын 30 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуы керек. Ал сыйлықтың өзі жыл сайын қыс айларының бірінде беріледі. Марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте 1958 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны әлемдегі миллиардтан астам көрермен тамашалайды. Жүлдеге  алтын граммофон табыс етіледі

Бастапқыда "Грэмми" номинацияларының саны 26-ны құрады, бірақ қазір олардың саны 100-ден асады, және әр салтанатқа барлығы 1000-нан астам үміткер қатысады.

Санаттар бойынша жеңімпаздар АҚШ Ұлттық дыбыс жазу академиясының 13 мыңға жуық мүшесінің дауыс беруімен анықталады.

Ең көп "Грэмми" алған кімдер?

Номинациялар саны бойынша Бейонсе (Beyonce) "I Am… Sasha Fierce" альбомымен абсолютті рекорд орнатқан. Он марапаттың ішінен ол алты "Грэммиге" ие болған

Салтанатты рәсімнің екінші рекордсмені жиырма жастағы кантри-әнші Свифт (Taylor Swift) болды. Ол бес рет бұл сыйлықтың лауреаты атанып, тарихтағы ең жас сыйлық иегері ретінде рекорд орнатқан

Алынған Грэмми санының абсолютті рекорды Джордж Солтиге (Georg Solti) тиесілі. Ол бүкіл мансабында 31 "алтын граммафон" иеленген

Джаз және эстрада әншілері арасында Куинси Джонс ең көп марапаттқа ие. Ол мансабында 26 Грэммиге ие болған

Бір жылдағы ең көп марапат 1982 жылы Майкл Джексонға және 2000 жылы SANTANA-ға берілді. Олар бір рәсімде 8 "алтын граммафон" иеленген

Грэмми сыйлығының Латын Америкасында баламасы – Латын "Грэмми" сыйлығы бар. Жыл сайынғы музыкалық марапаттау рәсімінен басқа, 1973 жылдан бастап "Грэмми даңқ залы" деп аталатын орталық ашылды. Даңқ залының мақсаты – музыканың дамуына әсер еткен музыкалық шығармаларды анықтау және атап өту. Грэмми Даңқ Залында жеке әндер де, тұтас альбомдар да бар. Оған енгізілген жазбалар саны 600-ден асады.

Т. Раушанұлы