Лорканың фламенкосы: Тәңір тану жолындағы көне өнер

Фламенко 2010 жылдың 16 қарашасында
ЮНЕСКО  шешімімен Бүкіләлемдік
мәдени мұра тізіміне енді.

..Бұл баға жетпес мұра, халық оны канте хондо деп атаса атағандай, сол атауға лайық өнер. Яғни, терең, шексіз, тұңғиық. Оны ежелгі тайпалар заманы мен көне қабірлерден есіп өткен дауыл айдап келген. Ол алғашқы іңгә мен ең алғашқы сүйістен жеткен. Бұл саздан жанайқай жаңғырығы естіледі.

(Гарсиа Лорка cante jondo туралы)

 
"Фламенко – Тәңірмен тілдесу, фламенко – мінәжат"
(Хоакин Кортес, биші, ұлы өнер мұрагері) 

Мына шексіз әлемде оттегімен емес, құштарлықпен тыныстайтын мекен бар. Оның тұрғындарының үстіндегі аспан емес, тұңғиық, сол тұңғиықтан, осыларға ғана нұр шашқан күн өзіне сыйынғандардың жүрегіне от жаққан. Бұл мекеннің атауы  – Испания.

Испанияның шараналары – құштарлық пен жалғыздықтың жемісі, Дон-Кихот пен Лорканың, Гауди пен Пако де Лусианың, Альмодовар мен Карменнің жалғасы.

Осы ұлттың жан дүниесін теңдессіз туындыларына арқау еткен ұлы ақын Федерико Гарсиа Лорканың "Ағарып атқан ақ таңда біртұтас жүрек бол,
Жүрек.
Күн қызарып батқанда шексіз ән бол.
Бұлбұл бол",- дейтіні бар.

Испан халқының бар болмысы осы. Біртұтас жүрек, шексіз ән. Ал аталғанның бәрін өне бойына тоғыстырған бір құбылыс бар болса, ол – фламенко: би, ән, махаббат. Махаббат жайлы айтудың қажеті жоқ, махаббат жайлы билеу керек.

Француз жазушысы Жан Кокто "Қайта лаулау үшін өшетін от" деп атаған бұл өнер түрі Испанияға Үндістаннан Темірланның езгісіне шыдамай босып кеткен сығандар алып келген деседі. Андалузия тұрғындары босқындарды жылы қабылдап, уақыт өте бұл биге араб және христиан әуендері, испаниялықтардың құштарлығы мен қызуқандылығы қосақталып, нәтижесінде мәнері өзгерген, көркемдік тәсілдері көбейген, мазмұны ынтық сезім мен дүлей күшке ие би пайда болады.

Оны таратушы сығандар болған себепті де, фламенко Испания қоғамының ең төменгі табына тән кенже қалған өнер іспетті еді. Ал оның қазіргідей бүкіләлемдік мұра деңгейіне дейін жетуіне ықпал етіп, қамқорлығына алған испан ұлтының ұлы перзенті Федерико Гарсия Лорка болды.

1922 жылы ақын музыкант досы Мануэль де Фальямен бірлесе отырып, Concurso de Cante Jondo фламенко фестивалін ұйымдастырады. Мұндай шаралардан бөлек, Лорканың өлең жазу мәнері мен "Канте хондо туралы жыр", "Сыған романсеросы" сынды туындылары ақынның бұл өнерге терең бойлап, оның жалынына шын шарпылғанын көрсетеді. 

Аңыз адамның өмір жолын зерделеп отырсаңыз да, құдды фламенко сарынында өте шыққанға ұқсайды. Дүниеге келуі де. Фәниден өтуі де. Кеткеннен соң тағы 100 жыл лаулау үшін кенеттен найзағайша шарқ еткен кастаньетаның тарсылымен шыңырауға жұтылғанға ұқсайды.

Ең атақты байлаор

Байлаор, яғни, фламенко орындаушысының жас шамасы оның өмір қарқынын сезінуіне сай келеді. Біреулер жиырма жасында ақ өте пәс келеді. Ал, енді біреулер қырық жасында да жанып тұрады. Фламенконы жасы келген, тәжірибесі мол байлаор әсерлірек орындайды. Қырық, елу жасқа келген адамның бұл өмірде кешкен сезімдері мен қиындықтары көркемдік салмаққа ие болары анық. Ол жыл өткен сайын хас шеберге айналады.

Мыңдаған жылдық тарихы бар бұл өнер жолында танымал бишілер көп болса да, Хоакин Кортестің орындауы бір төбе. Әлем жұртшылығы "Фламенко құдайы" деп атап кеткен тума талант Кордованы тұрақ еткен сығандар отбасында дүниеге келген. Оның атақ-даңқын теріп, тізбектегеннен қойылымын бір көрудің өзі жетіп жатыр. 

Фламенконың біріне бірі ұқсамайтын өзіндік канондары мен көптеген бағыттары бар. Оның елуден астам стилистикалық және музыкалық реңі белгілі. Солардың ішінде ең танымал түрлері мынадай: 

• Аллегриас
• Фаррука 
• Гарротин 
• Буллерия
• Палос
• Фанданго
• Солеа
• Сегирийя
• Кантре фламенко
• Джипси-румба
• Фламенко-поп
• Фламенко-джаз
• Фламенко-рок

Қазір Испанияда бұл өнердің қайта жаңғыру кезеңі жүріп жатыр. Бар әлемге атағы шыққан жас әнші Розалия фламенконы заманауи жастарға бағыттап нео нұсқасын қалыптастырды. Көне ұлттық өнердің шын жанашыры әр туындысында оның ортағасырлық, яғни, бастапқы үлгісін заман талабына сай сарынға бағыттап, әдемі үйлесім табуға тырысады. 

OLE!

Фламенко орындаушысына дем беру үшін айтылатын бұл сөздің мәні "Тәңір тірі!" дегенге саяды. Әдетте шебердің өзі не көрермен дуэнденің жақындағанын сезгенде "Ole! Ole!" деп айқайлап жібереді. Дуэнде – фламенко перісі.

Бұл ұғым туралы Федерико Гарсиа Лорка былай дейді: "..Андалусияның Хаэн қыраттарынан Кадиске дейін аумағының бәрі дуэндені еске салады. Бұл түнектен ескен қара зар – кез келген парқына жете бермейтін құпия. Оны тануға жол сілтейтін еш белгі жоқ. Біздің дуэндені католиктердің жынымен шатастырмаңыз. Жоқ! Дуэнденің жақындауы  –  тәңіри құбылыс. Ол қайта дүниеге келгендей күйге түсу."