Музыканың балаға әсері

Музыканың балаға әсері
Фото: gyerekkel.com

Бұрынғының сәбиі бесікте құмары қанғанша тербеліп, құлақ құрышы қанғанша "Бесік жырын" тыңдап, ананың әлдиімен өскен. Одан жаман болған қазақ жоқ. Алайда қазір бесікте жатса да, ананың әлдиімен емес, әншінің әлдиімен тербелетін заман болды. Тамыры тереңде жатқан бесік жырының орнын басып, тілі шыққан сәбидің тіліне күрмеліп жүрген заманауи әннің әуселесі ойнауына ерік беріп жүргеніміз қателік пе, әлде, заман көшінен қалмайық деп, бір қадам алға басқанымыз жөн бе? Бесік жырымен ескінің көзі, бабаның сөзі болған қара әндеріміздің ғұмыры неге сөнді?

Қалың ел қазақтың бесігі бесік жырынсыз тербелмеген. Қазақтың қара жері – кімге болса да, самал желдің есуімен тербелетін, жанға жайлы, жұмсақ, әрі жылы бесік. Сондай-ақ, байырғы қазақтың алғашқы әні де бесік жыры болған десе-ді. Дүниеге келген сәбиді ана алақанымен емес, бесіктің белінде бесік жырымен әлдилеп тербеткен. Содан шыққан бала алқының қалауы, елінің елеуі" болады деп сенген. Абай айтқандай, бесік жырымен тербелмеген бала көкірегінде не сәулесі жоқ, һәм көңілінде сенімі жоқ бордай тозған балшықтай. Әлбетте, Хәкім айтқан қара сөздің жаны бар. Дегенмен, бүгінгінің балалары бесік жырын электронды форматта тыңдап, оған қоса хит әуендерді өзінің әлдиіне айналдырды. Әрине, әншіні ән үшін сөгуге болмайды.

Алайда баланың осы әндерге елітіп тербелгенін көргенде, жаңа туған сәбидің тіліне, ойының дамуына, психологиясына, ойлау қабілетіне теріс я оң әсерін тигізетіні белгісіз. Санасына ештеңені қабылдап үлгермеген бала тарсыл-гүрсіл әуенді тыңдап, миына ауыр соққы ала ма деген ой әрбірімізді мазалауы шарт. Бұл қатарда жылдам айтылатын әндер де бар. Жаңа туған сәби жылдам әуеннің ырғағына ілесе алмай психологиялық ауытқуға ұшырауы мүмкін. "Музыка – жүрек тілі, ол сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы", - деп А.Н.Серовтың айтқанын ескерсек, бала музыка арқылы өзінің жан қалауын табуы мүкін. Музыка арқылы тыныштық іздеуі де әбден мүмкін.

Бала психологиясына, тілінің шығуына әннің қалай әсер ететіні туралы психолог Амангельдинова Гүлжан пікір білдірді.

- Барлық ата-ана өз баласы үшін ең тиімді, әрі өте пайдалы тәрбие құралын қалыптастырғысы келеді. Себебі баланың туғанынан бастап айналасында болған оқиғалар, оның ой-өрісінде қамтылады. Тіпті олар музыкамен, ән-күймен, айналадағы дыбыстармен тікелей байланысты. Осы тұрғыда ата-ана да баласы үшін қандай әуен тиімді екенін білмей әбден әбігерге түседі. Дегенмен менің ата-аналарға айтқым келетіні, таңдау құқығы әрқашан сіздермен бірге. Яғни, балаңызға қандай әуен тыңдатсаңыз да өз еркіңіз. Себебі ата-ана баласы үшін қашанда ең қажеттіні таңдайды. Кейде осындай ойда жүргенде, баланың тәрбиесі өз жайына қалады. Бала үшін ең бірінші ата-ананың махаббаты, жылуы керек. Ал әуен, ән-күй дегендер екінші орында тұратын мәселе. Ана өз махаббатын, жылуын сәбиін қолына алып, мейлі Ерке Есмаханның әнін болсын, мейлі Жұбаныш Жексенұлының әнін болсын, немесе Қайрат Нұртастың әнін болсын айтып, алақанында әлдилесе, баланың жанына жылу ұялатады.

Психологтардың сөзінше, баланың денсаулығына, ой-өрісінің дамуына классикалық әуендердің тигізетін пайдасы орасан зор. Ол –  тікелей адамның қиялына бағытталатын, жан дүниесін терең шарлап шығатын әуезді ән. Ежелгі Грекияда классикалық әуенді ем ретінде қолданған. Жүйкесі тозып, өмірден баз кешкен адамдарды классикалық әуен арқылы емдеген.

– Негізі балаға қандай әуен болмасын айтарлықтай әсерін тигізе алмайды. Әрине, менің әріптестерім: классикалық әуендер баланың дамуына жақсы әсер етеді деп жатады. Бұл туралы шетел псхихологтары да зерттеу жұмыстарын жүргізген. Яғни, бір ауыздан дәлелденген тұжырым. Егер ата-ана баланың ой-өрісін дамытқысы келсе, өзі де рухани әуенмен демалғысы келсе, онда классикалық әуенді тыңдау өте тиімді. Тыныштықты сүйетін, өз үйінде гармония қалыптастырғысы келетіндер үшін классикалық жанрдың пайдасы айтарлықтай мол. Жаңа туған сәби үшін барлығын ата-ана таңдайды. Бала жан-жақты болуы керек. Ол тек спорт жағынан емес, музыкаға да қатысы бар. Баланың қызығушылығын арттыру үшін, әртүрлі жанрдағы әндерді тыңдап өсуі керек.

"Адамдарға қарапайым сыбызғыдан бастап, симфониялық үлкен оркестрдің дауысына шейін, екінің бірі айтатын жәй әннен бастап, бетховендік сонаталарға шейін – музыканың барлық түрі қажет", – деп Д.Д.Шостакович айтқандай, бала туғанынан бастап, құлаққа майдай жағатын әуезді әнді аңсайды. Ол ананың әлдиі мен бесік жырынан бастау алады. Бала үшін ананың көмейінен ытқып шыққан әуен қашан да ыстық.

 
А. Шопанова