"Бәйтерек жұлдыздары" атты халықаралық музыкалық байқауға Шакира шақырылды

"Бәйтерек жұлдыздары" атты халықаралық музыкалық байқауға Шакира шақырылды

Астанада халықаралық "Бәйтерек жұлдыздары" атты музыкалық жоба ұйымдастыру қолға алынуда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Байқауға 27 елден 46 өкіл қатыспақ. Қатысушылар Қытай, Украина, Швеция, Ирландия, Колумбия, Испания, АҚШ, Куба, Иран, және басқа да мемлекеттерден келмек.

"Біз 18 бен 63 жас аралығындағы адамдар арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде халық мұндай сыйлыққа шетелдік жұлдыздардан Шакира, Энрике Иглесиас, Крис Браун, Westlife, Араш, Моранди, корейлік және қытайлық актерлерді лайық деп тапты. Біз олармен алдын-ала келісім жасап қойдық. Олардың директорлары да келісімін берді", - деп айтып өтті "Бәйтерек жұлдыздары" атты ұйымдастырушы-компанияның төрағасы. 

Сонымен қатар, төрағаның сөзіне сенсек, аты аталған жұлдыздардың көбі осы ұсынысқа ынтамен келіскен. Европада концертін кейінге қалдырған Westlife тобы Қазақстанды ұнататындығын және осында келіп өнер көрсететіндігін айтып уәде берген. Ал қытайлықтар уақытша тұратын үймен қамтамасыз етсеңіздер, тегін келетіндігін айтыпты.

Ал өзіміздің  қазақстандық өнер жұлдыздарынан музыкалық премияға таласу үшін Батырхан Шүкенов, Али Окапов, Rin'GO тобы және Әлішер Каримовтар қатыспақ. 

Өнер көрсетушілерге ресми түрде дауыс беру желтоқсан айының орта тұсында  теледидар арқылы жүретін болады. 

"Байқау өткізудің мақсаты қайырымдылық шарамен тікелей байланысты. Байқауда бір сахнада атақты жұлдыздармен бірге мүмкіндігі шектеулі балалар да өнер көрсететін болады. Оларға бөлек гонарар мен сыйлық ретінде берілетін қаржы да дайын", - дейді "Бәйтерек жұлдыздары" атты ұйымдастырушы-компанияның төрағасы. 

"Бәйтерек жұлдыздары" байқауының премия табысталу салтанаты 30 наурызда "Арена" спорт алаңында болады.

Жеңімпазға берілетін белгішеде күмбезі алтыннан, қалған бөліктері күмістен құйылған Бәйтерек мүсіні табысталады. Бас жүлде иегерінің есімі алтын әріппен жазылмақ. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: asfera.info

А. Әбілхан