#КвартирникTengri. Бүгін Insta-Live эфирінде Дастан Оразбеков

Alash Media Group медиахолдингі және Pantograph продюсерлік орталығы #КвартирникTengri онлайн-концерттер сериясын жалғастырады. Бүгін, 24 сәуір, сағат 20:00-де әнші Дастан Оразбековпен Insta-Live өтеді.

Әншінің айтуынша, карантин кезінде уақытын отбасымен өткізіп жатыр. Карантин ережесін бұзбай үшін Дастан Оразбеков баласымен бірге паркингте жаттығады екен.

"Қазір көп нәрседе көзіміз ашылып, қолжетімді болды. Карантиннің басым бөлігін ұлыммен жаттығу жасаумен өткізіп жатырмын. Спортпен шұғылданып, отбасымен уақыт өткізіп, терезенің арғы бетінде серуендеп жүргендерге: "Бұлай істеуге болмайды" деп айқайлаймыз", - деді ол. 

Бүгін жанды дауыста онлайн-концерт беретін Дастан Оразбеков өзінің репертуарынан, авторлық композициялар орындап, көрермендермен сыр шертеді.

"Досым айтқандай, карантин кезінде ештеңе оқымасаң, қаржы көзін таппасаң, бизнес-жоспар құрмасаң, спортпен шұғылданбасаң - нағыз жалқаудың өзісің", - деп атап өтті Дастан Оразбеков.

Әнші уақытты отбасыға көңіл бөлумен өткізуге кеңес берді:"Біз, әншілер, көп гастрольге шығамыз. Бір сәтте отбасы бақытын жіберіп алдық. Міне, енді, соның орнын толтыратын уақыт келді. Отбасыңызды жақсы көріп, жақындарыңызды қорғаңыздар".

Әрі актер, әрі әнші Дастан Оразбеков Жамбыл облысында өмірге келген. 1991 жылы "Әнші балапан" балалар конкурсында жеңімпаз атанған. 1998 жылы "Керемет" театрында актер болса, 1999 - 2003 жылдар аралығында "Бауыржан шоу" әзіл-сықақ театрында жұмыс істеді. Ал 2003 жылдан бері "Орда" тобыны мүшесі.

Айта кетейік, #КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күрес кезінде үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызына мән береді. Бұған дейін жоба аясында Urker тобы, Motor-Roller рок-тобының әншісі Ілияс Аутов, әнші Son Pascal, BluesMotel Indie-rock-тобы, Luina, Ayree, Argymak этнорок-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, әнші Алиса Вокс және "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов, Меруерт Түсіпбаева, Ұшқын Жамалбек өнер көрсетті.