#КвартирникTengri. Бүгін Insta-Live эфирінде Ұшқын Жамалбек

Alash Media Group медиахолдингі және Pantograph продюсерлік орталығы #КвартирникTengri онлайн-концерттер сериясын жалғастырады. Бүгін, 14 сәуір, сағат 20.00-де әнші, композитор Ұшқын Жамалбекпен Insta-Live өтеді. Әнші кейбір әнді домбырамен шырқайды.

Ұшқын Жамалбек карантин кезінде уақытын қалай өткізіп жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, жаңа әндеріне аранжировка жазып, әлемдік деңгейдегі концерттерді онлайн көріп жүр. 

"Карантин кезінде, әдеттегі күндерге қарағанда, айналысатын жұмыстар толып кетті. Негізгі жұмыс бабымен көруге уақыт таппай жүрген фильмдерімді көріп, оқуға мұрша жетпей жүрген кітаптарымды оқып жатырмын. Сонымен қатар, жаңа әндерімнің аранжировкаларын жасап, әлемдік концерттерді әлеуметтік желіден көріп жатырмын. Ең қызығы, үйдегі спорттық жаттығудың неше түрлі тәсілін үйреніп алдым. Жалпы айтқанда, уақыт жетіспей жүр", - дейді ол.

Сондай-ақ әнші карантиннің пайдалы тұстары барын атап өтті.

"Күйбең тіршілік кезінде бір сәт кідіріп, ойымды жинақтауға, шығармашылықты асығыссыз шыңдай түсуге мүмкіндік берді", - дейді жас композитор.

Осы орайда, әншіден #КвартирникTengri секілді жобалар туралы ойын сұрадық.

"Мұндай жоба — қазіргідей күрделі кезеңде тыңдарманмен байланысты үзбеу үшін тамаша мүмкіндік. Өнер адамдарына шығармашылығын бөлісуге, тыңдармандармен сырласып, сұрақтарына жауап беруге, көңілін көтеруге мүмкіндік жасалып отыр", - деді ол.

Ұшқын Жамалбек — әнші, композитор. Оның әндерін Төреғали Төреәлі, Мөлдір Әуелбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Әсет Есжан, Ochooou, "Алашұлы" тобы орындап жүр. "Бір сен үшін" фильмі, "Тар заман", "Кейкі мерген", "Тасөткел" тарихи картиналарына саундтректердің авторы, орындаушысы. Балаларға арналған "Ер Темір"," Мұзбалақ" мультфильмдеріне де саундтрек жазған.

#КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күрес кезінде үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызына мән береді. Бұған дейін жоба аясында Urker тобы, Motor-Roller рок-тобының әншісі Ілияс Аутов, әнші Son Pascal, BluesMotel Indie-rock-тобы, Luina, Ayree, Argymak этнорок-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, әнші Алиса Вокс және "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов өнер көрсетті.

Бүгін кешкі сағат 20.00-де Ұшқын Жамалбек Instagram желісінде тікелей эфирде үздік әндерін орындайды және оқырмандармен әңгіме-дүкен құрады. Біздің аккаунтымызға МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы жазылыңыз. Қапы қалмаңыз!