Кальян рэп тыңдап жүргенімізді білеміз бе?

Кальян рэп тыңдап жүргенімізді білеміз бе?
Фото: yandex.kz

Мұндай музыка бағытын жанр ретінде қарастыруға бола ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. Бірақ бір нәрсе белгілі: қазір кальян рэптің көбейіп кеткені. Рэп музыканың мұндай поп-нұсқасын тыңдап жүргенімізді көбіміз білмейміз де.

Кальян рэп дегеніміз – қазіргі біздің той әндеріне ұқсас, попқа жақын, ырғағы да, сөзі де жеңіл музыка. Продюсер, рэпер Bahh Tee-дің айтуынша, кальян рэп дегеніміз – күнделікті тыңдалатын, сөзі оңай, белгілі бір үн мен вайбқа құрылған, шығармашылыққа таласы жоқ уақытша музыканың түрі. Бір сөзбен айтқанда, жеңіл-желпі музыка: сөзінде мән-мағына жоқ, қайталама мәтінге, клишеге құрылған, бар мен кальян мейрамханаларда билеуге арналған қарапайым әуен. Көбінде араб пен шығыс халықтарының әуен белгілері араласқан.

Кальян рэптің шығармашылығы қыры аз, оны шығаруға, құрастыруға көп уақыт кетпейді. Өйткені мұндай музыканың көбі көшірілген, биті мен ритмі бірдей, тіпті, мәтіні де ұқсас келеді. Оны музыкадан шамалы хабары бар адам үйде отырып-ақ жаза алады. Бірақ мұндай музыка той әндері сияқты өте табысты, монетизациялауға оңай. Өйткені жеңіл әуенді бәрі тыңдағысы келеді. Сондықтан музыкалық лейбл мен дистрибьюторлар "кальян рэптің" түр-түрін шығарып, үлкен өндіріске айналдырып жіберген.

Жалпы, өнерсүйер қауымның көбі кальян рэпті шығармашылықпен байланысы жоқ болғандықтан аса ұната бермейді.

Сонымен кальян рэптің өкілдері кімдер екен, соны қарастырып көрейік. Ресейдегі кальян рэптің өкілдері – кавказдықтар. Қазақстандағы кальян рэпті тудырғандарға The Limba мен M’Dee, тағы басқаларды жатқызуға болады.

MiyaGi & Эндшпиль (Andy Panda)

Кальян рэпті тудырғандардың басында – дәл осы қос әртіс тұр. Азамат Кудзаев пен Сослан Бурнацев есімді Осетиядан шыққан қос азамат 2016 жылы Hajime атты альбом шығарып танымал болды. Әсіресе, I Got Love сингі пен "Тамада" синглдері үлкен танымалдылық әкелді. Алғашқысына 2017 жылы Айсұлтан Сейітовтің режиссерлігімен клип түсірілді. Қазір бұл клиптің Youtube-тегі қаралымы 418 миллионға жеткен. ТМД-дағы ең танымал клиптердің көш басында тұр.

Дуэт өнер жолын кальян рэппен бастағанымен, одан бас тартып, стилін ауыстырып, шығармашылыққа бет бұруда. Рэгги рэп жанрында жазған әндері шетелдіктердің оң көзқарасын алған.

HammAli & Navai

Қазіргі кальян рэптің ең танымал әртістері. MiyaGi мен Эндшпиль тудырған "кальян рэп" толқынын жалғастырған Александр Алиев пен Наваи Бакиров болды. HammAli & Navai жобасы 2016 жылы маусымда пайда болды.

Екі жылдан кейін қос әртіс JANAVI атты дебюттік альбомын шығарды. Альбомдағы "Пустите меня на танцпол" әні хитке айналып, клип түсірілді. Қазір Youtube-тегі синглдің тыңдалымы – 111 миллион, клиптің қаралымы – 52 миллион. 

Jah Khalib

Бүкіл ТМД-ға танымал болған қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің кальян рэппен байланысы барын көбіміз білмейтін де болармыз. Бірақ танымал әртістің өзі де есімін кальян рэппен байланыстырғанын қаламайды. Сұхбаттарының бірінде әндерінің бар мен мейрамханаларда көп қосылатынын, содан оны кальян рэпер атанып кеткенін, бірақ өмірін шығармашылық пен музыкаға арнаған адам екенін айтқан.

Десе де, ТМД-ның үздік чартында жүрген "Лейла", "Медина" сынды трэктерін кальян рэп санатына қосытындар көп. 

Jony

Кальян рэптің арқасында танымал болған әртістердің бірі. Оның былтыр жазған "Комета" әнін естімен, тыңдамаған жан жоқ болар. Әндерінің сөзіне, мән-мағынасына қарап, Jony-ды кальян рэпер деп атауға келмес. Бірақ бұл аз.  Музыкасы жеңіл, айтуға оңай, ойнама бит пен босаң вайбқа құрылған.

Әртістің шын есімі – Джахид Гусейнли, Баку қаласында дүниеге келген, жасы 24-те. Өнер жолын жақында ғана бастаған әнші бір жылдың ішінде танымал музыкантқа айналды. Оның "Комета", "Аллея", "Ты меня пленила", "Лали" сынды әндері

Andro

Есімі – Андро Кузнецов. 2016 жылы Kruzheva Music компаниясымен келісімшартқа отырып, әндер жаза бастады. Былтыр әртіс "Инопланетянин" әнін шығарып, эстрадада атын шығарды. Moon Flame атты альбом шығарып, ТМД мен Ресейге гастроль бастады.

Аталмыш әртістерден басқа бұл топқа Gidayyat & Hovannii ("Собреро"), GAYAZOV$ BROTHER$ ("Кредо"),  VERBEE, Ганвест, Джаро & Ханзо, Ramil, MRID сынды әртістерді жатқызуға болады.

Қ. Слямбек